Саясат • 26 Сәуір, 2023

Әйелдер арасындағы жұмыссыздықты төмендету мәселесі қаралды

167 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында еліміздегі әйелдер жұмыссыздығын төмендету жөніндегі шаралар туралы мәселе қаралды.

Әйелдер арасындағы жұмыссыздықты төмендету мәселесі қаралды

Ұлттық комиссияның отырысына сарапшылар қоғамдастығының өкілдері, өңірлер әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Отырысты ашқан Ұлттық комиссия төрағасы, Қазақстан Президенті Әкім­шілігі басшысының орынбасары Аида Балаева: «Әйелдер жұмыссыздығы – проб­ле­ма­сы қоғамның әлеуметтік дамуы­ның ең се­зімтал көрсеткіші. Мәсе­лені шешу профилактикалық шара­лар ке­шенін қалыптастырудың жаңа тәсіл­дерін іздеуді, сондай-ақ жұмыс­пен қам­туға бағытталған уәкілетті органдардың іс-әре­кеттеріндегі проблемаларды    анықтауды және шешуді талап етеді»,  деп атап өтті.

Ұлттық комиссияның сараптамалық тобы бұл мәселені егжей-тегжейлі зерделеп, әйелдер арасындағы жұмыссыздықты еңсеру бойынша нақты алдын алу шараларын қабылдау үшін ең алдымен салалар мен өңірлер бөлінісінде гендерлік алшақтық (әйелдер атқаратын жұмыс орындарының үлесі) бойынша талдау қажет деген қорытындыға келді.

ЖОО мен ТжКБ түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша деректер, ген­дер­лік аспект пен өңірлер бөлінісінде NEET санатындағы жастар бойынша көрсет­кіштер әйелдер жұмыссыздығына қарсы күрес саласында тәуекелдердің алдын алу бойынша уақтылы және нақты алдын алу шараларын қабылдауға ықпал етеді.

Әйелдерді жұмыспен қамтудың ағымдағы жағдайы туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова сөз сөйледі. Министр «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес мемлекет кемсітушіліктің кез келген түрінен қорғауға және кәсіп пен жұмыс алу мүмкіндіктерінің теңдігіне, жұмыспен қамту және еңбек жағдайларын таңдауға негізделген халықты жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесу шараларын қамтамасыз етеді», – деп атап өтті.

Қазіргі уақытта халықты жұмыспен қамту «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде іске асырылады.

Мемлекет қабылдайтын шаралардың кең ауқымына қарамастан, елімізде әйелдер жұмыссыздығының деңгейі жоғары болып отыр. Мәселен, 2022 жылдың 4 тоқсанының қорытындысы бо­йынша 5,5%-ды (еліміз бойынша – 4,8%) құрады. Әйелдер жұмыссыздығының ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында – 7,0%, Абай облысында – 6,8%, Түркістан облысында – 6,7%, Жетісу облысында  6,5% байқалады.

Ұлттық комиссия сарапшылары әйелдердің жұмыспен қамтылуын бағалау үшін динамикадағы көрсеткіштердің тізбесін дайындады, олар өңірлер бөліні­сінде әйелдер жұмыссыздығының жалпы көрінісін көруге көмектеседі және әйел­дерді жұмыспен қамту бойынша нақты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. 

Ұлттық комиссия әйелдердің табысы мен жұмыссыздығы бойынша гендерлік алшақтықты зерделеп, Astana hab-пен бірлесіп әйелдерге фрилансерлік платформаларда ақша табуға көмектесетін бағдарламаны іске қосуды ұсынады. Бұл бастама әйелдерге икемді табыс көзін қамтамасыз етуге және олардың қаржылық тәуелсіздігін ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Бағдарламаны Ұлттық комиссия мү­шесі, Astana Hub халықаралық техно­паркінің басқарушы директоры А.Әбдірахманова таныстырды.

Отырыс қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия төрағасы А.Балаева мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.