– Әне-міне бітедімен келе жатырмыз. Кезегімізді сарғайып, сағаттап күтеміз. Дәрігерге әзер жеткенімізде база істемей қалады. Сөйтіп жүйкеміз жұқаруда. Астанадан көшіп келгеніме 4 жылға жуықтады. Ол жақта мұндай қиындықты көрмеген едік. Тыныс жолы ауруымен есепте тұратын күйеуімнің дәрілерін ала алмаймын. Астанада бар дәрі ауылда жоқ деген жауап алдық. Алматыға жақын маңдағы ауылдардың күйі осы болса, шалғайдағы елді мекендердегі медицинаны елестету мүмкін емес шығар, деген Назгүл есімді төрт баланың анасы жөндеуден өтіп жатқан амбулаторияның цифрландырылып, электронды кезектің жолға қойылуын күтеді.
Дәрігерге кезегін күткен бесінші балаға жүкті Жария Ақжолтаева мекеменің қолайсыздығымен қоса, терапевт, гинекологтен басқа тұрғындарға аса қажет невропотолог, пульманолог, көз, тіс дәрігерлерінің жоқтығын, оларға қаралу үшін қаладағы ақылы емханаларға сабылатындарына ренішін білдірді.
– Айналайын-ау, мына жерде система алып біз жатамыз, анау бұрышты көлегейлеп қойып, әйелдерді тексеріп жатады. Көз алдымызда бала-шаға мен науқастарға укол салып, екпе жұмыстарын жасайды. Сырт киімнің үйіліп, аяқ киімнің тізіліп тұрысы анау. Ешқандай санитарлық норма сақталмаған. Емшара, таңу жұмыстары стерильді кабинетте жасалуы керек емес пе? Ауасы тар, адам айналмайтын аядай жерде бүкіл жұмыс атқарылады. Бұл не масқара? Орталықтан жету де оңай емес. Таяғымызды сүйретіп, үлкен жолдан өтеміз. Басында екі айға дегенді естіп едік, екінші жылға кетіп барады. Мұндағы медицина мамандарына еш өкпеміз жоқ. Олар осындай қиындыққа қарамастан өз істерін мүлтіксіз атқарып жүр. Бәрі тәжірибелі, мейірімді, қайырымды. Тек өзіміздің ғимаратқа тезірек көшірсе деген тілегіміз бар, деді 75 жастағы ем алушы ауыл тұрғыны Қызжібек Талғарбайқызы.
Тойхана ғимаратына 2021 жылдың қазан айында көшіп келген медициналық мекемеде 8 700 адам тіркеуде тұрса, оларға бес учаске бойынша 3 жалпы тәжірибелік дәрігер қызмет көрсетеді. Яғни екі дәрігер жетіспейтін көрінеді.
– Тұрғындар реніші орынды. Өйткені үлкен-кішіні, жүкті әйелдерді, қызуы мен қан қысымы көтерілген науқастарды да дәрігерлер осы залда қабылдайды. Ертеден кешке дейін абыр-сабыр боламыз. Арасында балалар жылайды. Кісі аяғы сәл саябырсыған сәтті пайдаланып, екі кварцты қосамыз. Дәрілерді сақтайтын орын да талапқа сай болмағандықтан аз-аздан амалдап, тасымалдауға мәжбүрміз. Десек те өз орнымызға көшетін уақыт таяп қалған сияқты. Сондықтан тұрғындарға шыдамдылық танытудан басқа амал жоқ, – деді аға мейірбике Айгүл Дәуренбекова.
Талдыбұлақ ауылдық амбулаториясында жедел жәрдем көлігі жоқ. Шақыртуларға дәрігерлер «Нива» автокөлігімен барады. Анализ, дәрі-дәрмек те сонымен тасымалданады. Ал науқастың жағдайы ауыр болса, оған аудандық ауруханадан жедел жәрдем мен дәрігерлер келіп, қызмет көрсетеді. Тойханадағы амбулаторияда орын тапшылығына байланысты әзірге 3 төсекте күндізгі стационардағы науқастар ем-домын алуда. Негізінде 5 төсек бекітілген.
Талдыбұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жағдайын білмекке «Талғар аудандық орталық ауруханасының» директоры Хасен Дәсібековке барған едік.
– Аудан бойынша 220 мың халыққа медициналық қызмет көрсетіліп жатыр. 2021 жылы 31 медициналық нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Қазіргі күні жөндеу жұмысын қажет ететін 3 нысан бар. Бұл – Нұра ауылдық ауруханасы, Белбұлақ және Талдыбұлақ дәрігерлік амбулаториялары. Талдыбұлақтағы нысанға құрылыс жұмыстарының 70-80 пайызы жасалып, біткен. Мердігер компанияның құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтамауы әрі құрылыс барысында жіберілген кемшіліктерге байланысты сот жүріп жатыр. Іс аяқталған соң, Нұра мен Талдыбұлақтағы нысандардың жұмысы толығымен аяқталады. Соттың қашан аяқталатынын мен де білмеймін. Ал Белбұлақ дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеу жасауға келе ме, жоқ па, ол мемлекеттік сараптамадан соң белгілі болады, деген ауданның бас дәрігері Хасен Әжібекұлы аталған үш нысанның да 2012-2013 жылдары берілгенін айтты.
Он жыл бұрын ғана пайдалануға берілген бұл нысандардың бүгінгі сапасы жоғарыда айтқанымыздай сын көтермейтін күйде. Соның бірі – Белбұлақтағы құлауға шақ тұрған медициналық мекеме. Сейсмоқауіпті нысанға кіруге тұрғындар наразылық білдірген соң, оны жауып, мамандар жанындағы ескі амбулаторияда жұмыс істеп жатыр. Орталықтан шалғайдағы Нұра ауылдық ауруханасының да 70 пайызы жасалып, толыққанды аяқталуын күтуде. Бас дәрігердің айтуынша, бұл нысандардың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталысымен өз қызметін жалғастырады.
Осы орайда айта кетерлік жайт, 2020 жылы Талғар аудандық орталық ауруханасы «А-Сlass-Medical» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сенімгерлік басқаруға өткен.
Алматы облысы