Пікір • 27 Сәуір, 2023

Ұйысудың ортақ құндылығы

170 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы бірлігінің күні қарсаңында өткен дәстүрлі іс-шараның маңызы зор. Әсіресе, қазіргі алмағайып заманда ауызбірлік пен тұрақтылық сияқты құндылықтардың мәні арта түсуде. Өйткені бұл құндылықтар – дамудың кілті, мемлекеттің тірегі.

Ұйысудың ортақ құндылығы

Шынын айту керек, сессия ерекше атмосферада өтті. Президент қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті арттырудағы Ассамблеяның рөліне жан-жақты тоқталды. Терең ойлар айтылды. Бұл бүгінімізбен бірге, келешек дамуымыз үшін аса маңызды. Мемлекет бас­шысы өз сөзінде жалпыұлттық бір­лікті нығайтудың жолдарын ұсынды. Этнос­аралық келісімді нығайту, ұлт бірлігін бекемдеу негізгі басымдық болып қала береді. Мемлекетімізде әр эт­нос­­тың мәдениеті мен тілін дамытуға, дәс­түрін дәріптеуге барлық мүмкіндік бар.

Президент: «Біз бәріміз – бір отбасымыз. Бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі», деді. Расымен де, Қазақстан – біртұтас мемлекет, ынтымағы жарасқан ел. Президент ортақ құндылықтардың төңірегіне топтасып, осы береке-бірлігімізді арттыруға шақырды. Осы орайда бес басымдықты атап өтті. Бірінші – бірлігіміз бен ынтымағымызға сызат түсіруге бағытталған кез келген арандатушылықтың жолын кесу. Екінші – этноәлеуметтік шиеле­ніс­тің салдарын жою. Үшінші – көпмә­де­ниетті ортаны дамыту және барлық азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеруі. Төртінші – Ассамблеяның саяси партиялармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекетін күшейту. Бесінші – мемлекеттік этникалық саясатты біріздендіру және дәйекті жүзеге асыру.

Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясаты да, қолға алған реформалары да осыған бағытталған. Әділдікке бастаған жол күллі ұлты­мызды ұйыстырып отыр. «Мен бұған дейін де айттым: еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады», деді Мемлекет басшысы.

Халқымыз «Бірлік түбі – береке»деп бекер айтпаған. Сондықтан Президент айтқан­дай, бәріміз бір тудың астына біріксек қана, Тәуелсіздігіміз баянды бола­ды. Осы жолда бар күш-жігерімізді салайық!

 

Ерлан ҚОШАНОВ,

Мәжіліс төрағасы