Қоғам • 26 Сәуір, 2023

Дрон иелеріне арналған арна

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі авиация әкімшілігі дрон иелерімен өзара іс-қимылды нығайту үшін арнайы «Dronekazakhstan» telegram арнасын іске қосты.

Дрон иелеріне арналған арна

Енді «Dronekazakhstan» арнасы ұшқышсыз ұшу аппарат иелеріне еліміздегі әуе кеңістігін пайдалану бойынша кеңес беріп, тиісті заң мәселелеріне бай­ланысты жәрдем көрсетеді. Сондай-ақ салалық нормативтік актілердегі өзгерістер мен ұшу жөніндегі шектеулер туралы ха­бардар етіп отырады. Telegram-дағы арнаны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті еліміздегі авиация әкімшілігімен бірлесіп ашқан.

«Dronekazakhstan» ұшқышсыз ұшу аппаратын қолданып жүрген барлық азаматқа пайдалы болмақ. Өйткені мұнда қажетті мәліметтер мен түсініктемелер, сондай-ақ осы аппараттардың қолданылуын реттейтін нормативтік-құқықтық актілердегі өзгерістер туралы ақпарат жарияланады. Бұдан бөлек, еліміздің авиациялық билік орындары бұл арқылы дрон иелерін ұшуға тыйым салынған аймақтар бойынша үйлестіріп, өңірлерде өтетін ауқымды іс-шаралардың жоспарына байланысты уақытша шектеулерді құлағдар етеді. Ұшқышсыз ұшу аппаратын қолданатын азаматтар арнаға өздерін толғандырған сұрақтарды жолдап, құзырлы органдар тарапынан жауап алады.

«Біз аталған арнаны ұшқышсыз ұшу аппаратымен жұмыс істейтін жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау үшін құрып отыр­мыз. Өзекті мәселелерді ашық талқылауға дайынбыз. Мұнда барлық сұрақты қоюға болады. Оған Азаматтық авиация коми­теті мен еліміздегі авиация әкім­шілігінің қызметкерлері жауап беруге дайын», дейді арна авторлары.

Сондай-ақ жоба жетекшілері жаңа арнаның жұмысында қандай да бір кемшіліктер туындаған жағдайда оған түсіністікпен қа­рауға шақырды. Қазірдің өзінде аталған арнада ұшуға тыйым салынған аймақтардың тізімі, ұшқышсыз ұшу аппаратын еліміздің әуе кеңістігінде пайдалануды реттеп, есепке қою мен нормативтік құқықтық актілерге қатысты ережелер ор­на­лас­тырылған. Сонымен қа­тар мақ­сатты аудиторияға «Қазаэронавигация» сайтын пайдалана отырып, интернет пен v3.0 теле­фон байланысы арқылы ұшу жоспарларын ұсынудың тәртібі түсіндірілді.