Баға • 27 Сәуір, 2023

ЖЭО: Тариф неге қымбаттайды?

344 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Өткен аптада Алматыда ЖЭО-2 алаңында Болат Жәмішевтің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Басқосу алдында қоғамдық кеңес мүшелері, журналистер ЖЭО-2-нің негізгі алаңдарын аралап, күні бүгінге дейін тек жиындарда айтылып келген біраз жайтты көзбен көрді. Жер бетінен бірнеше метр тереңдікте жатқан бу қазандықтарының жұмысымен танысып, мамандармен кездесті.

ЖЭО: Тариф неге қымбаттайды?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Жұмыс істеу қабілеті сарқылған ЖЭО-лар

Осы жиынға қатысқан «Са­мұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қоғамдық кеңе­сінің төрағасы Болат Жәмішев мұн­дай кездесулердің ресми жиынға айналғанын қаламай­ты­нын, тә­уел­сіз сарапшылардың пікірі ор­та­ға салынғанын, журналистер де осы тақырыпқа барынша ден қойып, көтерілген барлық мәсе­ле­нің қоғамға жетуіне атса­лыс­қанын қалайтынын айтты.

«Самұрық-Энерго» басшысы Серік Түйтебаев осы жиында Қазақ­станда электр орталық­та­рының жұмыс істеу қабілеті сар­қыл­­ғанын мәлімдеді. Еске сала кетсек, Алматы көмір ЖЭО-2 1980 жылы пайдалануға берілді. Жылу қуаты – 1411 Гкал/сағ, электр қуаты – 510 МВт, тозу дең­­гейі – 72,4 пайыз.

Оның айтуынша, елімізде 2029 жылға қарай 3 ГВт-тан астам электр қуатының тапшылығы туын­дауы мүмкін. Өйткені елде электр қуатына деген сұраныс күн­нен-күнге артып келеді. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 9,4 пайызға өскен. «Самұрық-Энерго» басшысы Серік Түйте­баев­­тың айтуынша, саланың тағы бір мәселесі – жоғары дең­гейлі мамандардың басқа сала­лар­ға кетіп жатқаны. Жоғары білікті дәнекерлеуші, сле­сарь­лар­дың жоқтығынан Екібас­тұз­да жөндеу жұмыстарын аяқ­тау үшін еліміздің түкпір-түкпі­рі­нен шұғыл түрде мамандар ша­қыр­тыл­ған.

2015-2018 жылдары тарифтер бір деңгейде тіркелген кезде «үнсіз тариф» режімі қолда­ныл­ған болатын. 2019 жылдан бастап қуат нарығының енгізілуіне орай стан­салардың орташа тарифі төмен­деді. Тариф деңгейінің өсу қарқыны инфляцияға қарағанда едәуір төмен. Энергетика ми­нистр­­лігі қуаттың шекті тариф дең­ге­йін 2015 жылғы инвес­ти­циялар көлеміне қарай айы­на 1 МВт-қа 590 мың теңге мөл­ше­рін­де белгілеген болатын.

Электр энергиясы тариф­те­рі­нің төмендігі электр энергетикасы саласы бойынша қуат көздерін жаңартуға, кеңейту мен жаңа қуат нысандарын салуға, жоғары кәсіби кадрларды тартуға қажетті ресурстардың жетіспеушілігін көрсетеді. Энергетикалық нысандарды қаржыландырудың жет­кіліксіздігі, сайып келгенде, са­ланың құлдырауына және эко­н­­омиканың электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз ете алмауына әкелмек. Бу қазан­дықтары мен құбырларға ар­налған құбырдың құны екі жыл ішінде 236 пайызға өсіпті. Та­риф­тердің тежелуіне байланыс­ты республиканың энергия өн­ді­руші ұйымдарында кассалық алшақтықтар мен жеткізушілер алдындағы берешек пайда болады. «Богатырь Көмір» ЖШС алдындағы берешегінің жалпы сомасы шамамен 6,4 млрд теңгені құрайды.

«Егер біз мәселені тарифтермен шешпесек, бұл саланың электр энергиясына қажеттілікті қамтамасыз ете алмауына әкеп соғады. Бұл қалған салаларға, тұтастай алғанда елдің экономикасына және Қазақстанның әрбір азаматының әл-ауқатына теріс әсер етеді», дейді С.Түйтебаев.

С.Түйтебаев айтып өткендей, электр қуатына деген қажеттілік мәселелерін Алматы ЖЭО-ны жаңғырту және реконструкциялау, Екібастұз энергия торабында жаңа энергия блоктарын іске қосу және жиынтық қуаты 4,1 ГВт жаңа көмір электр стансасын салу сынды ауқымды энер­ге­тикалық жобаларды іске асыру арқылы ғана шешуге болады.

Компания басшысының ай­туын­­ша, электр энергиясына тө­мен тарифтердің қойылуы сал­да­рынан, электр энергетикасы саласы жаңа қуаттарды жаңарту, ке­­ңейту, салу және жоғары кә­сі­би кадрларды ұстап тұру үшін қа­жетті қаржы ресурстарын ала алмайды.

 

Жаңа станса жарылқай ма?

Алматыдағы газ­бен жанатын жаңа ЖЭО-2-нің құрылысы биыл жазда бас­та­лады. Осы жылдың екінш­і тоқ­санында Алматы ЖЭО-2 алаңын­да жабдықтарды жет­кі­зу, жаңа газ стансасын жобалау және салу бойынша мер­ді­гер ай­қын­дал­мақ. Ашық ха­лық­ара­лық тен­дердің бірінші кезеңі барысында 6 өтінім келіп түскен. Оның ішінде екінші, қорытынды кезеңге 2 өтінім (компания) өтті. Мердігерді таңдау бойынша халықаралық, екі кезеңдік конкурс Еуропа қайта құру және даму банкінің ережелеріне сәй­кес өткізіледі. EPC-мердігерді таң­даудың техникалық сипаттамасы мен EPC-келісімшарт жобасы FIDIC (Халықаралық инженер-консультанттар федерациясы) «сары кітабы» бойынша әзірленді. Серік Түйтебаевтың айтуынша, тендердің жеңімпазы осы жылдың екінші тоқсанында анықталады. Құрылыс-монтаж­дау жұмыстарының басталуы 2023 жылдың тамызында басталады деп отыр.

2023 жылдың екінші тоқса­нын­да Алматы ЖЭО-2 ала­ңында жаңа жанармай құю стан­сасын жобалау және салу, жаб­дық­­тарды жеткізу бойынша мер­дігер таңдалады. «АлЭС» АҚ ин­вес­ти­циялық жобалар жө­нін­дегі басқарушы директоры Дәурен Сағидолланың айтуынша, EPC мердігерін таңдау бойынша екі кезеңді халықаралық ашық тендер жарияланды. Бұл ірі компания немесе компаниялар консорциумы бірнеше жыл бойына жобалау, жабдыққа тапсырыс беру, осы жабдықты жеткізу, салу, орнату, пайдалануға беру және қыз­мет көрсетуді қамтамасыз етеді.

Оның айтуынша, бүгін өті­нім­­нің бірінші кезеңі қаралып, алты ірі консорциумның ішінен барлық біліктілік талаптарына сай екі компания екінші ке­зеңге жіберілген. Дәурен Сағидолла бірінші кезең 2024 жыл­дың желтоқсанына дейін пайда­ла­нуға берілетінін атап өтті. Ол қуаттылығы 200 мегаватты құ­рай­тын циклді стансаның құ­ры­лысын қамтиды. Мамыр айы­ның соңында тендердің қоры­тын­дысы шығарылып, 2023 жыл­дың 1 маусымына дейін EPC келісім­шартына қол қойылады (Инжи­ни­ринг, сатып алу, құрылыс).

«Инфрақұрылымдық мәсе­ле­­лер шешілді. Сумен, газ­бен қам­та­масыз ету мәселе­лері пы­сық­талды. Енді келісім­шарт­тар­ға қол қойылғаннан кейін жедел штаб жұмысын бастайды. Құрылыс алаңында барлық жұмыс кестеге сай жүргізілуде», деді АлЭС өкілі.

Жаңа станса іске қосылған­нан кейін 2026 жылы атмос­фе­раға зиянды заттардың шыға­рын­дыларының жалпы көлемін 2022 жылмен салыстырғанда 80 пайызға азайтуға болады және алдын ала болжам бойын­ша, шамамен 2 700 тоннаны құрайды. Алматы ЖЭО-2 жобасы аяқталғаннан кейін, ең жақсы қол­жетімді технологиялар­ды ен­гізген нысанға келетін болсақ, шы­ға­рындылар үшін төлем мөл­шер­лемесі 0 теңгеге тең болмақ.

Ә.Жақұтов атындағы ЖЭО-2 Алматы жылу-электр орталы­ғы­ның директоры Фазаил Сәлімов журналистермен кездес­кен кезде нысанды қайта жаң­ғыр­ту және оны газға көшіру нәти­же­сінде атмосфераға зиянды шыға­рын­ды­ларды азайту жоспары туралы айтты.

«Біз стансаның құрылысын бас­таған жоқпыз, бірақ шығарын­ды­ларды оңтайландыру шараларын қабылдап жатқандықтан, қазірдің өзінде белгілі бір төмен­деу байқалады. Негізгі төмендеу азот оксиді мен күкірт оксиді шығарындыларында болады. «Сон­­дықтан алматылықтар ауа та­­за­­­ланғанша күтуі керек. Энер­ге­­ти­калық блоктарды енгізу ке­зең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бір аралас циклді қондырғы мен екі аралас бу-газ турбиналы қон­дыр­ғыларын салу жоспарлануда», деді Ф.Сәлімов.

 

Түйін тарифпен тарқатылса, қанекей...

Басқосудың қызуын көтеріп жі­беретін тақырыптардың біре­ге­йі – тариф мәселесі. Осы­ған дейінгі жиындарда жаңа тариф деңгейі туралы кесімді пі­кір­ге келмегені айтылатын. Осы жиынға қатысқан Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қазіргі жағдайда электр энергиясы та­рифінің көте­ріл­уі елдегі тұрақ­сыз­дық пен әлеу­­меттік жары­лыс­қа әкелуі мүм­кін екенін айтты.

«Самұрық-Энерго» – жеке емес, квазимемлекеттік ұйым. Тариф­тер­ді көтеруді мұқият ойластырып, басқа да ықтимал баламаларды қарастыру қажет. Ал егер тарифтер көтерілетін болса, онда жаңа тарифтерден түсетін ақ­ша­ның жұмсалуын бақылау мен ашықтық жүйесін ойлап табу керек», деді депутат.

Белгілі қазақстандық саясаттанушы Петр Своик те тариф­тік емес инвестицияға көшу қа­жет­тігін, мұны Үкімет пен Пар­ла­мент деңгейіне жеткізу керек­тігін қадап айтты. Қазіргі жағ­дай тарифтерді адам төзгісіз дең­­гейге көтеруді міндеттеп тұр. Бұл мәселені бүгін шешкен дұ­рыс. Сарапшының есептеуі бо­йынша жобаны жүзеге асыру үшін АлЭС өндіретін электр қуа­ты­ның бағасын 10 есеге дейін қым­баттатуға мәжбүр болады.

«Жобаның бастапқы құны 300 млрд теңгеден басталады. Ескі ЖЭО-2-де электр қуатын өндіру 3-ке бөлгенде 100 млрд теңге. Біз мұндай жағдайда кВт/сағ үшін 100 теңге төлейміз. Енді бізге қазандықтарды газға ауыс­тыру мүмкіндігі және бұл үшін қандай шарттар қажет екенін анықтап алуымыз керек», деді Своик.

Айтуынша, басты түйткіл – желілердің тозып, мамандардың тапшы болып тұрғандығы. Әр тараптың өз шындығы және жеке мүддесі бар. Заңнама бойынша тәуелсіз техникалық сараптама жасалмаған.

«Самұрық-Энерго» АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов АлЭС өндіретін электр энергиясының бір кВт/сағ үшін 100 теңгеден аспайтынын айтты. Тұтынушы үшін «АлматыЭнергоСбыт» тарифі кВт/сағ үшін 20 теңге деңгейінде белгіленген. А.Рысқұловтың айтуынша, станса толығымен газға көшкен кездегі жағдайға алдын ала талдау жүргізіп, АлЭС өндіретін электр энергиясының тарифі кВт/сағ үшін 17,2 теңге болуға тиіс екені анықталған. 2027 жылға қарай тұтынушы үшін соңғы тариф бір кВт/сағ үшін 100 теңге емес, 30-35 теңгенің төңірегінде болады.

«Біз 2027 жылға қарай ди­зель­ді отын мен бензин баға­сы­ның қандай болатынын біл­мейміз. Тарифті азайтуға мүм­кін­дік беретін тетіктердің бәрін қолданамыз», деді А.Рысқұлов.

Айдар Рысқұловтың айтуын­ша, өткен жылдан бері электр қуатының тарифі көте­ріл­­ме­ген­діктен стансалар шы­ғын­мен жұмыс істеген. Екібас­тұз ГРЭС-і мен Алматы ЖЭО-2-де 70 мил­лиард теңге жетіспейтінін Серік Түйтебаев та айтқан болатын. Рысқұлов сөз арасында тарифтерді көтеру туралы өтініштер өткен жылдың қыркүйек айында Энергетика министрлігіне жібергенін де қаперге салып өтті. Бұл шешім 2022 жылы қызметкерлердің жалақысы 20-25 пайызға, ал 2023 жылдан бастап 10 пайызға көтерілгендіктен жасалған.

«1 маусымнан стансалар тариф­­терді 20-30 пайызға көте­ре­ді, бірақ тұтынушы үшін бұл Қазақстанда 10-11 па­йыз ша­­ма­­сында болады», дейді А.Рысқұлов.

 

Энергия таратушы компания туралы

Алматыдағы энергия тара­ту­шы компанияның тарихы 1928 жылы Алматы қаласында әр­қай­сы­сы 170 кВт қуатты үш генераторы бар бірінші дизельдік электр стансасы іске қосылғаннан бастау алады. Кәсіпорынды 1996 жылдың тамыз айында «атышулы» «Трактебель C.A.»(Бельгия) компаниясы жекешелендірді. Ал 2001 жылы энергокомпанияның 100% акциясы Алматы қаласы­ның әкімдігіне өтті. Тек 2009 жыл­дың 14 шілдесінде «Қаз­ТрансГаз» АҚ Директорлар кеңе­сі­нің шешімімен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ «Самұрық-Энерго» АҚ-ның құрамына кірді.

Бұған дейін «Са­мұрық-Энер­го» «Алматы­Энер­гоСбыттың» соңғы тұтыну­шы­лары үшін тарифтер келесі жылы 1%-ға, яғни қарапайым тұтынушы үшін айына 61 теңгеге өсетінін хабарлаған болатын. 2027 жылға қарай өсім 16 пайызды немесе айына 1054 теңгені құрайды (2023 жылмен салыстырғанда). 2029 жылы қосымша 4 ГВт қуаттылықты іске қосу кезінде түпкілікті тұты­ну­шы үшін тарифтердің өсуі 1 кВт/сағ үшін шамамен сегіз теңгені құрайды.

 

Талапайға түскен тариф

А.Рысқұлов сондай-ақ электр энергиясы нарығындағы тариф 2019 жылдан бері өзгермегенін, бұл деңгей инвестиция тартуға және ақшаны қайта құруға бағыттауға мүмкіндік бергенін айтты. Тарифтің қазіргі деңгейі электр энергетикасында ақша тартуға мүмкіндік бермейтін жағдай туындатады.

«Біздің елде ішкі қаржылан­дыру көздері жоқ. Инфляция дең­ге­йі жоғары, қарыз алу деңгейі 18-20 пайыздан жоғары. Энергетика сала­сында пайдаланылған капи­талдың қайтарымы бар. Энер­ге­тика министрлігінің талабы бо­йынша рентабельділік 11,79 па­йызды құраса, іс жүзінде – 3-5 пайыз. Сонда «20 пайызды қалай қай­тарамыз?» деген сауалдың жауабы тұйыққа тіреліп тұр. Ше­тел­дік компаниялар мен банктер үшін бұл сала тартымсыз», дейді Айдар Рысқұлов.

Оның есептеуі бойынша, ЖЭО-2-ні қайта құруға қажетті жылдық 20 пайызбен 300 миллиард теңге несие берушіге АлЭС үшін жылына 60 миллиард теңге төлем жасайды. АлЭС «АлматыЭнергоСбыт» ком­па­ниясына жылына 120 мил­лиардқа электр энергиясын сататынын ескерсек, холдинг бұл соманың жартысын несие пайызын төлеуге жұмсайды.

«1 шілдеден бастап жоспарланып отырған бірыңғай сатып алушыны енгізу арқылы облыс­та да жүктеме жеңілдейді, тариф айтарлықтай көтерілсе де, Алматы барлық пайызды төле­мейді. Бір сатып алушы Қазақс­танның барлық электр энергия­сын барлық стансадан сатып алып, оны барлық өңір бойынша біркелкі таратады. Бұл бағаның өсіп кетпеуіне әсер етіп, тарифтік жүктемеге қатты әсер етпеуі керек», деп түйіндеді Рысқұлов.

Жыл басында 30 градус суық аязда «сыр беріп қалған» Екі­бас­тұз ЖЭО-ны 1950-60 жыл­дары ГУЛАГ тұтқындары салғаны, оның сол кездегі қожайын­дары­ның бірі Александр Клебанов Forbes нұсқасы бойынша ең бай және ең ықпалды бизнесмендер қатарында екені, байлығы 580 000 000 долларға бағаланғаны жазы­лып жүр. Екібастұз бен Рид­дер­дегі жағдайдан соң қоғам «тариф­тен түскен қаржы қайда кетеді?» деген сұраққа жауап күтіп тұр.

 А.Рысқұловтың айтуынша, тарифтің 35 пайызы – ішкі ин­вес­­тицияға,15 пайызы – жұ­мыс­шылардың жала­қы­сына, қал­ғаны басқа ішкі қажет­ті­лік­тер­ге жұмсалады. «Самұрық-Қазына» қорының стратегия және актив­терді басқару жөніндегі бас­қа­­рушы директоры Ернат Бер­ді­ғұлов қор құрамына кіретін «Самұрық-Энерго» холдингінің энергетикалық компаниялары мемлекеттік реттеудің шектен тыс болуынан қалай кіріс аз түсетініне тоқталды. Топ-менеджер бұл жағдайды ұлттық эконо­миканы субсидиялаумен салыс­тырды.

«Самұрық-Қазына» тобы жыл сайын экономикаға жанама түрде 1 триллион теңгеден астам субсидия береді. Бұл – біздің портфельдік компаниялар өз құнынан төмен шығынға ұшырайтын немесе қызметтері нарықтық құннан төмен сатылатын сома. Яғни бұл топ жыл сайын 1 триллион теңгеден аз қаражат алады және осылайша экономиканы жанама түрде субсидиялайды», деді Бердіғұлов.

«Самұрық-Энер­го­ның» есе­біне сәйкес, «Алматы­Энер­го­Сбыт­тың» соңғы тұтынушылары үшін тарифтер келесі жылы 1 пайызға, яғни қарапайым тұты­ну­шы үшін айына 61 теңгеге өседі. 2027 жылға қарай өсім 16 па­йыз немесе немесе айына 1054 теңгені құрайды (2023 жылмен салыстырғанда). «Алатау Жарық Компаниясы» (АЖК) тарифтері келесі жылы 3 пайызға, 2027 жылға қарай 14 пайызға өседі...

 

АЛМАТЫ