Еліміздегі бірегей әскери ұлттық университет туралы ой-толғам
Ел үшін, еліміздің ертеңі үшін ата-бабаларымыз арман еткен бейбіт күн қазір күнде нұрлы шуағын төгіп, алдымыздан ақ таң болып атады. Бұл кезінде ұлан-ғайыр жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған ата-бабалар аманатын ардақтай білген, қиын-қыстау кезеңнен аман алып өтіп, тәуелсіздігімізді ту еткен қазіргі мемлекетіміздің сындарлы саясатының арқасында пайда болған Мәңгілік Елдің шапағаты дейміз. Ендеше, Мәңгілік Елдің іргетасы берік қаланып, әлем ірілерінің қатарына қосылуы арқасында халқымыздың мәңгілікке күн нұрындай шомыла берер толағай табыстары мен ізгілік нәрінің жемісі күннен-күнге арта берері де анық.
Ал осының бәрін сақтау елдің қорғаныс қабілетінің мықтылығына тікелей байланысты. Көз алартқан көп дұшпанның мысын басып, жар астында жатқан жаудың жігерін құм ету тек білектіктің ғана емес, біліктіліктің арқасында келетін жеңіс. Соған орай біздің әскеріміздің асқақ туының желбірей түсуі қорғаныстың қуатты қайнар көзінде, әскерилеріміздің жүрегінде, терең білім, теңдессіз даярлығында жатыр. Өйткені, «Қастерлі Отанымызға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы», деп Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, ата-бабаларымыздан қалған ұлан-ғайыр жерімізді қорғау қазіргі кездегі жастарымыздың еншісіндегі ең бір қасиетті борышы. Ал қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы «Өз елін мақтаныш етпеу – сатқындықпен тең» дегендей, оның алыптығын да, жасампаздығын да, көршілес елдердің арасында сара саясатының арқасында іргелі әрі бірегейі екендігін де қуанышпен айту қай-қайсымызға да үлкен мәртебе. Ендеше, сол мәртебеге лайықты елдің еңсесін көтеретін, болашаққа үміт отын жағатын, берік іргетасымыз бен қауіпсіздігімізді бекемдей түсетін нақты істер көз алдымызда қанатын жайып, жемісін беруде. Қазіргі күнде мақтанышпен айтар соның бірі кеше ғана Мемлекет басшысы ашқан еліміздің Ұлттық қорғаныс университеті болып отыр.
Еліміздің Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаевтың төрағалығымен 2014 жылғы 6 наурызда жедел-стратегиялық кеңес өткізілген еді.
Осы кеңесте Мемлекет басшысы: «Бізде офицерлерді, әсіресе, жоғары құрамды жүйелі даярлау жүйесі болған жоқ. Біз оларды үнемі шетелде оқыта алмаймыз. Мұны Қазақстанда жүзеге асыруға тиіспіз. Әскери жоғары оқу орындарын заманауи жабдықтармен жабдықтау, өзге елдердікінен кем емес өзіміздің ғылыми педагогикалық кадрларымызды даярлау жұмыстарын жалғастыру қажет. Биыл Ұлттық қорғаныс университеті өз жұмысын бастайды деп үміттенемін. Оның түлектері Қазақстан армиясының мақтанышына айналуы тиіс», – деді.
Ұлттық қорғаныс университеті – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі және басқа да әскерлер мен әскери құралымдар және ҰҚШҰ елдері үшін магистратура және докторант бағдарламасы бойынша басқару буындарының жедел-стратегиялық және жедел-тактикалық, стратегиялық әскери кадрларын даярлайтын айрықша әскери оқу орны. Аты мен затының мазмұны мен мәні ерекше білдіріп тұрғандай, мұнда оқып, білім алған жандар нағыз ұлттық қорғаныс мамандары болып шығады.
Аталған университет 2002 жылдың 27 ақпан айында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «ҚР Қарулы Күштерінің Әскери академиясы мемлекеттік мекемесін қайта құру туралы» Жарлығымен және 2002 жылғы 2 мамырдағы «ҚР Қарулы Күштерінің әскери-оқу орындарында ұйымдық шараларды өткізу жөніндегі» Қорғаныс министрінің директивасына сай Көкшетау облысының Щучье қаласынан орын тепкен болатын. Сонан Президент Н. Назарбаевтың 2003 жылғы 21 тамыздағы «Әскери білім жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сай ҚР Қарулы Күштерінің Әскери академиясы «Ұлттық қорғаныс университеті» мемлекеттік мекемесіне айналды.
Міне, осылайша дүниеге келген Ұлттық қорғаныс университеті жоғары кәсіптік білім беру бағдарламасы бойынша Қарулы Күштерге, еліміздің басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарына әскери және мемлекеттік басқару, әскери және әкімшілік басқару, техникалық қамтамасыз ету, тылдық қамтамасыз ету, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс және әскери білім басқармасы мамандықтары бойынша офицерлік кадрларды дайындайды.
ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің 2005 жылғы 30 қарашадағы шешіміне сәйкес аталған Ұлттық қорғаныс университеті Ұжымдық қорғаныс қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің қарулы күштері үшін әскери кадрларды бірлесе дайындайтын оқу орындарының тізіміне енді.
Бұл тізімге енудің де өзіндік мәні бар екені белгілі. Өйткені, Ұлттық қорғаныс университетінің негізгі міндеттері де айрықша басым екенін атап өткен жөн. Мұнда негізінен магистратура бағдарламасы бойынша стратегиялық, жедел-стратегиялық және жедел-тактикалық басқару буындары үшін әскери кадрларды, докторантура, яғни жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарлама бойынша жоғары дәрежедегі ғылыми және оқытушы кадрларын, әскери кадрларды қайта дайындау мен біліктіліктерін көтеру, іргелі және қолданбалы әскери-ғылыми зерттеулерді жүргізу бағыттары басты назарға алынған.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінде түрлі оқыту бағдарламалары жүзеге асырылады. Соның бірі ретінде бағдар беру магистратурасын айтуға болады. Оның өзін жедел-тактикалық басқару буыны және стратегиялық және жедел-стратегиялық басқару буыны деп екіге бөледі. Жедел-тактикалық басқару буынына: әскери және әкімшілік басқару: техникалық қамтамасыз ету басқармасы; тылдық қамтамасыз ету басқармасы; тәрбие және әлеуметтік-құқықтық үдерістер басқармасы; ІІМ Ұлттық гвардиясының әскери және әкімшілік басқармасы жатады. Бұлардың бәрін әскерилердің білім алудағы бағдар беру магистратурасы деп атайды.
Әскери мамандарды дайындауда, оқытуда, әскери кадрларды қайта даярлауда (адъюнктура) жоғары оқу орындарынан кейінгі кәсіптік білім бойынша да даярлық жүргізіледі. Аталған адъюнктураның міндеті – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар үшін ғылыми-педагогикалық және ғылыми жоғары білікті кадрларды дайындау болып табылады.
2005 жылдан бастап Қазақстанның азаматтарымен қатар әскери оқу орнында Қырғызстан мен Тәжікстанның офицерлері де білім алады. Екі жылға оқуға келген бұл жақын шетел азаматтарына және олардың отбасы мүшелеріне де барлық қажетті жағдай жасалған. 2006 жылдан бастап халықаралық білім беру стандарттарына сәйкес университет Қазақстанның әскери білім беру жүйесінде алғашқылардың бірі болып кредиттік білім беру жүйесіне көшіп, білім беру бағдарламасын және зерттеу жұмысын табысты игерген түлектеріне «магистр» академиялық дәрежесін бере бастады. Бұл университетіміздің үлкен жетістігі деп білеміз. Сонымен қатар, жоғары әскери білімнің әрбір деңгейінде әскери кадрлардың біліктілігін арттыруды да осы білім ордасы жүзеге асырады.
2008-ші жыл Ұлттық қорғаныс университеті үшін маңызды болып есептеледі, себебі, осы жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шешімімен университет жанынан алғаш рет халықаралық дәрежесі бар Докторлық диссертациялық кеңес құрылды. 2011 жылы еліміздің Ұлттық қорғаныс университетінде Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабы академиясына ұқсас – жедел-стратегиялық басқарушы буын мамандарын даярлау үшін әскери және мемлекеттік басқару факультеті ашылды.
Осы жылы ғылыми кадрларды дайындау мақсатында «Әскери іс және қауіпсіздік» мамандығы бойынша ғылыми және педагогикалық кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарынан кейінгі кәсіптік танымдық бағдарлама болып табылатын докторантура ашылды. Енді Алла қосса үш танымды бағдарлама бойынша: әскери өнер, қарулану және әскери техника, әскери тарих оқуын тәмамдаған мамандардың алғашқы легінің өмірге жолдама алуы жоспарланып отыр.
Мұнда әскерилер үшін және жалпы әскери өмірді ұнататын жастар үшін білімнің нәрлі тереңінен сусындап, ғылымның небір түрімен айналысуына көп мүмкіндік бар. Осы ғылыми жұмыстардың негізгі бағыттары мен міндеттері туралы айтқанда әскери өнер мәселелерін зерттеу, әскери тәрбие мен оқыту мәселелері, соғыс және әскери өнер тарихы, басқа да салалар бойынша әскери-арнайы зерттеулер жөнінде құлағдар еткен жөн дейміз.
Ұлттық қорғаныс университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы алыс және жақын шетелдерден келген оқытушылар және өз еліміздің докторлары мен ғылым кандидаттары. Университетте 10 ғылым докторы, 30 ғылым кандидаты, 30 академиялық дәрежедегі «магистр» бар. Ұлттық қорғаныс университетінің ғалымдары Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Америка Құрама Штаттары ғалымдарымен бірлесіп мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша халықаралық ғылыми конференциялар мен семинарларға қатысса, қазіргі уақытта ғылыми-техникалық ынтымақтастық аясында бірлескен перспективалық ғылыми жобаларды жүзеге асыруда.
