Апаттың әбден тамыр жайған шағында Екібастұз жылу-энерго орталығы артық пайдаланған электр жарығы үшін тұрғындарға өтемақы ретінде 241,8 млн теңге бөлгені есімізде. Ол қаражаттан әр пәтер басына шамамен 5 мың теңгеден тиді. Кейін облыс басшысы Асайын Байханов журналистермен өткізген брифингте тұрғындардың одан соңғы электр шығындарын да өтеп беруге тырысамыз деп уәде бергені есімізде. Алайда әкімнің уәдесі іс жүзінде құрғақ сөз болып қалғанына куә болып отырмыз.
Екібастұз қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланғандай, осы жылдың қаңтар, ақпан және наурыз айларында жеке абоненттер үшін жылу энергиясы бойынша қайта есептеулер жүргізіліп, төлемдеріне 70 пайыз жеңілдік жасалыпты. Ол қыс бойы пәтерлерінде дірдектеп шыққан екібастұздықтарға біраз сеп болғаны анық. Алайда баспасөз қызметінің жауабында: «Бүгінгі күні электр энергиясын қайта есептеулер қарастырылмаған», деп анық жазылыпты. Яғни өңір басшылығы сөзінен тайқып отыр. Былтырғы жыл соңында «ОАЭК» компаниясының басшылығы тұрғындардың барлық шығынын жабамыз деп уәде бергенімен, жеме-жемге келгенде олар да теріс айналды.
Бұған қоса қала тұрғындары қазандық агрегаттарының тек ағымдағы және күрделі жөндеуден өтетініне де көңілдері толмай отыр. Қала тұрғыны Дария Ерғазина өткен жылу маусымы алдында да ЖЭО-да осындай жоспарлы жөндеулер жүргізілгенін, алайда ол жұмыстардың жеткіліксіз болғанын төтенше жағдай айғақтап бергенін айтады. Сондықтан қыс бойы екі иінінен әрең дем алып, қайта-қайта істен шыға берген қазандықтардың кейбірін ысырып тастап, орнына жаңасын салса деген тілектерін жеткізді.
Жұртшылықтың шағымын негізге ала отырып, Екібастұз қалалық әкімдігіне сауалдарымызды жолдаған едік. Алған жауабымызда станса басында жаңадан құрылыс салу, жабдық орнату туралы бірде-бір сөз жоқ.
«Екібастұздағы жылу-электр орталығын мемлекет пен «ОАЭК» АҚ бірлесіп жөндейді. Қазіргі күні энергетикалық нысанның 50 пайызы қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне басыбүтін берілген. Оған 326,9 шақырым жылу желілері мен стансадағы су жылытқыш 5 қазандық агрегаты еніп отыр.
Қазіргі уақытта көмірлі шаһардағы гирдавликалық сынақтар нәтижесінде табылған ақауларды жоюға 1,7 млрд теңге, сондай-ақ бекіту арматурасын ауыстыруға 370 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Аталған жоспарлы шаруаларды атқаруға 40 дәнекерлеу буынынан тұратын мердігерлік ұйым жұмылдырылады деп көзделген. Бұған қоса Екібастұз жылу энергиясын жөндеу қызметкерлері тартылады», делінген жауапта.
«Севказэнергопром» ЖШС жылу желілеріне энергиялық аудиттің 1-кезеңін жүзеге асырып, жылу магистралдарының ең тозған учаскелерін анықтапты. Олар – №2, 5, 8 және 12 магистралдары. Бұл ретте эскиздік жобалар мен сметалық құжаттаманы әзірлеу акционерлердің қаражаты есебінен жүргізіледі. Өткен наурыз айында жоғарыда аталған жобалық-сметалық құжаттамалар (ЖСҚ) бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шығарылып, жалпы ұзындығы 5 357,7 метр болатын жұптасқан жылу құбырларын ауыстыру көзделіп отыр. Оған жалпы сомасы 9,4 млрд теңге қажет екен. Гидравликалық сынаулар жүргізілген соң аталған жобалар бойынша жұмыстар шұғыл басталады деп күтілуде.
Айтып өтейік, «ОАЭК» АҚ компаниясы өз қаражатына үш энергетикалық қазандықты күрделі, тағы екеуін ағымдағы жөндеуден өткізуді жоспарлаған. Бұған қоса стансадағы жалпы қолданыстағы жабдықтарды: отын беру жүйесін, ғимараттар мен құрылыстарды, химиялық цехты жамап-жасқауды өз міндетіне алып отыр.
Осылайша, күн жылынып, ЖЭО өз жұмысын тоқтатқанда шаһарда кең ауқымды жөндеу жұмыстары басталады деп күтілуде. Құбырларды жаңартуға – 230, ал стансадағы қазандық агрегаттарын жамап-жасқауға 440 маман тартылады деп жобаланған. Жөндеу жұмыстары уақытында қаладағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік мекемелер кезең-кезеңімен ыстық судан ажыратылатыны да ескертілді. Бірінші кезекте №1, 5, 8, 12 жылу магистралдарына жалғанған 48 көпқабатты үй мен 17 әлеуметтік нысан 12 маусымға дейін ыстық сусыз қалады. Барлық жөндеу жұмыстарын 30 қыркүйекте аяқтау көзделген.
Айтпақшы, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жуықта «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ін сотқа берді. Қала басшысы қыстағы апат кезінде жанар-жағармайға, жұмысшылардың жатын орны мен ас-суына жергілікті бюджеттен жұмсалған 22 млн теңгені серіктестік өтеуі керек деген талап қойған. Жылу мекемесі ыңғайға көнгісі келмей, әкімдік сотқа жүгінуге мәжбүр болыпты. Алайда бұл қаражаттан қала тұрғындарына еш пайда жоғы белгілі. Сәуір айының ортасынан өңірде күн күрт суытып, екібастұздықтар әлі күнге пәтерлерінде жаурап отырғанын айту керек. Алдағы қыс Екібастұз халқы үшін жайлы өте ме, жоқ па, оны жөндеу шараларының сапасы көрсете жатар.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы