Дала театры стилінде өткен тамаша кешке театр ұжымынан бөлек, құрметті қонақтар да қатысып, көзайым болды. Атап айтсақ, жазушы, драматург, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, мемлекет және қоғам қайраткерлері Дархан Мыңбай, Бақытжан Әбдірайым, Парламент мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан бастаған мәртебелі меймандар театр тойының төрінен табылды.
– Наурыз мерекесі тек той ғана емес, әр ұлттың өзінің танымына сәйкес құндылықтары, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы, мәдениеті мен өнері насихатталатын ұлық мейрам. Сондықтан да бүгінгі мерекенің ұрпақ сабақтастығына дәнекер боларлық тағылымы мол деп есептеймін. Сондай-ақ Қ.Қуанышбаев театрында бүгін қасиетті күн. Қазақ өнерінің үлкен тұлғасы, ең алғашқы қазақ театрының іргесін қалаған актерлердің бірі – Қалибек Қуанышбаевтың туғанына 130 жыл толып отыр. Бүгін дәл туған күні. Ауқымды шара осы атаулы күнмен орайластырылған екен. Мұның өзінде үлкен символикалық мән жатыр» деді салтанатты шара шымылдығын ашып берген Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.
Театр ішіндегі кең алаңға тігілген ақшаңқан киіз үйлерге ауыл-ауыл болып бөлінген ұжым қызметкерлері жан-жақты өнерімен сайысқа түсті. Әр бөлімнің қызметіне сәйкес ауылына «Заң-закон», «Ыстық-суық», «Алыс-беріс», «Асай-мүсей», «Іс-әрекет» деп ерекше ат берген ұжымды көрермен жаңа қырынан таныды. Бұл жолы сахнада тек кәсіби актерлер ғана ойнаған жоқ, театр ішіндегі өзге сала мамандары да бір сәтке өздерін актер ретінде сынап көрді. Олардың «Алтайдан ауған ел», «Үйлену», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сынды театр репертуарындағы қойылымдардан көрсеткен үзінділері де көпшілікті тәнті етті. Тамаша тойдан ерекше әсерленген ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан ақындық шабытына ерік беріп:
«Заң-закондарыңыз» дұрыс болсын,
«Ыстық-суықтарыңыз» басылмасын,
«Асай-мүсейлеріңіз» көп болсын,
«Алыс-беріс» мол болсын,
«Іс-әрекеті» дұрыс команда
бас жүлдені алсын! –
деп өлеңдете бата берді. Ал алаштанушы ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы алғашқы қазақ театрының ашылуына атсалысқан Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Сәдуақасұлы сынды Алаш арыстарының кітаптарын театр музейіне тарту етті.
Киіз үйлердегі меймандарға тартылған табақ-табақ ет, қазан-қазан көже, театр ауласындағы ұлттық ойындардан өткен жарыстар, жөн-жоралғысымен жасалған салт-дәстүр рәсімдері – бәрі-бәрі өнер өлкесіндегі Наурыз тойына ерекше мерекелік көңіл күй ғана емес, ұлттық рух та сыйлағаны сөзсіз.
Ресмиліктен ада, қазақтың кең дария пейілі көл-көсір төгіліп жатқан, сауығы мен салтанаты, әні мен сәні келіскен кеште бәрі еркін, ерекше жағдайда тойланды. Шабыттана бар өнерін ортаға салған актерлердің тамаша таланты кезінде Қоянды жәрмеңкесінде өнер көрсеткен дала дарындарының әлеміне біртабан жақындата түскендей ғаламат әсерге бөледі. Әз Наурызбен орайластыра тойланып жатқан Қалибек Қуанышбаевтай тұлға мерейтойының дәл осылай – дала театры стилінде аталып өтуінің астарында да үлкен символикалық мән жатса керек.
Себебі алғашқы қазақ театрын құрушы актерлердің өнері ең әуелі халықтың ортасынан, Қоянды сынды атақты жәрмеңкелерде өнер көрсетуден, яғни дала думанынан басталған. Тұлға тойын дәл сол атмосфераға жақындатуға тырысқан бүгінгі өнер думаны ұлы актерге көрсеткен ұрпақ алғысының жарқын көрінісіндей жадымызда жатталды.