Оқу орнының құрылған күнінен бастап ТМД елдерінде де, алыс шетелдерде де абыройы мен беделі арта түсуде. Университетте сапармен болған ТМД елдерінің жоғары әскери басшылары, Қытай, АҚШ, Германия, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Иордания және Румыниядан келген әскери делегациялар профессорлық-оқытушылар құрамы мен тыңдаушылар құрамының кәсіби дайындығы деңгейін жоғары бағалады. Шет мемлекеттер қарулы күштері өкілдерінің университет жеке құрамымен кездесулері ынтымақтастықтың дамуына зор ықпалын тигізеді, әскери кадрларды дайындау үрдісі сапасын өзара арттыруға, сенімді нығайтуға үлкен мүмкіндіктер береді.
Ұлттық қорғаныс университетінің халықаралық ынтымақтастығы Қазақстанның НАТО-мен серіктестік мақсаттары шеңберінде, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше-мемлекеттермен өзара әрекеттесудің көпбағытты негізінде, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен өзара әрекеттесу негізінде, «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасы бойынша және т.б. бағдарламалардың негізінде жүзеге асырылады. Ал әскери оқу орындарындағы білім беруді заман талабына сай жүргізу ісінде ел Президенті бекіткен 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік білім бағдарламасының орны ерекше.
Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы жүйелі негізде, соның ішінде шетелдік жоғары оқу орындарында да біліктілікті арттырудан өтеді. Жаңа жасалымдарға сай 10 инновациялық патент алынды. Соңғы жылдары (2010-2013 жылдары) оқыту үдерістерін ғылыми-техникалық әдістемелермен қамтамасыз ету мақсатында 4 монография, 51 оқыту және оқу құралдары шығарылды.
Құрылып, жұмыс істеп келе жатқалы бері Ұлттық қорғаныс университетін 1000 аса тыңдаушылар бітірді, олардың ішінде ҰҚШҰ-ға қатысушы-елдердің әскери қызметшілері де бар. Ал енді үстіміздегі жылы 91 тыңдаушы әскери және әкімшілік басқару, әскери және мемлекеттік басқару, ҰҚШҰ әскери және әкімшілік басқару, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық гвардиясының әскери және әкімшілік басқару, арнайы факультеттің әскери және әкімшілік басқару, техникалық қамтамасыз етуді басқару, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық үдерістер басқармасының тылдық қамтамасыз ету және әскери білім беру ісі бойынша бітіріп шықпақшы. Ұлттық қорғаныс университетінде, сондай-ақ, бейімдік және ғылыми-педагогикалық магистрант және ғылыми-педагогикалық докторант мамандарын дайындау да жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2008 жылдан бері Астана қаласында Ұлттық қорғаныс университетін салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жүргізіліп келеді. Аталған нысанның кешені 20 гектар жерді алып жатыр, онда 107 185 шаршы метрге 16 ғимарат тұрғызылып, тұрғын үйлер де қамтылған. Қазіргі күні жалпы 63 000 шаршы метр нысандардың құрылысы аяқталды. Оның ішіне 5 оқу корпусы, әкімшілік корпусы және 306 пәтерлік жатақхана кіреді.
Университеттің жаңа ғимараты елордада «Назарбаев Университетпен» қатарласа орналасқан. Енді бұдан былай ғылым саласы мен кадрларды дайындау барысында қос көшбастаушы жоғары оқу орындарын өзара ықпалдастыра жүргізу жоспарланып отыр. Университеттің жаңа кешені оқытудың заманауи құралдарымен қамтылған алты корпустан тұрады. Бұлардың қатарына топтық және дәрістік аудиториялар, компьютерлік сыныптар, лингафон кабинеттері, конференция өткізетін залдар, 200 орындық кинозал қосылады. Ұқсастыру үлгісінің орталығы болжамды жаумен ұрыс жүргізуге, түрлі жаттығуларды өткізуге мүмкіндік береді. Ал университеттің кітапхана қоры ғылыми, оқу, көркем және құпия құралдарды алға тартады. Мұнда 75 мың түрлі кітап қоры бар.
Демек, Ұлттық қорғаныс университеті туралы жоғарыдағы мәліметтерді ашық айта отырып, оның Орталық Азия бойынша магистрант және докторант бағдарламасы бойынша әскери кадрларды дайындаудағы жалғыз әрі бірегей оқу орны болып табылатындығына көзіміз жетеді. Ал университеттің Астана қаласына табан тіреуі профессорлық-оқытушылық құрамның жоғары білікті кадрлармен толыға түсуіне және әскери істі зерттеу мен игеруде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге көмегін тигізетіні сөзсіз. Сол сияқты университеттің қазіргі заманның талабына сай жабдықталған жаңа әскери-ғылыми зертханасы әскери салада табысты ғылыми-зерттеулер жүргізуге жол ашады деген сенім бар. Ал университет құрылысы кешені 2016 жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. Ендеше, Астанада бой көтерген Ұлттық қорғаныс университеті қазірдің өзінде-ақ ұлтымыздың болашағы мен мақтанышына айналып үлгерді.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».