Экономика • 26 Сәуір, 2023

Жазда коммуналдық қызмет тарифтері өседі

314 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда шілде айынан бастап коммуналдық қызмет тарифтері өседі. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жазда коммуналдық қызмет тарифтері өседі

«Жазда тарифтерді 10-30 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Әр өңірде әртүрлі өсім болады», деді Әлібек Қуантыров Мәжіліс алаңында журналистердің сауалдарына жауап беріп.

Министр тарифтердің көтерілу себебін желілердің тозуы, мәселен, бүгінде жылу желілерінің 80-85 пайызының тозығы жеткенін, сондай-ақ осы саладағы жұмысшылардың жалақысын көтеру қажеттігін түсіндірді.

«Бізге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің жалақысын көтеру керек, бұл - бірнеше жүз мың адам. Өкінішке қарай, жалақының аздығынан адамдар бұл саладан кетіп жатыр», деп түсіндірді Әлібек Қуантыров.

Министр өңірлер бойынша тарифтердің айырмашылығын да түсіндіріп өтті.

«Мәселен, Екібастұзда монополист тарифті 108 пайызға көтеруді сұраған. Біз оған бара алмаймыз. Тиісінше, біз мұны бірнеше рет азайтып, талқылаймыз (тарифтердің көлемі). Өйткені тарифтер халыққа қолайлы болуы керек», дейді Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, тарифтерді қалыптастыру мәселелерін халықтың әлеуметтік әл-ауқатын ескере отырып, Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті қарайды.