Іс-шараға еліміздің белгілі қаламгерлері, қоғам қайраткерлері, шетелдік қонақтар, бұқаралық коммуникация зерттеушілері, журналистика факультетінің оқытушы-профессорлары, БАҚ мамандары, студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты.
Журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы жүргізген кездесу студенттер үшін де мазмұнды болды. Таныстырылымда «Ұшқыр қалам» кітабының журналистерге әдістемелік және мотивациялық оқу құралы ретінде де бағалы екені айтылды.
Себебі әріптесіміздің публицистикасында мемлекетшілдік мінез, ұлттық құндылық, тарихи таным-түсінік кеңінен көрініс береді. Санаңа салмақ сала отырып ойыңды сергітеді. Тақырыбын талдап, сараптап бүгінгі оқырман талабына жауап береді. «Еgemen Qazaqstan» газетінде «Түрме. Әйел. Тағдыр», «Шу бойын шулатқан шөп», «ХХ ғасыр індеті», «Ананың ажалы» деген мақалалар циклін жариялап, аталған індеттің жайлап бара жатқанын айтып, оқырманға ой салды.
Бас газеттің Парламенттегі алғашқы тілшісі бола жүріп, «Америка ашса құшағын», «Венгриямен байланыс», «Бакуде болған екі күн», «Иран иірімдері», «Шыңжаңда шырқалған ән», «Хафиз бен Сағди елінде», «Хоменеидің сенімді серігі», «Африканың аласапыраны» сияқты халықаралық тақырыптағы мақалалары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы сыртқы саясатттың тынысын таңбалады. Қазір ол Сыртқы істер министрлігінде жауапты қызметте. Көптеген ғылыми-публицистикалық, екі монографиялық кітаптың авторы, екінші сыныпты кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар.
Таныстырылым барысында қоғам қайраткері Сәт Тоқпақбаев, жазушы Сәуле Досжан, атақты әнші Сәуле Жанпейісова, дипломатия ардагері Рафия Дербісәлиева, Сыртқы істер министрінің өкілі, дипломат Алмаша Аренова, белгілі ақын Қуат Қайранбаев, ғалым Шәрипа Нұржанова жаңа кітап туралы жылы лебіздерін білдірді. Сәуле Жанпейісова әнімен шашу шашса, А.Аренова Сыртқы істер министрлігінің құттықтау хатын тапсырса, журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы Алғысхат берді.
Ал Алатаудың арғы жағынан арнайы келген Қырғыз Президенті жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Дәулетбек Шәдібеков екі ел арасындағы мәдени байланысқа қосқан үлесі үшін Гүлсім Еңсеповаға Шыңғыс Айтматов атындағы марапатты тапсырды.
АЛМАТЫ