Жалпы, қазақ театр өнері Қаллеки – Қалибек Қуанышбаевтай тума таланттарға шексіз қарыздар. Себебі Қалибек Қуанышбаев бастаған даланың дара дарындары бүгінгі кәсіби қазақ театрының негін қалаушылар ғана емес, соны дамытып, өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан қазақ өнерінің қара нарлары. Сөзіміге белгілі ғалым, алаштанушы, тұлға туралы келелі зерттеудің авторы Тұрсын Жұртбайдың: «Өткен ғасырда, жалпы қазақ тарихында ұлтымызды дүниежүзіне танытып қана қоймай, әлемді ресми түрде мойындатқан үш адам бар. Олар: ғылымда – Қаныш Сәтбаев, қаламгерлікте – Мұхтар Әуезов, өнерде – Қалибек Қуанышбаев. Осы үш адамның есіміндегі ұлы деген сөзді біз ғана емес, бүкіл Еуропа халқы мойынап қол қояды. Солардың ішінде дүниежүзілік масштабта ең алғаш мойындалғаны – Қаллеки, Қалибек Қуанышбаев» – деген сөзі дәлел бола алады.
Сахна өнерінде Қалибек Қуанышбаев шықан ең биік шың – Абай рөлі десек, М.Әуезовтің «Еңлік–Кебегіндегі» – Нысан Абыз, Ғ.Мүсіреповтің «Ақын трагедиясындағы» – Мылқау, Балуан бейнелері, Гогольдің «Ревизорындағы» – Городничий, У.Шекспирдің «Отелло», «Асауға тұсау» қойылымдарындағы – Брабанцио, Баптиста рөлдері өзінің шынайылығымен, жан-жақтылығымен, тереңдігімен көрермен көкейінде күні бүгінге дейін жатталып қалған. Қаллеки ойынын көзімен көрген қауым әлі аңыз ғып айтады. Әсіресе, Мәскеудегі көркем театрдың 50 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған театрлар байқауында Қазақстан атынан барған Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясының үздік деп танылғанына тарих куә. Ондағы Қаллеки баба нұсқалайтын Катаринаның әкесі Баптистаның рөлі Мәскеу театр мамандарын шынайылығымен тәнті етеді. Тіпті актерді орыстың ұлы сахна майталмандары В.Давыдов пен М.Тархановқа теңеген екен. Қалибек Қуанышбаев тек сахнада ойнап қана қойған жоқ, халқымыздың ауыз әдебиетін, ұлттық құндылықтарын жетік білуінің арқасында кезінде режиссерлердің кеңесшісіне, қазыналы қариясына айналды. Қазақ тарихына, салт-дәстүріне қатысты қандай да бір талас туа қалса сахнагерлер сөзсіз Қаллекидің кеңесіне жүгінетін көрінеді. Актердің бұл қасиеті жөнінде режиссер М.Гольдблат: «Ол халықтың эпосын, тұрмыс-салтын жақсы білді, көркемдік талғамы да күшті. Ол консультант-режиссер ретінде спектакльді даярлауға елеулі үлес қосты» деп жазады.
Ал қазақ ұлты үшін Қаллекиді ұлы еткен бейне – Абай рөлі. 1940 жылдың 20 қазанында Асқар Тоқпановтың режиссерлігімен қойылған «Абай» қойылымындағы бас кейіпкерді ойнаушы Қаллекидің рөл сараптаудағы кемелдігі көпті тәнті етіп, әлі күнге дейін көзкөргендер арасында жиі айтылады. «Қаллеки айтыпты» деген шаншар әзілдер мен ойлы афоризмдер де сахна саңлағының көзін көрген іні буын әріптестері аузынан аңыз болып төгіліп, көкірегіне құрмет болып құйылады. Қаллеки қартқа тиесілі әрбір жәдігер театр әлемін танығысы келетін әр өренге өмірлік өнеге, ғұмырлық тағылым екені сөзсіз. Ал режиссер Асқар Тоқпановтың Келлекидің Абайына берген: «Қалибектен кейін Абайды талай дарынды актерлеріміз орындап келді, бірақ Қалибек – Абай біреу-ақ! Ол – Хантәңірінің биік шоқысында оқшау тұрған бейне» деген бағасы – актер шығармашылығының шын деңгейін айғақтаса керек.
