10 Шілде, 2014

Астана форумдарының әлемдік маңызы жоғары

384 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Әлемнің 147 елінен 10 мыңнан астам делегат қатысқан VII Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы II дүниежүзілік конференцияның табысты өтуіне орай Қазақстан Президентінің атына құттықтаулар келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Халықаралық консультативтік кеңестің мүшелері – Австрия Республикасының экс-федералды канцлері Альфред Гузенбауэр мен Еуропалық комиссияның экс-төрағасы және Италияның бұрынғы премьер-министрі Романо Проди өз хаттарында осыншама ауқымды іс-шараның өтуімен құттықтаған, сондай-ақ, форум барлық жерде құрметке ие болғанын, әлемдік көшбасшылар мен жетекші сарапшылар арасында барған сайын зор қызығушылық туғызып отырғанын атап өткен. «Қазақстан өз мойнына игі міндетті – әлемді экономикалық және әлеуметтік проблемалар тақырыбындағы, біздің ойымызша, қажетті әлеуетке ие және қазіргі кезде тиімді халықаралық және экономикалық тетікке айналған қызу пікірталастар өткізуге ар­нал­ған алаңмен қамтамасыз ету мін­детін алып отыр», – делінген хатта. Хорватия экс-президенті С.Ме­сич Астана форумының мейлінше өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талқылаудағы маңыз­ды рөлін атап көрсеткен. «Астана экономикалық фо­ру­мының маңыздылығы алда да арта түсетін болады, өйткені, ол тек экономикалық қана емес, әлеу­меттік-саяси мәселелерді де қозғайды. Форум және Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция БҰҰ көмектескен жағдайда әлемдік дағдарыс мәселелерін шешуге арналған алаңға айналуы мүмкін», – деп жазады С.Месич. Болгария Республикасының экс-президенті, Венадағы Жаһан­дық үнқатысу және ынтымақ­тастық орталығының президенті П.Стоянов Астана экономикалық форумын әлемдегі негізгі эконо­микалық оқиға санатына жатқы­зады, сондай-ақ, Қазақстан Прези­ден­­тінің G-Global жобасын ілгері­лету жөніндегі бас­тамаларын қол­дайды. «Мен жаһандық қаржы-эко­номикалық дағдарыс түйткілін шешу бағытында дағдарысқа қарсы жаңа шараларды әзірлеуге арналған демократиялық үнқа­тысудың жаңа түрін қалыптас­тыруға деген Сіздің орасан ұмты­лысыңызды жоғары бағалаймын», – деп жазады автор. Армения Республикасының экс-премьер-министрі Т.Саргсян да өз құттықтауын жолдаған, ол бұл форумның барлық өңірлік интеграциялық үдерістерді жаһан­дық ауқымда қарастыруға мүм­кіндік беретіні жөніндегі пікірін білдірген. «G-Global идеясына қатысты алсақ, менің ойымша, біз дәл осындай реформашыл жаңа идеялар қажет уақытта өмір сүріп отырмыз, өйткені, ескі құрылымдар, форматтар күтілген шешімдер мен ұсынымдарды алға шығарса, ал жаңа платформа қалыптастыру – өтіп жатқан үдерістерге деген тың көзқарас. Сірә, өңірде де, әлемде де алдымызда тұрған проблемаларды шешудің қалыптан тыс жолдарын табуға осы көмектесетін болар», – делінген хатта. Польша Республикасының экс-премьер-министрі, Қазақстан-Польша сауда палатасының  прези­денті К.Марцинкевич форумның мейлінше маңызды сипаты ретінде түрлі елдерден келген адамдар ара­сындағы үнқатысуды атайды. «Бұл жай дағдарысқа қарсы форум ғана емес, тарихи оқиға екенін атап айтқым келеді. Аста­на экономикалық форумы тек Қа­зақстан үшін емес, біздің баршамыз үшін де өте маңызды», – деп жазады автор. