Қазақстан • 27 Сәуір, 2023

АЭС: Таза энергияны тұтыну

406 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде АЭС салу төңірегіндегі мәселе сонау тоқырауға ұшыраған тоқсаныншы жылдары басталған. Аталған жайт арагідік айтылып қалып жүрді де, соңғы үш-төрт жыл бедерінде белсенді талқылана бастады. Біз әлемде атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін қарастырып жатқан 27 елдің ішіндеміз. Еліміз алғашқы АЭС құрылысын жүргізу үшін Оңтүстік Корея, Жапония, Франция және Ресей мемлекеттерінің ұсыныстарын қарап, зерделеп жатыр.

АЭС: Таза энергияны тұтыну

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Бізде инвестицияны былай қойғанда, таза атом энергиясы жоқ болса, экономикамызды құлдыратып аламыз, аймақтағы көшбасшылығымыздан айырыламыз. Сондықтан бізге электр энергиясы, атомдық таза энергия қажет. Оның маңызын кәсіби тұрғыдан түсіндіру керек» деген болатын. Осы тапсырмаға орай, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қазақстандық  атом электр стансалары» ЖШС және Қазақ ұлттық аграрлық  зерттеу уни­вер­ситетінің ұйымдастыруымен белгілі экологтер, атом және  физика саласының мамандары, мемлекеттік органдар мен  қоғамдық табиғатты қорғау ұйымдарының өкілдері, су ресурстары мамандары, эко-бел­сен­ділер мен ғалымдардың қаты­суымен «Экология және атом энергетикасы» тақырыбында  дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараны Қазақ ұлттық аграр­лық зерттеу университетіндегі Стра­тегия, ғылым және халықаралық қаты­настар департаментінің директоры Серік Кененбаев ашты.

«АЭС салу барысында және оны пайдалануда экологиялық талап­тарды сақтау ең күрделі мәсе­ле. Бүгінгі таңда атом энергиясы тиім­ділігі тұрғысынан үздіксіз энер­г­ия өндірудің жалғыз ғана көзі. БҰҰ Еуропалық экономикалық комис­сиясының зерттеуіне сәйкес, өмір­лік цикл деңгейіндегі жел энер­гиясын қоса алғанда, АЭС – ге­не­рацияның барлық түрі арасын­да көміртек қалдығын ең аз мөлшерде қалдыратын энергияның бала­ма­сы саналады. Сондықтан жеті рет өлшеп, бір рет шешім қа­был­да­уы­мыз өзіміз үшін қажет», деді Серік Барменбекұлы.

«Қазақстандық атом электр стан­салары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин «АЭС құ­ры­лыс жобасы» тақырыбындағы атқарылып жатқан істер турасында баяндады. Ол сонымен қатар елдегі электр энергиясын тұтынудың ар­туына және декарбонизацияға көшуге байланысты жақын арада энергетикалық дағдарыс орын алатындығын, жаңартылатын энергия көздерін, жел және күн стансаларын дамытумен қатар атом энергетикасын жетілдіру  қажеттігін айтып өтті.

Инженер-энергетиктер ода­ғы­ның бас директоры Марат Тұрғанбекұлы  еліміздегі энер­гети­калық теңгерімнің дамуын, қыс мез­гілінде электр энергиясы тапшы­лығының артуын атап, атом электр стансасы бұл тапшылықтың орнын толтырар еді деген ойын білдірді.

Энергетика министрлігі «Яд­ро­лық физика институты» ШЖҚ РМК бас директорының  ядро­лық, радиациялық және экологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі,  физика-математика ғылымдарының кандидаты  Мұрат  Шәкенұлы  Алматыдан 25 шақырым қашық­тық­та орналасқан институт аймағында  жұмыс жасап жатқан реактор жайлы баяндап, реактор жұмыс істеген 55 жыл ішінде қалыптан тыс ауытқулар болмағандығын, жалпы зерттеу реакторының жұмыс істеу қағидаты VVR типті атом электр стансасымен бірдей екендігін, WWR-K реакторында ғылыми-зерттеулермен қатар қатерлі ісіктерді диагнос­ти­калау және емдеуге арналған ме­ди­циналық мақсаттағы изотоптар мен радиофармацевтикалық пре­па­раттар, өнеркәсіп үшін ион­дау­шы сәулелену көздері шыға­ры­ла­тындығын атап өтті.

Экология және  табиғи ресурстар  министрлігі  Су ресурс­тар комитетінің  Су ресурстарын пай­далануды реттеу және қор­ғау жөніндегі Балқаш – Алакөл  бас­сейндік инспекциясының басшысы Раушан Иманбет «Балқаш көлі «Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектілерінің тiзбесiн және ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерiндегi шаруашылық қыз­меттi реттеу құқықтық режімi­нiң ерекшелiктерін бекiту туралы» Үкіметтің 2004 жылы 21 қаң­тар­дағы №59 қаулысына сәйкес, Балқаш көлінің бассейніне ең маңызды Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз және Бақанас өзендерімен қатар негізгі артериясы  болып табылатын Іле өзеніне тоқталды. Іле өзенінің бассейні су жинау алабының шамамен 70%-ын және көлдің жалпы жерүсті ағынының 80%-ын құрайтындығын, оның негізгі ағын құраушы бөлігі ҚХР аумағында орналасқан. Аталған өзеннің орта және төменгі ағысында су жинағыш жеткілікті дамыған гидрографиялық көрсеткіш бар. Шарын, Шелек және Хоргостың оң жағалау бөлігінде Өсек, Борохудзир сияқты ірі салалардың болуына қа­ра­мастан, Іле өзенінің ағысы шамалы ғана ұлғаяды.

