Жақында Астанаға Халықаралық әуесқой бокс федерациясының президенті Чинг Ву келіп, елімізде спорттың осы түрін дамытуда атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін Қазақстан Бокс федерациясының басшысы Тимур Құлыбаевпен, былғары қолғап өнерінің беделді мамандарымен кездескені белгілі. Осы жүздесулерде АИБА президенті бокстан әйелдер арасында өткен Азия чемпионатының ұйымдастырылуын, оған Қазақстанмен қатар өзге де елдердің жақсы дайындықпен келгендерін, елімізде боксты дамытуда істелініп жатқан жұмыстарға байланысты өз пікірін білдірген болатын. Сол кездесулерден кейін Чинг Вуды қазақ боксы мен отандық федерацияның оны дамытудағы жұмыстарына байланысты пікірін білу үшін әңгімеге тартқан едік.
– Бұл сіздің елімізге жасап отырған алғашқы сапарыңыз емес. Қазақ боксымен сіз жақсы таныссыз. Оның қазіргі даму деңгейі жөнінде не айта аласыз?
– Бұл менің Астанаға жасап отырған үшінші сапарым. Мен осында келген сайын үлкен өзгерістерге куә болудамын. Астана осындай қарқынмен дами берсе, ол болашақта әлемнің ең әдемі қалаларының бірі болатынына сенімдімін. Жақын арада Астананың туған күні болады екен. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық қазақстандықтарды, оның ішінде астаналықтарды келе жатқан қала күнімен құттықтаймын! Барлық жақсылықты тілеймін! Ал енді боксқа келер болсам, сіздерде ең бастысы, бәрі де боксты жақсы көреді, оны қызыға тамашалайды. Қазақ боксының тарихымен танысқанымда көп адамдардың оны дамытуға еңбек сіңіргеніне көз жеткіздім. Соның нәтижесінде, қазір Олимпиада мен әлем, Азия чемпионаттарында қазақ боксышылары үнемі құрмет тұғырының ең биік сатысынан көрініп жүр.
– Қазақ боксшылары ішінде кімді айта аласыз?
– Олардың бәрін айта алмаймын. Сіздерден шыққан Олимпиада, әлем, Азия чемпиондарының бәрі талантты, дарынды. Жақында бокстан әйелдер арасында өткен құрлықтық чемпионатта Бейжің Олимпиадасының чемпионы атанған боксшымен кездестім. Өте талантты, өз ісіне берілген боксшы. Оның сүйікті ісіне қайтып келгеніне қуаныштымын. Қазір АИБА аясында дүниежүзілік WSB лигасы құрылғаны белгілі. Енді Қазақстан боксшылары осы кәсіпқой лигада өнер көрсетіп, Олимпиада жолдамасын сарапқа сала алады.
– Қазақстан Бокс федерациясы елімізде спорттың осы түрін дамытуда барлық жағдай жасап отыр. Осы жолғы сапарыңызда қандай өзгерістерді байқадыңыз?
– Қазір федерацияға жаңа президент, вице-президенттер, жаңа атқарушы комитет, аппарат жетекшісі келіп отыр. Бізге Бокс федерациясының жұмыс істеу стилі ұнайды. Федерацияға жаңа басшылық келгелі бері олар бізбен тығыз байланыс орнатуға көп мән беруде. Бізге осы жағы ұнады. Бүгінде АИБА барлық елдердің федерацияларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Осында өткен Азия чемпионаты кезінде Қазақстан Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевпен кездесіп, екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқыладық. Онда биыл АИБА атқарушы комитетінде өткізілетін сайлау жөнінде де әңгімелестік. Біздің ойымызша, Қазақстанның атқарушы комитетіне өкілін сайлауға мүмкіндігі көп.
– Елімізде тұңғыш рет бокстан өткен әйелдер арасындағы Азия чемпионатын өз көзіңізбен көрдіңіз. Пікіріңіз қандай?
– Бокс федерациясы чемпионатты жақсы өткізді. Барлық елдер оған жақсы дайындалып келіпті. Төрт алтын, бір күміс, үш қола медаль – ел үшін үлкен жетістік. Жалпы, қазір бүкіл дүние жүзінде әйелдер боксына көзқарас бұрынғыдан өзгеше болып отыр. Өйткені, әйелдер боксы Олимпия ойындарының бағдарламасына енген спорттың түрі болғандықтан барлық елдер өз федерацияларын ашып, боксты дамытуға баса мән беріп келеді. Осы жерде әйелдер боксының Олимпиадаға енуі оңай болмағанын атап өткім келеді. Кезінде ХОК бізге мынадай талап қойған болатын. Олар бізге Олимпия ойындарына 286 спортшы ғана қатысатынын айтып, бокс бәсекесіне қатысатын спортшылардың санын азайтуды ұсынды. Сөйтіп, біз амал болмаған соң, ерлер арасында өтетін жарыстардағы салмақ дәрежелерін 10-ға қысқартып, әйелдер боксына 3 салмақ қосу керек деген шешім қабылдадық. Мұның алдында ерлер жарыстары 13 салмақта өтетін. Енді әйелдер арасында қай елдің құрамаларының Олимпиадаға қатысатыны 2012 жылы өтетін әлем чемпионатында белгілі болады. Осы бәсекеде чемпион атанған боксшылар Олимпиадада 51, 60 және 75 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде күш сынасады. Әр салмақта 12 боксшыдан болады. Әлем чемпионатының қайда болатынын алдағы шілде айында Мароккода өтетін АИБА-ның кезектен тыс отырысында шешетін боламыз.
– АИБА-ның президенті ретінде бокстың қазіргі даму деңгейіне көңіліңіз тола ма?
– Екі жеті бұрын Замбияның астанасы Лусакада АИБА-ның бокс жөніндегі оқу орталығы ашылды. Ол Африкада спорттың осы түрін дамытумен айналысатын болады. Мұндай орталықты біз алғаш рет Канаданың Квебек провинциясында ашқан болатынбыз. Енді қазір бокс ордаларын барлық құрлықтарда ашуды жоспарлап отырмыз. Ал Азияға келер болсам, бүгінде Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Үндістан, Моңғолия елдерінде боксты дамытуға баса мән берілуде. Қазақстанды өз басым бокс державасы деп есептеймін.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.