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және Бас хатшының Шы­ғыс Тимор бойынша арнаулы ке­ңесшісі Н.Хейзер бұл форум қазіргі әлем бетпе-бет келіп  отырған міндеттерді шешу үшін бүгінгі заман ойшылдарының басын қосқанын айтып өткен. «Сіздің басшылығыңызбен Еура­зия құрлығында жаһандық қатерлерді талқылайтын аса қажетті платформа қалыптасты», – делінген хатта. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Дамуы мейлінше төмен елдер, теңізге шығу мүмкіндігі жоқ даму­шы елдер және шағын аралдар мемле­кеттері жөнін­дегі жоғарғы өкіл Г.Ачария Қазақ­стан Президентінің Астана эконо­микалық форумын өткізу туралы идеясы дер кезінде жүзе­ге ас­қанына назар аударады. «Бұл форум ынтымақтастыққа сеп­тігін тигізетін сұхбат құру, жа­һан­дық экономикалық проблемаларды жақсы түсіну және талдау тұр­ғысынан маңызды мәнге ие», – делінген хатта. Жаһандық үнқатысу және ын­тымақтастық орталығының бас хатшысы С.Станчев бірлескен жұ­мысқа қатысты міндеттемелерді ма­құлдай отырып, Қазақстан Прези­дентіне Ор­та­лықты «Әлеу­мет­тік бизнес-сұх­батты жақсарту» аталымы бойынша марапаттау рәсіміне қатысқаны үшін алғысын айтады. Нобель сыйлығының лауреаты С.Тимашев АЭФ осы бағыттағы іс-шаралар үшін пішіні мен мазмұны тұрғысынан биік меже болғанын атап көрсетеді. «Астана форумы өзінің салыстырмалы түрде кейінгі жылдарда бастау алғанына қарамастан, қазірдің өзінде Қазақстан мен Достастық елдері ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ үшін де айшықты құбылыс болып, әлемдік үрдістердің мән-жайын тез ұғынуға болатын, болашақ серіктестермен танысатын, адамзат дамуының ықтимал жолдары туралы өз пікірін айтатын, әлемдік бизнес, инновация, ғылым және білім үшін тартушы магнитке айналды», – деп жазады автор. К.Вютрих, Ф.Кидланд, Р.Ау­ман, М.Юнус, Джордж Ф.Смут, Э.Маскин, К.Писсаридес және А.Вар­шель сияқты Нобель сыйлы­ғы­ның өзге де лауреаттары өз хаттарында форумға қатысу мүм­кіндігіне ие болғаны үшін алғыс­тарын білдіріп, іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, күн тәртібінің жан-жақты әрі маз­мұнды болғанын атап өткен. «Кеннеди Мерчант Партнерс» компаниясының негізін қалаушы М. Кеннеди АЭФ Давос және Брюссель форумы секілді әлемдік бизнес-шаралармен бәсекелесе алады деген пікір айтқан. Celluci Associates компа­ниясының төрағасы Т.Селлучи G-Global ақпа­раттық-коммуни­кативтік алаңын құру идеясы жаңа технологияларды қолдану арқылы өмірдің барлық саласындағы жаһандық мәселелерді еңсеруге септігін тигізе алатын батыл әрі дұрыс шешім екенін атап өткен. Құттықтаулары мен жылы ле­біз­дерін жолдағандардың қатарында, сондай-ақ, БҰҰ Бас Ассамблеясының 67-төрағасы В.Еремич, Халықаралық валюта қорының атқарушы директоры Д.Хеллер, Еуропа Қайта құру және даму банкінің Түркия, Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдері жөніндегі басқарушы директоры О.Декамп, Майкрософтың Ор­талық және Шығыс Еуропа елде­рін­дегі директоры, бас менеджер Т.Хирано, Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас директорының орынбасары Д.Шарк, Салық және инвестициялар халықаралық орталығының (АҚШ) президенті Д.Уитт, Халықаралық сау­да орталығының атқарушы директоры А.Гонсалес, Өнертапқыш әйелдер мен кәсіпкерлердің дүниежүзілік қауымдастығының президенті М.Хан, Xerox компаниясының вице-пре­зиденті Ч.Брукс және CBS News вице-президенті Ш.Херберт бар.