Жалпы, Іле трансшекаралық өзенге жатады. Қазіргі уақытта ел Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасын­дағы  трансшекаралық өзендерді бөлу туралы келісім бойынша арна­йы жұмыс топтары жұмыс істейді. Оның ішінде қаралатын мәсе­лелердің бірі – Іле өзенінде су бөлу. Келіссөздердің негізгі мақ­саты – су объектілерінің эко­жүйесін сақтауда суармалы егін­шілік­тегі шығындарды азайтуды, су үнемдеу технологияларын енгізу, каналдардағы суды есепке алуды цифрландыру, ылғалды аз қажет ететін дақыл түріне көшу жайы. Сонымен қатар су заң­на­­масында ерекше мемлекеттiк ма­­ңызы бар су объектiлерi ай­ма­­ғын қорғау мақсатында Су­ ко­дек­сінің 129-бабында  санитарлық-эпиде­миологиялық және экологиялық жағдайды сақ­тау мен жақсартуға бағытталған қызмет түрлерiнiң ба­сымдылығын, су объектiлерiнiң экологиялық жүйесiне шаруашылық қызмет­тер­дің әсерiн ұдайы азайту қарас­ты­рыл­ғандығын, жалпы атом энергетикасын Балқаш көлі жағасына орналастыру мәселесіне байланыс­ты, Іле трансшекаралық өзенге жатқандықтан  бірінші су бөлісу  жағдайын жан-жақты қарас­тыру керек деген ойын жеткізді.

Азаматтық қоғамдастықты да­мы­ту қауымдастығы өңірлік  бағ­дар­ламасының директоры, эколог Қайша Атаханова, «Әлеуметтік-экологиялық қор» қоғамдық қоры­ның өкілі Құралай Қарақұлова және «ЭКО ФОРУМ»ҮЕҰ сарапшысы Гүлсім Кәкімжановалар атом энергетикасын дамыту үшін алдымен экологиялық зерттеулерді толығымен жүргізіп, кездесетін тәуе­келдердің алдын алу жолдарын нақтылау қажет деген пікірлерін білдірді.

Дүниежүзілік ядролық қауым­дас­тықтың мәліметінше, арзан әрі газбен жұмыс істейтін 1000 МВт қуатқа ие электр стансасы атмосфераға жылына 13 мың тонна түтін, көмірмен жұмыс істейтін электр стансалары 165 тонна зиянды түтін шығарып, оған қоса 1000 МВт қуатқа ие ЖЭС жылына 8 мил­­лион тонна оттегі жұтады. Ал АЭС оттегіні қажет етпейді және айтар­лық­тай  зиянды түтін шығар­май­ды.

Қалай десек те, бүгінгі күні атом энергетикасы болжамды баға тұрғысынан үздіксіз өндіру­дің жал­ғыз көзі болып тұр. БҰҰ Еу­ро­­­палық  экономикалық комис­сиясының зерттеуі бойынша өмірлік цикл деңгейінде жел энергиясын қоса алғанда, АЭС генерациясы барлық түрінің ішіндегі көмір­тек қалдығын ең аз мөлшерде шы­ға­ратын энергияның баламасы саналады. Атом технологиялары күн, жел, гидроэнергетика мен басқа да  төмен көмірсутекті ше­шім­­дермен бірге болашақ энергия балан­сы­ның  ғаламдық негізін құруға тиіс. Еуроодақ 2050 жылға қарай экономиканы көміртектен  арылту ке­рек­тігін, ал кейбір елдер 2030-2040 жылдарға дейін осы мақсатқа жетуге дайын екендіктерін  мәлімдеген.

Атом энергетикасы көптеген дамыған елдің энергия жүйелерінің негізі, ал ЖЭК ең жоғары жүктеме кезінде қажет. Атом энергетикасы объектілері  үлкен аумақты қажет етпейді. Мәселен, атом энергетикасынан таза энергия  өндіру үшін жел энергиясына қарағанда, әлдеқайда аз жер көлемі керек.

«Экология және атом энергетикасы» дөңгелек үстеліне қатысушылар әлі де болса елімізде АЭС құрылысы туралы шешімді қабылдау жан-жақты талқылауды қажет ететінін ай­тады. Алайда барлық қауіпті ескере отырып, негізгі бес басымдыққа тоқталады. Олар – білікті маман дайындау, жоғары оқу орындарында білім бағдарламаларын кеңейту, мамандардың өз ұлтымыздың өкілі болуын қадағалау, қоршаған ортаның қауіпсіздігін қатаң қамтамасыз ету мәселелерін айқындау және еліміз­дің  әлеуметтік-экономикалық жағ­дайының жақсартуына бірден қол жеткізу.