
«Wenco» тау-кен көлігі кешенін басқарудың автоматтандырылған жүйесі сала кәсіпорындарына өнімділікті арттыру мақсатында шаралар қабылдауды, нақты уақыттағы жұмыс үрдістерін визуализациялауды қамтамасыз етеді. Степногор өңіріндегі Ақсу-2 кәсіпорнында енгізілген жаңа жүйенің артықшылықтарына жүйені пайдаланудың қарапайымдылығын, ашық кеніштегі қауіпсіздік және өндірістік көрсеткіштердің жақсаруын жатқызуға болады. Мұнда құрамында алтын кездесетін кен ашық әдіспен өндіріледі. Жылына 5 млн тонна кен өндіріліп, өңдеуден өтеді. «Алтыналмас» компаниясы қауіпсіздік пен өнімділікті арттыруға, пайдалану шығындарын азайтуға, ашық кеніш техникасының қызмет мерзімін ұзартуға мүмкіндік беретін шешімдерді енгізу үшін ашық тау-кен жұмыстарында жабдықты басқару жүйелерін жасақтайтын IT саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі «Wenco» компаниясымен ынтымақтастық орнатқан болатын.
«Wenco» тау-кен көлік жабдықтарының жұмысы туралы деректерді жинап, оны талдайды. Осы арқылы диспетчерлер кен сапасына қойылатын талаптарды ескере отырып, кен таситын техникалардың түсіру орындарына үлестіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бағдарламалық жасақтаманың икемді құрылымы базалық жүйеге әртүрлі опцияларды қосуға жол ашады. Оның қатарында экскаваторларға, тиегіштерге, бульдозерлерге және грейдерлерге арналған жоғары дәлдікті позициялау бар.
Автоматтандырылған жүйені Ақсу-2 өндірістік алаңында тәжірибелік пайдалану өткен жылдың қараша айында басталды. Қазір ол өндірістік пайдалануға қосылды. Диспетчерлеуді Wi-Fi байланысымен қамтамасыз ету үшін барлық өнеркәсіптік объектілерде (ашық кеніш, кен қоймасы және тағы басқалары) IT-инфрақұрылымы толық орнатылған. Тау-кен техникасы операторларын, геологтердің, маркшейдерлердің, IT-мамандардың, диспетчерлердің біліктілігін арттыру мақсатында қосымша оқыту жүргізілді. Тау-кен көлік жабдықтарына «Wenco» борттық компьютерлері орнатылды. Жүйе Ақсу-2-дегі 35 көлікке қойылған.
«Жүйенің басты ерекшеліктері – оны пайдаланудың қарапайымдылығы, үрдісті қадағалау мүмкіндігі, ашық кеніштегі қауіпсіздіктің артуы, әр техника бойынша жедел және жинақтау есептілігін жасау. Ақпаратты автоматты түрде жинау оның толықтығына, уақытына және дәлдігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар диспетчерлердің, жүйе үшін дерек жинау, енгізу және өңдеу сияқты күнделікті жұмысы айтарлықтай жеңілдейді. Осылайша, жалпы өнімділік артады, қызметкерлердің жұмысы жеңілдейді», дейді «Алтыналмас АК» АҚ автоматтандыру жөніндегі аға жобалық менеджері Дарын Мұңсызбаев.
Кен аудару аймақтарындағы жұмыстарды қадағалау мақсатында тиеу жабдықтары жоғары дәлдікті позициялау жүйесімен жабдықталған. Жедел бақылау үшін заманауи жабдықталған диспетчерлік орталық ұйымдастырылыпты.
«Wenco» бағдарламалық жасақтамасын одан әрі техникалық қолдауды, техникалық қызмет көрсетуді ақпараттық жүйелерді қолдау бөлімі қолға алады. «Алтыналмас» өнеркәсіптік нысандарын цифрландыру және автоматтандыру 2017 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан «Цифрлық кеніш» бағдарламасы шеңберінде жүргізіліп жатыр. Ол өндірістік тиімділікті арттыруға, өндірістік шығындарды төмендетуге, жаңа ақпараттық технологиялар мен құралдарды қолдана отырып, озық тәжірибелер мен инновациялық тәсілдерді қолдану арқылы персоналдың нәтижелілігін жақсартуға бағытталған. «Wenco» жүйесін басқа да өндіріс орындарына орнату жоспарланған.