Қоғам • 26 Сәуір, 2023

«Денсаулық» пойызына – сәт сапар!

311 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше ІІ Алматы стансасынан «Саламатты Қазақстан» пойызы жол­ға шықты. Еліміздің шалғай аудандарының тұрғын­дарына тегін меди­циналық кө­мек көрсетуді мақсат еткен меди­цина мамандары 6 жел­­тоқ­санға дейін 120-дан ас­там стан­саға аялдайды. Айта кетер­лігі, биыл қатарға дәрі­­гер­лермен қоса халыққа тегін кеңес беретін медиатор мен заң­герлер қосылды. Енді ел сау­лығына алаңдаған ақ желең­ділер жыл соңына дейін бас-аяғы 75 мыңға жуық ауыл тұрғынына медициналық көмек көрсетуге бекініп отыр.

«Денсаулық» пойызына – сәт сапар!

Бұл күні ІІ Алматы стансасына дәрі­герлер мен теміржолшылар, сала ардагерлері, өнер қайраткерлерімен қоса бір қауым ел жиылды.

Мұндай ірі жобаның үйлесімді іске асуына бірді-екілі емес, бірнеше мекеме, қорлар қолдау көрсетіп отыр. Тізбектесек, бұл қатарда «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер іс­тері және отбасылық-демографиялық ­саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, Денсаулық сақтау минис­трлігі, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қоры бар болса, «Jibek Joly» телеарнасы жобаның ақпараттық серіктесі атаныпты.

Білсеңіздер, шалғай стансаларға жақын елді мекен тұрғындарына көмек көрсететін «Денсаулық» пойызы – дәстүрге айналған жоба. Игі іске жыл сайын «Самұрық-Қазына» АҚ қолдау көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде, былтыр «Денсаулық» пойызы 150-ге жуық стансаға аялдап, 80 649 емдік-кеңес берген. Оның ішінде 21 867-сі кәмелетке толмаған бала екенін еске ­саламыз. Ашып айтсақ, білікті дәрі­герлер 5 097 адамға шағын ота жасап, 26 587 адамға стоматологиялық көмек көрсеткен. Жоба аясында ұзын-саны 389 388 науқас дәрігерлерге қаралған. Пойызда диагностикалық процедураға араласатын медициналық бригадалармен қоса, шағын амбулатория­лық оталар жасайтын 35 маман бар. Нақ­тырақ айтсақ, терапевт, хирург, жалпы тәжірибе дәрігері, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер, зертханашы, мейірбике, рентгенолог, сәулелік диагностика дәрігері, тіс дәрігері, отоларинголог, психолог, окулист, гинеколог және уролог бар. Медпойыздың бағытын нақтылағанда медициналық пункті жоқ шалғай стансалар басшылыққа алынған.

 Осы күні «Медициналық пойызға» ақ жол тілеуге келген «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қо­рының бас директоры Альфия Адиева жобаның мақсаты, медициналық пойыз­дың әлеуеті жайында айтып берген еді.

– Бүгін медициналық көмекке зәру шалғай ауылдардың халқы үшін өте маңызды күн. Өйткені біз алыс ауыл­дарда ауруханалар болмайтынын және тұрғындардың барлығы кез кел­ген уақытта аудан орталығына бара алмай­тынынан хабардармыз. Ал меди­ци­налық пойыздың көмегімен бала­лармен қоса ересектердің әп-сәтте бір­неше дәрігерден кеңес алуға мүм­кіндігі бар. Пойыз ең заманауи деген медициналық құрал-жабдықтармен қамтылып, тіпті шағын оталар жасау жағы қарастырылған.

Әлеуметтік жобалар қорының бас­ты мақсаты – «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы кәсіпорындары бар өңірлерге ерекше назар аудара отырып, халықтың әлеуметтік-эко­но­микалық әлеуетін жақсартуға араласу. Осы жылы біздегі 7 жобаның ішінде денсаулық сақтау бағытында 590 млн теңге қаралған «Медициналық пойыз» жобасына ерекше басымдық берілді, деді А.Адиева.

Сапар барысында медициналық по­йыз стансаларда бірер күн аялдай­ды. Дәрі­герлер тұрғындарды тек жұ­мыс уақытында қабылдайды. Айта ке­ту керек, әйелдер істері және отба­сы­­лық-демографиялық саясат жөнін­дегі ұлт­тық комиссияның бастамасы­мен алғаш рет пойыз құрамына азамат­тар­ға психологиялық, құқықтық әрі медиа­тивтік (татуластыру) көмек көрсететін кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер тартылған. Ол аз десе­ңіз, пойыздағы мамандар азаматтарға мем­лекеттік-әлеуметтік төлемдер бойын­ша, зейнетақы-жәрдемақы, әлеуметтік тө­лем және атаулы әлеуметтік көмек алу мә­селелері турасында тегін кеңес береді.

Ақпарат үшін айтар болсақ, «Sam­ruk-Kazyna Trust» қорының қайырым­ды­лық бюджеті былтыр 10 млрд тең­геге ­жеткен. Қамқоршылар кеңесі осы соммаға 43 әлеуметтік жобаны ма­­құлдаған. Нәтижесінде 500 мың аза­мат­қа, оның ішінде 55 мың ба­ла­ға және ауылда тұратын 95 мың отан­дасымызға қолдау көрсетіліпті.