Өткен жылы Түркістан облысында мақта дақылы 126,3 мың гектарға егіліп, 361,8 мың тонна өнім жиналды. Облыс әкімдігінің мәліметінше, биыл мақта дақылының егіс көлемін 14,9 мың гектарға кемітіп, 111,4 мың гектарға егу жоспарланған. Жыл сайын өңірде 300 мың тоннадан астам мақта өндіріледі, 22 мақта өңдеу зауытында 25 мың шаруа жұмыспен қамтылған. Өңірде мақтаны терең өңдейтін екі ғана кәсіпорын бар. Бірақ олардың қуаттылығы өңірде өндірілетін шикізаттың тек 15%-ын ғана өңдеуге мүмкіндік береді. Оны сату құны әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей байланысты болғандықтан, әлемде мақта өнімдерін артық өндірген кезде сату бағасы күрт төмендейді.
Өңірге жұмыс сапарымен келіп, мақта зауыттарының басшыларымен, шаруалармен кездесуінде Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мақта кластерін дамыту мақсатында шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық берілетінін айтқан-тын. Бұл орайда «Turkistan» индустриалды аймағында жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналмақ. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Өзбекстанның «Global Textile Group» компаниясы тобының жетекшісі Музаффар Разаковты қабылдап, мақта шаруашылығын дамыту, мақта шитінің сапасын арттыру мәселелерін талқылады. Нәтижесінде, Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорын іске қосылмақ. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасы дайындалған. Құны 45 миллион долларды құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылатын болады. Қазіргі таңда аудан әкімдігімен бірлесе отырып сапасына кепілдік берілген мақта тұқымын шаруаларға тарату, ол үшін заң аясында қажетті келісімшарттар жасау жұмыстары жүргізілуде. Биылдың өзінде аталған компания Мақтаарал ауданында 2-3 мың гектарға жуық жерге өзбекстандық «Сұлтан» және «Наманган» тұқым сорттарын жеткізуді және күзге қарай аталған сорттардың мақта талшығын сатып алуды жоспарлап отыр.
Иә, мақта кластерін дамыту бағытында атқарылып жатқан іс аз емес. Дегенмен шешімін күткен мәселелер де жетерлік. Мысалы, жуырда Жетісай, Мақтаарал аудандарының мақта өндіруші кәсіпкерлері және шаруаларының өзекті мәселелеріне қатысты Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады. Миллионнан астам тұрғынның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мақта өнімдеріне тікелей байланысты және мақта өсіру шарулардың негізгі табыс көзі болып табылатынын айтқан депутат 2022 жылы мақта бағасы төмен болып шаруалар сата алмағанын мәлім етті. Бұл өз кезегінде көктемгі агротехникалық шараларды өткізу, мақта тұқымдарын егу, жанар-жағармай өнімдерін дайындауға кері әсерін тигізуде. «Диқандардың агротехникалық шараларды толық көлемде жүргізе алмауы, сапалы тұқымдардың тапшылығы жоғары өнім алуға мүмкіндік бермей, төмендеуіне алып келген. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан түріктің сапалы мақта тұқымымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілген еді. Бірақ тұқымның қымбаттылығына байланысты егіншілер сатып алудан бас тартқан. Тағы бір ерекше атап өтетін жағдай, шикізат өндірілгенмен мақтаны әрі қарай өндеу, мата жасау, кәсіпорындар құру, жалпы жеңіл өнеркәсіп мәселесі шешілмей тұр. Сондай-ақ мақта егетін аймақта бірде-бір тоқыма фабрикасы жоқ. Ал көрші Өзбекстанның әр облысында бірнеше мақта тоқыма фабрикалары бар екендігін ескерген жөн. Сондықтан көрші мемлекетте мақтаның бағасы мен оны сатуға байланысты қиыншылықтар туындамайды. Бұл айтылған жағдайлар қазіргі кезде кәсіпкерлер мен шаруаларды қатты күйзелтіп, оңтүстік өңірдегі әлеуметтік шиеленістің туындауына себеп болуда. Бүгінгі күні әлемдік нарықта мақтаға деген сұраныс өте жоғары, дегенмен елімізде өсірілген өнімнің дүниежүзілік нарық талшығының сапасы мен дәрежесі төмендеп кеткендіктен басқа елдермен бәсекелес бола алмай отырмыз. Жоғары сапалы мақта алу үшін бірінші кезекте мақта өндірушілерге өткізілген өнім көлеміне байланысты субсидия беруді қайта жандандыру және элиталық дәрежедегі тұқымдық шитті өзімізде шығаруымыз қажет», делінген депутаттық сауалда. Осы орайда Мәжіліс депутаты отандық мақтаның сапасын жақсарту және оны жаһандық нарыққа шығару үшін, бірінші кезеңде республикалық бюджеттің есебінен элиталық жоғары дәрежелі шитті сұрыптарын сатып алып, қолжетімді бағамен мақта өндіруші шаруаларды қамтамасыз ету қажет деп есептейді. Сонымен қатар вице-премьерден заманауи озық технологияларды енгізу арқылы шитті мақтаның элиталық жоғары дәрежелі сұрыптарын өз елімізде шығару мәселесін шешуді сұрайды. «Шаруалардың шығарған шығындарын ішінара өтеу мақсатында және көктемгі агротехникалық дала жұмыстарын толық көлемде жүргізіп, мақта дақылын өз уақытында өсіру үшін өндірушілерге күзде өткізілген өнімнің әр тоннасына субсидия беру жолдарын қарауды, елімізде өндірілген мақта өнімін тұрақты өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, ол өнімдерді өңдейтін және мата жасайтын тоқыма фабрикаларын салу мәселесін ұйымдастыруды сұраймын. Қазақта «халық қаласа хан түйесін сояды» деген қанатты сөз бар. Оңтүстік шаруаларының жанайқайы Үкімет құлағына жетіп, екі жаққа да оңтайлы шешім қабылданарына сенеміз. Бұл түйткіл мәселені шешкен жағдайда еліміздегі жеңіл өнеркәсіпті жоғары деңгейге көтеруге болады», дейді өз сауалында Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев.
Айта кетелік, облыс әкімдігінің мәліметінше, мақта кластерін дамыту үшін 5 жылда Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикаларын ашу көзделіп отыр. Жалпы құны 22 млрд теңге болатын 3 инвестициялық жобаны жылдық 4% мөлшерлемемен несиелендіру жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс енгізілген.
Түркістан облысы