Бұл күні ІІ Алматы стансасына дәрігерлер мен теміржолшылар, сала ардагерлері, өнер қайраткерлерімен қоса бір қауым ел жиылды.
Мұндай ірі жобаның үйлесімді іске асуына бірді-екілі емес, бірнеше мекеме, қорлар қолдау көрсетіп отыр. Тізбектесек, бұл қатарда «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, Денсаулық сақтау министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қоры бар болса, «Jibek Joly» телеарнасы жобаның ақпараттық серіктесі атаныпты.
Білсеңіздер, шалғай стансаларға жақын елді мекен тұрғындарына көмек көрсететін «Денсаулық» пойызы – дәстүрге айналған жоба. Игі іске жыл сайын «Самұрық-Қазына» АҚ қолдау көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде, былтыр «Денсаулық» пойызы 150-ге жуық стансаға аялдап, 80 649 емдік-кеңес берген. Оның ішінде 21 867-сі кәмелетке толмаған бала екенін еске саламыз. Ашып айтсақ, білікті дәрігерлер 5 097 адамға шағын ота жасап, 26 587 адамға стоматологиялық көмек көрсеткен. Жоба аясында ұзын-саны 389 388 науқас дәрігерлерге қаралған. Пойызда диагностикалық процедураға араласатын медициналық бригадалармен қоса, шағын амбулаториялық оталар жасайтын 35 маман бар. Нақтырақ айтсақ, терапевт, хирург, жалпы тәжірибе дәрігері, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер, зертханашы, мейірбике, рентгенолог, сәулелік диагностика дәрігері, тіс дәрігері, отоларинголог, психолог, окулист, гинеколог және уролог бар. Медпойыздың бағытын нақтылағанда медициналық пункті жоқ шалғай стансалар басшылыққа алынған.
Осы күні «Медициналық пойызға» ақ жол тілеуге келген «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева жобаның мақсаты, медициналық пойыздың әлеуеті жайында айтып берген еді.
– Бүгін медициналық көмекке зәру шалғай ауылдардың халқы үшін өте маңызды күн. Өйткені біз алыс ауылдарда ауруханалар болмайтынын және тұрғындардың барлығы кез келген уақытта аудан орталығына бара алмайтынынан хабардармыз. Ал медициналық пойыздың көмегімен балалармен қоса ересектердің әп-сәтте бірнеше дәрігерден кеңес алуға мүмкіндігі бар. Пойыз ең заманауи деген медициналық құрал-жабдықтармен қамтылып, тіпті шағын оталар жасау жағы қарастырылған.
Әлеуметтік жобалар қорының басты мақсаты – «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы кәсіпорындары бар өңірлерге ерекше назар аудара отырып, халықтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін жақсартуға араласу. Осы жылы біздегі 7 жобаның ішінде денсаулық сақтау бағытында 590 млн теңге қаралған «Медициналық пойыз» жобасына ерекше басымдық берілді, деді А.Адиева.
Сапар барысында медициналық пойыз стансаларда бірер күн аялдайды. Дәрігерлер тұрғындарды тек жұмыс уақытында қабылдайды. Айта кету керек, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен алғаш рет пойыз құрамына азаматтарға психологиялық, құқықтық әрі медиативтік (татуластыру) көмек көрсететін кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер тартылған. Ол аз десеңіз, пойыздағы мамандар азаматтарға мемлекеттік-әлеуметтік төлемдер бойынша, зейнетақы-жәрдемақы, әлеуметтік төлем және атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелері турасында тегін кеңес береді.
Ақпарат үшін айтар болсақ, «Samruk-Kazyna Trust» қорының қайырымдылық бюджеті былтыр 10 млрд теңгеге жеткен. Қамқоршылар кеңесі осы соммаға 43 әлеуметтік жобаны мақұлдаған. Нәтижесінде 500 мың азаматқа, оның ішінде 55 мың балаға және ауылда тұратын 95 мың отандасымызға қолдау көрсетіліпті.