04 Маусым, 2010

Чинг ВУ, АИБА президенті: “ҚАЗАҚСТАН — БОКС ДЕРЖАВАСЫ”

519 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жақында Астанаға Халықаралық әуесқой бокс федерациясының президенті Чинг Ву келіп, елімізде спорттың осы түрін дамытуда атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін Қазақстан Бокс федерациясының басшысы Тимур Құлыбаевпен, былғары қолғап өнерінің беделді мамандарымен кездескені белгілі. Осы жүздесулерде АИБА президенті бокстан әйелдер арасында өткен Азия чемпионатының ұйымдастырылуын, оған Қазақстанмен қатар өзге де елдердің жақсы дайындықпен келгендерін, елімізде боксты дамытуда істелініп жатқан жұмыстарға байланысты өз пікірін білдірген болатын. Сол кездесулерден кейін Чинг Вуды қазақ боксы мен отандық федерацияның оны дамытудағы жұмыстарына байланысты пікірін білу үшін әңгімеге тартқан едік.Бұл сіздің елімізге жасап отырған алғашқы сапарыңыз емес. Қазақ боксымен сіз жақсы таныс­сыз. Оның қазіргі даму деңгейі жөнінде не айта аласыз? – Бұл менің Астанаға жасап отырған үшінші сапарым. Мен ос­ында келген сайын үлкен өзге­рістерге куә болудамын. Астана осындай қарқынмен дами берсе, ол болашақта әлемнің ең әдемі қалаларының бірі болатынына се­нім­дімін. Жақын арада Аста­на­ның туған күні болады екен. Осы мүмкіндікті пайдалана оты­рып, барлық қазақстандықтарды, оның ішінде астаналықтарды келе жатқан қала күнімен құттық­тай­мын! Барлық жақсылықты тілей­мін! Ал енді боксқа келер болсам, сіздерде ең бастысы, бәрі де боксты жақсы көреді, оны қызыға тама­шалайды. Қазақ боксының тари­хы­мен танысқанымда көп адамд­ар­дың оны дамытуға еңбек сіңірге­ніне көз жеткіздім. Соның нәти­же­сінде, қазір Олимпиада мен әлем, Азия чемпионаттарында қазақ боксы­шылары үнемі құрмет тұғы­рының ең биік сатысынан көрініп жүр.Қазақ боксшылары ішінде кімді айта аласыз? – Олардың бәрін айта алмай­мын. Сіздерден шыққан Олим­пиада, әлем, Азия чемпионда­ры­ның бәрі талантты, дарынды. Жа­қында бокстан әйелдер арасында өткен құрлықтық чемпионатта Бей­жің Олимпиадасының чем­пио­ны атанған боксшымен кез­дес­тім. Өте талантты, өз ісіне бе­ріл­ген боксшы. Оның сүйікті ісіне қайтып келгеніне қуаныштымын. Қазір АИБА аясында дүние­жү­зілік WSB лигасы құрылғаны бел­гілі. Енді Қазақстан боксшылары осы кәсіпқой лигада өнер көрс­е­тіп, Олимпиада жолдамасын сарапқа сала алады.Қазақстан Бокс федерация­сы елімізде спорттың осы түрін дамытуда барлық жағдай жасап отыр. Осы жолғы сапарыңызда қандай өзгерістерді байқадыңыз? – Қазір федерацияға жаңа президент, вице-президенттер, жаңа атқарушы комитет, аппарат жетекшісі келіп отыр. Бізге Бокс федерациясының жұмыс істеу стилі ұнайды. Федерацияға жаңа басшылық келгелі бері олар біз­бен тығыз байланыс орнатуға көп мән беруде. Бізге осы жағы ұна­ды. Бүгінде АИБА барлық ел­дердің федерацияларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Осында өткен Азия чемпионаты кезінде Қазақстан Бокс федера­циясының президенті Тимур Құ­лыбаевпен кездесіп, екі жақты ын­тымақтастық мәселелерін тал­қыладық. Онда биыл АИБА атқа­рушы комитетінде өткізілетін сай­лау жөнінде де әңгімелестік. Біз­дің ойымызша, Қазақстанның ат­қарушы комитетіне өкілін сай­лауға мүмкіндігі көп.Елімізде тұңғыш рет бокс­тан өткен әйелдер арасындағы Азия чемпионатын өз көзіңізбен көрдіңіз. Пікіріңіз қандай? – Бокс федерациясы чемпио­нат­ты жақсы өткізді. Барлық ел­дер оған жақсы дайындалып ке­ліпті. Төрт алтын, бір күміс, үш қо­ла медаль – ел үшін үлкен же­тістік. Жалпы, қазір бүкіл дүние жүзінде әйелдер боксына көзқарас бұрынғыдан өзгеше болып отыр. Өйткені, әйелдер боксы Олимпия ойындарының бағдарламасына енген спорттың түрі болғандықтан барлық елдер өз федерацияларын ашып, боксты дамытуға баса мән беріп келеді. Осы жерде әйелдер боксының Олимпиадаға енуі оңай болмағанын атап өткім келеді. Кезінде ХОК бізге мынадай талап қойған болатын. Олар бізге Олим­пия ойындарына 286 спортшы ғана қатысатынын айтып, бокс бәсекесіне қатысатын спортшы­лардың санын азайтуды ұсынды. Сөйтіп, біз амал болмаған соң, ерлер арасында өтетін жарыстар­дағы салмақ дәрежелерін 10-ға қысқартып, әйелдер боксына 3 салмақ қосу керек деген шешім қабылдадық. Мұның алдында ерлер жарыстары 13 салмақта өтетін. Енді әйелдер арасында қай елдің құрамаларының Олимпиа­даға қатысатыны 2012 жылы өте­тін әлем чемпионатында белгілі болады. Осы бәсекеде чемпион атанған боксшылар Олимпиадада 51, 60 және 75 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде күш сына­сады. Әр салмақта 12 боксшыдан болады. Әлем чемпионатының қайда болатынын алдағы шілде айында Мароккода өтетін АИБА-ның кезектен тыс отырысында шешетін боламыз. – АИБА-ның президенті ре­тінде бокстың қазіргі даму деңгейіне көңіліңіз тола ма? – Екі жеті бұрын Замбияның астанасы Лусакада АИБА-ның бокс жөніндегі оқу орталығы аш­ыл­ды. Ол Африкада спорттың осы түрін дамытумен айналы­сатын бо­лады. Мұндай орталықты біз ал­ғаш рет Канаданың Квебек про­вин­циясында ашқан болатын­быз. Енді қазір бокс ордаларын барлық құрлықтарда ашуды жос­парлап от­ыр­мыз. Ал Азияға келер бол­сам, бүгінде Қазақстан, Қы­тай, Өзбек­стан, Үндістан, Моң­ғолия ел­де­рін­де боксты да­мы­туға баса мән бе­рілуде. Қа­зақ­станды өз ба­сым бокс державасы деп есептеймін. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.