Медицина • 26 Сәуір, 2023

Жеті айлық балаға операция жасалды

382 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Ана мен бала орталығында жеті айлық балаға бауыр трансплантациясы жасалды. Медицинада бауыр трансплантациясы күрделі операциялардың бірі саналады. Өкінішке қарай, бауыр ауруы асқынғанда оның трансплантациядан басқа тиімді дәруі табылмауы да мүмкін. Мұның бірден-бір айғағы ретінде жасқа жетпеген балаға жасалған күрделі операцияны айтуға болады.

Жеті айлық балаға операция жасалды

Сәбидің ата-анасы тілеп тапқан перзен­тіне «бауыр циррозы» диагнозы қойылғанда үрейленгенін жасырмады. Бірақ баласының ертең-ақ сауығып кететініне іштей сеніп, тілекші болды. Содан сәбидің диагнозы белгілі болған соң, дәрігерлер оны Ана мен бала орталығына ауыстырған. Сәбидің ата-анасы елде әлеуеті зор орталықтың барын естіген соң, шетелде қаралу туралы ой маза­ламағанын айтады. Сонымен операция қаң­тарда, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Бір жасқа дейінгі балалардың бауыр трансплантациясы» тақырыбында өткен менторлық шеберлік сабағы аясында сәтті жасалған. Яғни операцияға орталық дәрігерлерімен қатар жапондық дәрігерлердің де қосқан үлесі бар.

– Дәрігерлер емнің ең оңтайлы түрі трансплантация деген шешім қабылда­ды. Әрине, алғашында қорқыныш болды, баламнан айырылып қалмаймын ба деген ойлар да мазалаған. Операцияны қай дәрігерлер жасайды екен, қалай болар екен деген ойлар маза бермеді. Қорықтым. Дәрігерлердің тәжірибесіне, баламыз­дың аман қалатынына сенім білдірдік. Жо­л­дасымның донор болуға мүмкіндігі бол­ған соң, трансплантацияға бірден шешім қабылдадық. Операциядан кейін, арқа­мыздан жүк түскендей біраз жеңілдеп қал­дық. Орталықтың дәрігерлеріне алғыс айтамын. Барлығы – тәжірибесі толысқан, өзіне сенімді, білікті мамандар. Баламызға жақсы көңіл бөліп, үнемі ахуалын айтып, ескертіп отырды, дейді сәбидің анасы.

Баласын аман алып қалудың мүмкіндігі барын естіген әкесі ойланбастан донор болуға дайын екенін айтқан. Ол «бауыр еті баласының өмірі жайлы сұрақ туғанда кез келген әке қарап қалмасы анық» деді.

– Әлбетте, дәрігерлерден менің донор болуыма болатынын естігенде бір­ден келістім. Бойда мүлде қорқыныш, үрей болған жоқ. Ұлымның амандығын ойладым, соны тіледім. Дегенмен мұндай жағ­дайға алғаш рет душар болғандықтан аздап қобалжығанымыз рас. Дәрігерлерге алғыс айтамын. Ұлымызды аман алып қалуды ойлап, барынша көмектесті, барлық емшараны уақытымен жүргізді. Кейін операция да сәтті өтті, дейді әкесі Тілеубек.

Онсыз да күрделі операцияға бала­ның салмағы, жасы әжептәуір әсер ететіні белгілі. Бірақ осы жолғы операцияда сәбидің тыныс алуы қиындай бастаған соң, дәрігерлер барынша жедел іске кіріскен. Өйткені Ана мен бала орталығындағы дәрігерлер бауыр трансплантациясын 2015 жылы бастап, күні бүгінге тәжірибесін толықтырудан қол үзбеген. Есесіне, өз ісін жетік білетін мамандар 15 балаға бауыр ауыстыру операциясын жасаған. Дәрігер­лер орталықтағы он алтыншы бауыр транс­плантациясының да сәтті шыққанын, қазір бала мен әкесінің ахуалы тәуір екенін айтты.

– Қазір кішкентай қаһарманымыз – үйінде, жақындарының ортасында. Жағдайы жақсы, өмір сүруге барлық мүмкіндігі бар. Анасына операциядан кейінгі кезеңдегі күтім туралы түсіндірдік. Баланың бауыры жұмыс істеп тұр, өзі тыныс алады. Терапиядан асқынусыз өтеді. Донор болған баланың әкесі де ауруханадан шығарылды, дейді орталық дәрігері Зарип Мухамедов.

Негізі, жыл сайын ана мен бала орта­лығында орта есеппен 2-3 бауыр трансплантациясы және 20 бүйрек трансплантациясы жасалады екен. Оның басым көп­шілігі – туыстық донордан. Бірақ кейде туыстарының ағзасы белгілі бір себептермен балаға сәйкес келмейтін жағдайлар да кездеседі. Әрине, мұндайда балалар мәйіттік донор үшін күту парағында тұруға мәжбүр. Мысалы, қазірдің өзінде Ана мен бала орталығының күту парағында 18 бала бауыр трансплантациясына және 30 бала бүйрек трансплантациясына мұқтаж. Сәтін салса, ата-ананың арман-тілегі қабыл болып, балпанақтай балаларын тезірек бауырына басса деп тілейміз.