Пікір • 26 Сәуір, 2023

Тіл саясаты: сан мен сапа

273 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы үш жылда елдегі халық саны арт­ып, ол қазақ халқының есебінен көбейіп отыр. Алайда санымыз өскенімен, қазақтілді ортаның әлі де болса кеңейетін түрі көрін­бейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылғы 1 сәуірге дейін 4 575 қа­ндастың тарихи ота­ны­на оралғанын хабар­лады. Осылайша мем­ле­ке­тіміз 1991 жылдан бастап 1 млн 111,1 мың адаммен толықты. Жыл басынан бері атажұрт­қа оралғандардың 19,3 пайызы – Өзбек­стан­нан, Қытайдан – 13, Ресейден – 6,3, Түрік­менстаннан – 5,3, Моңғолиядан 3,7 пайызы келген.

Еліміз тәуел­сіздік алғалы ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті деп әлемге жар салып жүрміз. Алайда өзгермейтіні – қазақ тілінің халі ғана. Қазақ тілін оқытамыз деп мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді, әлі де бөлініп жатыр. Нәтижесінде, өзге ұлт өкілдері ауызекі сөйлеуді меңгерген болар, ал орыс­танған қазақтар сөйледі ме? Әрине, басымызды шұлғи алмаймыз, өйткені билік басын­дағылар, бизнес өкілдері әлі де ресми тілді қимай келеді.

Осы орайда, тағы да әлем елдерінің үлгісін, тәжірибесін сөз қылуға тура келеді. Мәселен, ағылшындардың қоластында өмір сүрген Сингапур халқы бірнеше тілде сөйлеп, жоғалып кете жаздады. Елдегі малай, қытай және хинди (тамиль) тіліне ағылшын тілі қосылып, халықтың басы қатты. Барлық тілді қатар оқып үйрену балалар үшін ауыр жүк болғаны сөзсіз. Оған қоса жергілікті үш тілдің – ағылшын тіліне еш қатысы болмады. Сингапурлықтар тек өз тілдерінде сөйлегенде мемлекет болып сақталып қалулары екіталай еді. Сингапур көсемі Ли Куан Ю егер халық тек ағылшын тілін үйренсе, бұл да бір апатқа апаратынын сезді. Ол кезде сингапурлықтар өздерінің тұрмыс-салтын ұмытып, өздеріне деген сенімділіктерінен айырылып, әлемдегі орнының қайда екенін білмей, ұлттық келбетін жоғалтып алатын еді. Сондықтан ағылшынша білім алып, туған еліне оралған Ли Куан Ю әйелі екеуі алдымен қытай тілін үйреніп, сол тілде ғана сөйлеуге тырысты. Балаларын да қытай мектебіне берді. Бірте-бірте Сингапур билігін қытай тілінде ғана сөйлеп, осы тілде заң шығаруларына дейін жеткізді. Ол ешкімді күштеген жоқ, тек қажетті іс-шараларды қолға алып, отбасында мемлекеттік тілдің үстемдігін бірінші орынға қойды, биліктегі өзге адамдар да осы жолға беттеді. Нәтижесінде, Сингапур қазір дамыған елдердің қатарынан көрінді, өйткені тілін сақтай отырып, ұлты мен мемлекетінің тұтастығына қол жеткізді.

Елімізбен қарайлас егемендігін алған Әзербайжанды алайық. Олар да тіл саясатын жүйелі түрде жүзеге асырды. Қазір өз елінің тұрғындары ғана емес шетел инвес­торлары да әзербайжан тілінде сөйлейді. Бұл елде өндіріс ашып, бизнес дамытатындар әзербайжан тілінде сөйлеуге тырысады немесе сол тілде аудармашы арқылы ғана тілдеседі. Орыс тілімен шаруа шешеміз деген инвесторлар жоқтың қасы.

Мәселен, жапондықтар америкалық­тардың мәдени ықпалын қабылдай отырып, әлі де ұлттық болмысын сақтап отыр. Қалай? Ауқатты отбасында өмірге келген жас жапондықтар ата-аналары сияқты жұмыс істеп жүрген компанияға соншалықты беріліп жұмыс істемейді. Бірақ соған қарамастан, олар еңбекқорлығын жоғалтқан жоқ. Олар қоғамның дамуы үшін еуропалық немесе америкалықтарға қарағанда өте еңбекқор келеді. Жастары ана тілін ұмытып, ағылшынша да сайрап кеткен жоқ. Бұл олардың еліктегіш қасиеттен ада екенін аңғартады.

Елімізде ресми тілдің үстемдігі тәуел­сіздік алғанға дейін қандай болды, қазір де сол қалпында сақталып отыр. Не­гізі орыс, ағылшын және тағы да басқа шетел тілдерін әлемдік білім-ғылымды игерудің құралы ретінде ғана барынша пайдаланған жөн. Ал мемлекеттік маңызы бар жиындарда, күнделікті отырыстар мемлекеттік тілде өтіп, спикерлер де сол тілде сөйлейтін болса, ұлт болып, мемлекет болып тұтастығымызды сақтаймыз. Қайбір күні Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек депутаттардың ресми тілде қойған сауалдарына қазақ тілінде жа­уап берді. Жас шенеуніктен билік басындағы өзге әріптестері де үлгі алса, мемлекеттік тілдің төңірегінде ұйысып отырар едік...