Пікір • 27 Сәуір, 2023

«Әсіреқамқорлық» баяны

518 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі кезде қоғамда әсіре қамқорлық белең алып бара жатқандай. Әрине, жан-­жануарды қорлауға болмайтынына бәріміз келісеміз. Бірақ кей жағдайда олар­дың құқығы адам құқығынан биік тұрып жататын кезі бар.

Таяуда әлеуме ттік желіде қасқырды шынжырмен ұрып өлтірген адамның бейне­жазбасы тарады. Кейінірек осы бейнежазба зооқорғаушылар назарына ілігіп, құқық қорғау органдарына шағымданған сыңайлы. Көп ұзамай полиция қызметкерлері түз тағысына қатыгездік танытқан адамды тапты. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы полиция басқармасының қызметкерлері қасқырды шынжырмен ұрып-соққан ер адам 37 жастағы тұрғын екенін анықтаған. Ресми мәліметке сүйенсек, ұсталған адам қасқыр малына шабуыл жасамақ болғанын, содан кейін түз тағысын мотоциклімен қуып жетіп, шынжырмен өлтіргенін түсіндірген. Қазіргі таңда ауыл тұрғынына қатысты Қылмыстық кодекстің 316-бабы 3-бөлігіне сәйкес «Жануарларға қатыгездікпен қарау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Бұл оқиғаның соңы қалай аяқталатыны, малшыға қандай жаза тағайындалатыны белгісіз. Әрине, қасқырды шынжырмен ұрып алғанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салу дұрыс емес. Бірақ оған қатысты істі терең зерттеген жөн. Әрине, «әсіреқам­қорлық»  қажет емес. Бұлай деуіміздің бір­неше себебі бар. Біріншіден, қасқыр – Қызыл кітапқа енген хайуан емес. Тіпті оны аулауға ресми рұқсат та бар.

Екіншіден, бейнежазбада малшы көк­бөріні қинап, тісін жұлып, тірілей терісін сыпырып жатқан жоқ. Басты «кінәсі» қо­лында бар шынжырмен ұрып алады. Әл­бетте, қолында мылтығы болса азулы жырт­қышпен бетпе-бет келгеннен гөрі атып алған дұрыс. Алайда атыс қаруым жоқ екен деп, малына шапқан қасқырды қоя беруі керек пе? Түз тағысы қойға емес, адамға шапса қалай ақтап аламыз?

Ел арасында қасқырды «дала санитар­лары» деп атап, ауру-сырқау аңдарды аулайды деген әңгіме айтылады ғой. Көк­бөріні мұншалықты сипаттауға ақын-жазу­шылардың шығармалары да аз әсер етпеген шығар. Бірақ түз тағысы көзіне қан толғанда бір қора қойды тартып кететіні, қатты суықта қорадағы малға түсетіні бесенеден белгілі.

«Әсіреқамқорлық» дегеннен шығады. Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген кеңес өтті. Жиын барысында Президент бұралқы иттерге қатысты пікір білдірді.

«Маған бүкіл облыстан бұралқы иттерге қатысты үнемі шағым түседі. Тиісті заңна­маға сілтеп, билік өкілдерінен ешкім оны­мен айналыспай отыр. Бірақ мұндай жолмен жүрсек, жағдайға бақылау жасаудан айы­рылып қалуымыз мүмкін. Бұралқы иттердің адамдарға, әсіресе балаларға шабуылдағаны жөнінде ақпараттар таралып жатады. Иә, біз жан-жануарларға қамқорлықпен қарауымыз қажет. Бірақ олардың адамдарға, әсіресе балаларға шабуылдауына жол бермеуге тиіспіз. Бұған қоса, бұралқы иттердің ша­буылына тап болғандардың саны артып келеді. Бұған жол беруге болмайды. Бар­лық­тарыңыздан іс-шара қабылдауды тапсы­рамын», деді Қ.Тоқаев.

Өкінішке қарай, бұқаралық ақпарат құралдарында қаңғыбас иттердің адамдарға шабуылдағаны туралы мәліметтер жиі кезде­седі. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында Қы­зылтал ауылында бұралқы иттер қора­дағы малға шауып, 24 қойды жарып кет­кен. Малды қоя беріңіз, былтыр жалғыз Атырау облысында 100-ге тарта баланы ит талаған көрінеді. Алда-жалда сол иттерден құтырма ауруы адамға жұқса, оның салдары мүлдем ауыр болатыны белгілі. Өздеріңізге мәлім, құтырма – алдын ала вакцина салу арқылы емделетін, асқынып кетсе мүлдем жазылмайтын ауру.

Жалғастыра берсеңіз, бұралқы иттердің шабуылына қатысты тізім мұнымен бітпейді. Осыдан екі жыл бұрын «Жануарларға жауап­кершілікпен қарау туралы» заң қабыл­данды. Алайда бұл құжат иесіз иттерді атуға рұқсат етпейді. Соның салдарынан олардың саны артып барады.

Экология және табиғи ресурстар ми­нистрі Зүлфия Сүлейменова қаңғыбас ит­тің көбеюіне оларды иесіз тастаған адам­дар кінәлі екенін алға тартады. Бұл мәсе­ленің шешімі ретінде панажайлар салып, стерилизация жасауды ұсынады. Алайда мұның бәрі мол қаражат талап ететіні анық. Ендеше, бұралқы иттерден құтылудың жалғыз жолы – олардың санын азайту.