Форум • 25 Сәуір, 2023

Еуразияның мүмкіндігі талқыланған форум

334 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алматыдағы К.Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінде «Жаһандық сын қатерлер жағдайындағы Қазақстанның даму траекториялары» атты халықаралық форум өтті. Әлемнің бірнеше елінен келген ғалымдардың басын қосқан бұл форум академик Кенжеғали Сағадиевтың 85 жылдық мерейтойына арналды.

Еуразияның мүмкіндігі талқыланған форум

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек форум делегаттарына жолдаған құттықтауында: «Біз бұрын-соңды болмаған өзгерістер мен белгісіздік дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Жаһандық ландшафт қарқынды дамып келе жатқандықтан әлем елдері бәсекеге қабілетті болуға, тұрақты өсу­ді қамтамасыз ету үшін өзгерістерге тез бейімделуге, ғылымға негізделген инновациялар енгізуге басымдық бере бас­тады», деп атап өтті. «Дегенмен назар аударатын қауіптер де жоқ емес. Жоғары білім беру жүйесінің аймақтық және салалық контексте еңбек нарығының қазіргі қа­жеттіліктері көп ескеріле бермейді. Ал университеттердің инфрақұрылымына шамадан тыс жүктеме артылған. Сондай-ақ елдегі жас ғылыми кадрлардың шетелдерге көшуі, жоғары оқу орындарының түлектері мен ғылым докторлары санының азаюы байқалады. Алдағы екі күндегі қызу пікірталастарға қатысушылар академик К.Ә.Сағадиевтың мұрасын құрметпен еске алып қана қоймай, Қазақстан мен әлемдік қоғамдастықтың болашақ дамуы туралы жалғасып жатқан диалогке үлес қосатынына сенімдімін», деп атап өтті  министр. 

Халықаралық форумның «Жаһандану контексіндегі Үлкен Еуразия: Перспек­ти­валар мен қиындықтар» пленарлық сессиясына қатысқан экономист, профессор Жақсыбек Құлекеев үзілісте ЕАЭО дамуының қазіргі кезеңі, интегарциялық кедергілер туралы айтты.

Жаһандық экономиканың демі баяу­­лай бастады. Көптеген аймақтағы қар­­жылық жағдайдың қиындауы, Ре­сей­дің Украинаға басып кіруі және ұзаққа созылған COVID-19 пандемиясы жаһандық экономикалық болжамға айтарлықтай теріс әсер етті. Көптеген елде жалпы жалақының өсімі инфля­цияның екпініне ілесе алмай қалды.  Сондықтан кейбір сарапшылар баға мен жалақы бір-бірін нығайтып, тұрақты жалақы-баға спиралына айналуы мүмкін екенін ескертеді. ЕАЭО елдерінде Бе­ларусь экономикасы санкциялардың қысымына төтеп бере алмай қалды. Ал Армения экономикасы елдің экспортының артуы есебінен айтарлықтай өсім көрсетті. 2022 жылы алдын ала мәліметтер бойынша Арменияның жалпы экспорты 2021 жылмен салыстырғанда 1,8 есе өсіп, 5,36 миллиард долларды құрады. Ресейдің SWIFT-тен ажыратылуы елдер арасындағы өзара есеп айырысуды қиындатты, бірақ ұлттық валютадағы есеп айырысуды ұлғайтуға мүмкіндік берді. 

Профессордың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елі­міз­дің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ екенін ашып айтты. «Ресей мен Украинаның арасындағы жағдай біздің экономикамызға әсер ететін фактор ретінде қабылданып отыр. Екі ел де біздің сауда серіктестеріміз. Экономикамыздағы импорттың 45 па­йызы – Ресейдің үлесінде. 2023 жылдың ақпан айынан бастап Ресейден келетін импорт шектеліп қалды. Соңғы 1 жыл ішінде көрші елден келетін импорт 35 пайызға дейін төмендеп кетті. РФ компаниялары санкцияға ілініп қалғандықтан, олар жұмыстарын бұрынғы деңгейде жалғастыра алмайтындай дең­гейге түсті. Бізге қажет тауарларды бұрынғы бағамен алу мүмкін бол­май қалды.  Қалыптасып қалған логис­ти­ка­лық тізбекті бірер айда басқа бағытқа бұру мүмкін емес. Бұл мемлекетаралық келісімдер шеңберінде шешілетін және қомақты қаржыны қажет ететін мәселе. Мұның салдары әлі ұзаққа созылады. Дәл қазір экономикамызды дағдарыстың қыспағынан шығаруып алудың тетіктеріне бейімдеуіміз керек», деп атап өтті Ж.Құлеекев.

Спикер назар аударған екінші мәселе – экономикалық саясаттағы ендігі тренд бағыттар. «Инфляцияның қазіргі дең­ге­йі шекті шеңберден шығып кетті. Сарапшы оған бірнеше фактор себеп болып отырғанын ашып айтты. Біздің елде бюджет саласында қызметте жүрген аза­­­мат­тардың жалақысы жыл сайын 25 пайызға өсіп отырады. Бұл жалпы дұ­рыс болғанымен нарықтағы ақша мас­сасын көтеріп жіберуге жол ашты. Содан кейінгі фактор – банктердің экономиканы қаржыландыруды көтергені. Бұл жағдай инфляцияның көтерілуіне жол ашты. «Біздің елдің экономикасы үшін инфляцияның 10 пайызға дейін көтерілгені қауіпті емес. Ал содан кейінгі көрсеткіштер қауіпті деңгей деп  қабылданады. Былтырғы инфляция деңгейі 20,3 пайыздан асып кетті. Жыл басынан бері төмендеп келе жатыр. Біз импорталған инфляцияның қысымында тұрмыз. Халықтың тұтынатын тауарларының тең жартысы – импорт. Өткен жылы әлемнің дамыған елдерің өзінде инфляция жоғары болды. АҚШ-та 9 пайыз, ЕО елдерінде 10 пайыздан асып кетті. Мұндай деңгей бұл елдерде соңғы 40 жылда болмапты. Біздің сол елдерден жеткізіп отырған импорт инфляциялық қысым деңгейін көтеріп жіберді», деп атап өтті Ж. Құлекеев.  

«Орталық Азия дәлізінің геосаяси және геомаңызы» жайлы шолу баяндамасын жасаған Будапешт университеті ғылыми кеңесінің проректоры Ласло Васаның айтуынша, Украинадағы жағдай әлемдегі логистикалық тізбектің бағыт-бағдарын өзгертіп жіберген. Себебі Қытайдан Еуропаға баратын дәліз Ресей арқылы өтеді. Енді оның алдағы бірер жылда қалпына келуі екіталай. Қазір Орталық Азия елдері   Транскаспий халықаралық көлік жолын орталық дәліз ретінде қарастыра бастады. Географиялық тұрғыдан бұл Батыс Қытай мен Еуропа арасындағы ең қысқа жол. Сарапшы айтып өткендей, көлік дәліздері экономиканың мүмкіндігін әртараптандырады, бұл сайып келгенде сауданың бәсекеге қабілеттілігін арт­­ты­ру­ға көмектеседі.

Сарапшы айтып өткендей. Қазақ­станда көлік дәлізін, логистикалық тіз­бекті әртараптандыруға мүмкіндік көп. «Жаңа Еуразия құрлық көпірі – Қытайдың Цзянсу провинциясындағы Ляньюньган қаласынан Шыңжаңдағы Алашанькоу арқылы Голландиядағы Роттердамға дейін созылатын халықаралық теміржол желісі. Желінің Қытай бөлімі Ланчжоу-Ляньюньган теміржолы мен Ланчжоу-Шыңжаң темір жолынан тұрады және Қытайдың шығыс, орталық және батысы арқылы созылады. Қытай аумағынан шыққаннан кейін жаңа құрлық көпір Қазақстан, Ресей, Беларусь және Польша арқылы өтіп, Еуропаның бірқатар жағалау портына жетеді» деп сөзін түйіндеді Ласло Васа.

Келесі сарапшы, экономист Әзімхан Сатыбалдин инновациялық экономика өндірістік-технологиялық, ғылыми-техникалық және білім беру әлеуеті, білікті адам ресурстары, әсіресе инже­нер­лік-техникалық қызметкерлер, кәсіп­кер­лер мен ғалымдар қалыптасқан ел­дерде ғана белсенді дамитынын­ ай­тып өтті. Инфрақұрылымды дамыту, күшті аймақтық менеджмент, жергілікті билік тарапынан қолдау, бизнестің инновацияға дайындығы сияқты жағдайлардың болуы маңызды. ЕАЭО елдерінде ғылыми-техникалық әлеуетті дамытудың және инновациялық қызметті белсендірудің негізгі факторы – халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастық. Бұл үдеріс өсіп келе жатқан жаһандық сын-қатерлер мен дағдарыс құбылыстары жағдайында ЕАЭО барлық елдерінің ұлттық эко­но­микаларының инновациялық дамуы үшін өте маңызды. Мұндай ын­тымақтастық озық идеялар мен жобаларды жүзеге асыру үшін ғылыми, кадрлық, зияткерлік, қаржылық және материалдық ресурстарды біріктіруге, бесінші және алтыншы технологиялық режімдер негізінде өндірістің постиндустриалды техно­ло­гиялық режімін қалыптастыруды қам­тамасыз етуге қа­білетті.

Форум барысында сөз алған спикерлер форум нысанаға алған тақырыпқа әртүрлі қырынан келіп, оның өзегін бағдарға алуға тырысты.  

Профессор Н.Күшікова жаһандық қаржы дағдарысы, Батыс пен Ресей ара­сындағы текетірес, індет, ұлттық валютаның құлдырауы – осы мәсе­ле­лердің барлығы еліміздің экономикасы мен қаржы секторын үздіксіз жаң­ғырту мақсатында тереңдетілген ғы­лы­ми зерттеулерді қажет ететінін айт­са, сириялық ғалым Девани Мазин еліміздің дамуын Еуразия құрлы­ғындағы елдердің дамуымен бірге қарас­ты­ра­­ты­нын жеткізді. Инфляция интеграция­ланып, әлемдік нарық басы артық ақша массасынан арылуға ден қойды. Девани Мазинның айтуынша, алдағы уақыттағы әлемдік экономикалық саясат та ішкі-сыртқы нарықта сұраныс пен ұсыныстың үйлесімділігіне  ден қояды.

   

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Өңір және Жолдау жауапкершілігі

Аймақтар • Бүгін, 08:15