Қазіргі уақытта таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде аяқкиім саудасымен айналысатын 2 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. 2023 жылдың наурыз айында 6 145 348 аяқкиім таңбалау кодына тапсырыс берілді. Ал 2023 жылғы сәуірдің 1-21-і аралығында тапсырыс берілген аяқкиім кодының саны 15 853 844 жетті. Бір айға жетер-жетпес уақыт ішінде аталған көрсеткіш 257 пайызға өскен. Бұл айналымның ашықтығын арттыруға бағытталған жүйеге бизнестің белсене атсалысып отырғанын көрсетеді.
Жүйеде жұмыс істейтін және тауарды таңбалау бойынша тікелей тәжірибесі бар кәсіпкерлердің айтуынша, цифрлық таңбалауды енгізу тұтынушы үшін аяқкиімнің түпкілікті құнына әсер етпеген.
«Міндетті таңбалау енгізілгеннен бері аяқкиім таңбалаумен айналысып, оларды бөлшек сауда дүкендерімізде сатамыз. Біз тек тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесі мен 1С жүйелерін интеграциялау модулін енгізу кезінде ғана шығындалдық. Тиісінше, сатылымдағы аяқкиімнің бағасын 1 теңгеге де көтермедік. Осылайша, таңбалаудың енгізілуі түпкілікті бағаға әсер еткен жоқ. Бірыңғай оператор бізбен үнемі байланыста және біз олардан таңбалау жүйесінің жұмысы бойынша егжей-тегжейлі жауаптар аламыз, өз ескертулеріміз бен ұсыныстарымызды айтамыз», дейді «Sman» және «Bayman» тауар белгілері бар «Bayman Group Qazaqstan» компаниялар тобының қойма және логистика жөніндегі директоры Олжас Сүгіров.
Бұған дейін Қазақстанға «Юничел» сауда белгісімен аяқкиім әкелетін «Каспий-обувь» ЖШС өкілдері де жүйедегі жұмыстардың қолжетімділігі туралы пікір білдірген болатын:
«Біз аяқкиім өнімдерін таңбалау енгізілгеннен бастап, яғни 2021 жылғы қарашадан бері тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде жұмыс істейміз. Таңбалау үдерісінің барлық кезеңін қарастырдық және процедураларға сәйкес бірқалыпты жұмысты жүйелеп алдық. Жұмысымыз Ресей Федерациясымен өзара танылған кодтардың функциясы арқылы да жетілдірілді: уақыт айтарлықтай қысқарды және аяқкиімді әкелу үдерістері жеңілдетілді. Өнімді таңбалау жүйесін оң бағалаймыз және аяқ киім нарығындағы бәсекелестік әлдеқайда әділ болады деп үміттенеміз. Біздің компания таңбалау үшін артық шығынға тап болған жоқ», деген еді «Каспий-обувь» ЖШС басшысы Лариса Ситарова.
Тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесінің басты мақсаты Қазақстандағы сауданы ашық ету екенін еске сала кетейік.
«Қазір тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінде аяқкиім саудасымен және өндірісімен айналысатын кәсіпкерлердің жоғары белсенділігі байқалады. Бұл адал бизнестің заңда белгіленген ережелерге сәйкес жұмыс істейтінін көрсетеді. Таңбалау және қадағалау жүйесінің міндеті – Қазақстандағы тауар айналымын ашық ету және аяқкиім өнеркәсібінде 50 пайызға жуықтайтын көлеңкелі экономика статистикасын азайту. Нарықтың ағаруы саналы кәсіпкерлердің дамуына және халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Бұған бизнес те жауапты», дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті Жеңіл өнеркәсіп басқармасының басшысы Айжан Әділова.
Аяқкиім өнімдерін цифрлық таңбалау және қадағалау 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап енгізілді. Осы кезеңнен бастап кәсіпкерлер бейімделу кезеңіне қатысты көптеген жеңілдік алды. Ал 2023 жылғы 1 сәуірден бастап аяқкиімді таңбалау және қадағалау ережелері толық күшіне енді. Заңнамада аяқкиімді таңбалау ережелерін бұзғаны үшін айыппұл қарастырылмаған.