Өндіріс • 26 Сәуір, 2023

Күнбағыс майын көбірек өндіреміз

298 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні май өңдеу зауыттарынан бөтелкедегі күнбағыс майының сатылу бағасы әр өңірге байланысты литріне қарай 550-630 теңге аралығында. Бұл үрдісті мамандар ресейлік брендтер бағасының корреляциясымен ғана емес, сонымен қатар отандық өндірістің өсуімен де байланыстырады. 2022-2023 жылдары тазартылған күнбағыс майының өндірісі 22 пайызға, яғни 15 мың тоннадан астам ұлғайған.

Күнбағыс майын көбірек өндіреміз

Ал 2023-2024 жылдар ара­лы­ғында еліміздегі күнбағыс майын өңдеудің жылдық қуат­тылығы 100 мыңнан аса тон­наға арттыруды жоспарланып отыр. Биыл 40 мың тон­наға, алдағы жылы 66 мың тоннаға дейін жеткізу көздел­ген. Бұл өз кезегінде ішкі нарық­ты қана­ғат­тандыруда әрі ұзақ­ мер­зімді пер­с­­пективада дайын өнім ба­ға­­­сы­ның тұрақталуына әкел­мек­ші.

Күнбағыс майының өзіндік құнын тұрақтандыру мақса­тын­да отандық май зауыттары құзырлы министрліктермен ме­мо­рандумға қол қойған. Онда бөтелкедегі күнбағыс майын ті­ке­лей май зауытынан сату ба­ға­сының лимиті нақты жазылып, ол бір өнімге логистикалық шығындар мен дүкенде қойы­ла­тын қосымша бағаны қос­па­ғанда 750 теңгеден аспауға тиіс. «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер» ұлттық қауым­дас­тығы жүргізген мониторинг барысында зауыттардан күнбағыс майын сату бағасы өткен жылдың желтоқсан айы­мен салыстырғанда 30%-ға де­йін төмендегені анықталған.

Бұл жерде делдалдар мен бөлшек сауда желілерінің тауар таңбасын бақылауды құзырлы органдар жүзеге асыруға тиіс екенін еске сала кеткен жөн. Ал белгілі бір нарық субъектілері тара­пынан бұзушылықтар анық­­талған жағдайда, тиісті бө­лім­­дер әрекеттегі іс-шараларды қабыл­да­уы қажет.

«Отандық күнбағыс ма­йын ­өндірушілерге өз өнімдерін на­рық­тағы 30 пайыздық үлес­ті алып жатқан ірі сауда желі­лерінің сөрелеріне қою мәсе­ле­сі қаралып жатыр. Тағы бір ескеретін маңызды жайт – экс­порт­тық баж салығын  енгізу. Бұл іс-шара күнбағыс тұқымын экспорттауды шектеу және осы шикізаттың тапшылығын бол­дырмау үшін қабылданды. Геосаяси жағдайға байланыс­ты былтыр негізгі өндіруші Украи­на, Ресей, Аргентина және ЕО елдерінде күнбағыс тұқымын өндіру екінші жыл қатарынан төмендеді. Бұл фактор, өз кезе­гін­де, әлемдік нарықтағы өнім ба­ғасының қалыптасуына әсер етті. Бағаның күрт және ай­тар­лық­тай ауытқуы Орталық Азия нарығына да әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан азық-тү­лік ин­фля­циясының өсуіне жол бер­меу үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына им­портқа тәуелділікті азайтуға мем­лекет басымдық беруі керек», дейді «Майлы дақылдарды қай­та өңдеушілер» ұлттық қа­уым­­дастығының басқарма төра­­ғасы Ядықар Ибрагимов.

Сонымен елімізде биыл жыл басында 111,8 мың тонна тазар­тыл­ған және тазартылмаған өсім­­дік майы өндірілген. Тазар­тыл­ған май өндірісі бір жылда 1,3%, 25,3 мың тоннаға дейін төмендесе, тазартылмаған май өндірісі, керісінше, 40,2%, 86,4 мың тоннаға дейін өскен.  Әсі­ре­се шығыс өңірінде 11,6 мың тонна тазартылған және 30,4 мың тонна тазартылмаған май өндірілген. Одан кейін 6,8 мың тонна тазартылған май өн­ді­ру жағынан екінші орында  Алматы, 5,7 мың тоннада үшін­ші орында Шымкент қала­ла­ры бар.

Жергілікті компаниялардың өнімі бір жылда 43%-ға өсіп, 644,3 мың тоннаға жетті. Импорт, керісінше, 13%-ға азайып,­ 133 мың тоннаны құрады. Им­порт­тың үлесі, тиісінше, бір жыл бұ­рынғы 25,3%-бен салыс­тыр­­ғанда 17,1%-ды құраған. Осы жылдың басында өсімдік майы­ның бағасы өткен жылмен салыстырғанда бір жыл ішінде 17,5%-ға өскен. Оның ішінде күнбағыс  майы 17,2%, зәйтүн майы 26,3%-ға қымбаттаған.