Фестиваль қорытындысы бойынша Шалқар аудандық Сары Батақұлы атындағы мәдениет үйінің халық театры сахналаған «Қаһарлы күндердің тәтті дәмі» қойылымы бас жүлдеге ие болды. Аудан өнерпаздары майдан даласындағы медбике Раушан мен жауынгер Ержанның махаббатын, ұрыс суреттерін барынша шынайылықпен көрсете білді.
Қазылар алқасына төрағалық еткен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов: «Бүгінде рухани құндылықтар өзгеріп, жеңіл, сырты жылтыраған дүниелер алға шыққан уақытта Тахауи Ахтандай алыбын еске алып, оның шығармаларын көпшілік назарына ұсынуды ұйымдастырған облыс басшылығы, мәдениет басқармасы, халық шығармашылығы орталығына ризашылығымды білдіремін. Кей өңірлерде мемлекеттік театрлар қанатын кеңге жая алмай жатқанда халықтық театрлар фестивалін ұйымдастыру үлкен көрегендіктің белгісі. Мұндай іс-шаралар ел ішіндегі шығармашылық ұжымдарды өсіруге септігін тигізеді. Қай кезде де нағыз талант ел ішінде болады. Халқымыздың маңдайына біткен шамшырақтарының көбінде кәсіби білім болмаса да, олар табиғи дарындарының арқасында ел сүйіспеншілігіне бөлене білді. Осы сәтті пайдалана отырып, ел басшыларына халықтық театрлардың қаржылық-материалдық жағдайын жақсарту қажет деген ұсыныс айтамын. Сахнада ауыл мәдениетіне шын жаны ашитын адал азаматтар жүр. Оларға қолдау қажет», деп атап өтті. Шындығында да, халықтық театрлардың әртістері еңбекақы алмайды. Ауыл сахнасында өнерге бейім, өнерді қадірлейтін абзал жандар жүреді. Театрдың бас режиссері ән, терме айтатын, бойында актерлік қабілеті бар ауылдасын сахнаға дайындайды.
Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталинаның айтуынша, өңірдегі 198 мәдениет үйінің жанында 120 театр үйірмесі жұмыс істейді. «Осы 120 үйірменің 22-сінде халықтық атағы бар. Біздің орталық өткізген іріктеу кезеңіне алты ұжым қатысып, Шалқар, Ойыл, Мұғалжар аудандық халық театрлары байқауға жіберілді Халықтық театрда режиссер мен оның көмекшісіне ғана штаттық бірлік бекітілген. Актерлік құрамы өнерсүйер ауыл тұрғындарынан құралады. Олар жұмыстан кейін ауылдық клубқа, мәдениет үйлеріне жиналып дайындалады. Бұл өнерпаздар фестивальге ғана қатысып қоймай, ауыл мәдениетінің дамуына үлес қосып отырған жандар. Бүгінде ауылдағы кез келген мәдени іс-шара олардың қатысуынсыз өтпейді», деп атап өтті.
Қазылар алқасы үздіктерді бірнеше аталым бойынша марапаттады. Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясын сахналаған Түркістан облысы Ордабасы аудандық «Темірлан» халықтық театры «Үздік актерлік ансамбль», «Махаббат мұңын» көрсеткен Абай облысы Ақсуат аудандық театры «Ең үздік сахналық нұсқа» аталымын иеленді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы Бөрлі аудандық халық театры «Ең үздік дебют», Қызылорда облысы Шиелі аудандық халықтық театры «Ең үздік сценография» аталымына лайық деп танылды.
Фестивальге келгендердің ешқайсысы құр қайтқан жоқ. «Рөлді шынайы сомдағаны үшін» Ойыл аудандық мәдениет үйінің әртісі Сандуғаш Қарсақбаева, «Ең үздік екінші пландағы рөл» аталымы Қарағанды облысы Шет аудандық халық театрының әртісі Арайлым Артықбаеваға, «Ең үздік әйел рөлі» аталымы Жамбыл облысы «Дулати жастары» театрының әртісі Айымжан Бауыржанқызына, «Ең үздік ер адам рөлі» аталымы Мұғалжар аудандық халық театрының әртісі Ерболат Амангелдиевке бұйырды. Барлық аталым иелеріне 300 мың теңге көлемінде сертификат табысталды.
Фестиваль аясында әйгілі әртіс Болат Әбділманов халықтық театрлар әртістері мен режиссерлеріне бірнеше шеберлік сабағын өткізді.
Ақтөбе облысы