Міне, әйгілі актердің есімін иеленген театр ұжымы тұлға тойын осылайша, дүркіретіп атап өтіп, бабалар рухына құран бағыштап, тағзым жасады. Ал театр төрінде тұлға тойымен қатар тойланған Наурыз мерекесі ел есінде ұзақ уақыт сақталары сөзсіз.
Оқиғаға орайлас ой:
Роза МҰҚАНОВА, жазушы, драматург, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Театрдағы тамаша тойдың, тағылымды тойдың куәсі болдық. Ең әуелі елорда төрінде осындай үлкен қарашаңырақтың, жаңа ғимараттың пайда болуы – бұл халықтың рухын, театрға деген талғамын өсірді. Міне, бүгін сол әсем ғимаратта керемет Наурыз тойы, наурызбен бірге қазақ театрының абыз тұлғасы Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдық мерейтойы қатар тойланып жатыр. Қазақтың салт-дәстүрі, ұлық мейрамның ұрпақпен сабақтастығы ерекше әспеттелді. Театр ғимаратында торқалы той жасап, қазақтың аппақ қанатты ақшаңқан үйі тігіліп, актерлер керемет өнер көрсетті. Менің таңғалғаным – актерлердің интеллектісі, тереңдігі, білімі, ерекше ішкі мәдениеті. Бұл қазақ халқының өскендігін, үлкен мәдениетке қол жеткізгендігінің бір айғағы болды. Бүгін біз соны көрдік.
Дархан МЫҢБАЙ, мемлекет және қоғам қайраткері:
– Талай Наурызды көріп жүріміз ғой. Оның барлығы біржақты болып кетеді. Киіз үйдің ішінен шықпай қалады немесе сол киіз үйді айналып өтіп кетеді. Ал бүгінгідей интеллектуалды жарысты, іші мен сырты қатар келіскен рухани бай, мазмұны терең Наурыздың жөні бөлек. Шара өнер иелерінің шеберлігіне, біліміне сай жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Жарыс барысында қойылған сұрақтардың өзі тақырыпқа сай тамаша табылған. Тағы бір қуантқан жайт – актерлеріміздің білек күшінің жүректерімен сай келіп тұрғаны, қыздарымыздың кесте тоқып, көне дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуы. Мұның барлығы өнер ұжымының деңгейінен хабар берсе керек. Дәл осындай мазмұндағы Наурыз бізге қажет.
Қуандық ҚЫСТЫҚБАЙ, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Бүгінгі өткен іс-шара біздің ұжым үшін, әсіресе сахнаның сыртында жүрген, көзге көріне бермейтін, еңбектері зор әріптестеріміз үшін үлкен қуаныш болды және солардың арасынан біз тани алмай жүрген керемет таланттарды таптық. Мерекенің мен үшін ең керемет жаңалығы және ең бір ұтқан жеріміз осы болды ғой деп ойлаймын. Әрине, әртістер қауымы қашанда сахнада болсын, тыс болсын міндетті түрде елдің алдында жүреді ғой. Елдің сүйіспеншілігі де, марапат та соларға тиіп жатады. Ал бүгінгі мейрам ұжымды біріктірген, актерлік құраммен бірдей шығармашылық деңгейде тайталасқа түскен, өздерін жоғары деңгейде көрсеткен сахна сыртындағы әріптестеріміздің жұлдызды сәті болды десем, артық айтқандығым емес. Ұжымымыздың бірлігіне тәнті болдым. Бұл мереке ең әуелі біздің рухымызды біріктірді. Барша әріптестеріме, ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін.