Үкіметаралық комиссия 1999 жылы құрылған. Осы уақыттан бері екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар тек нығая түсті.
Мәселен, 2022 жылы Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы $41,6 млн болды, бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда, 99,8%-ға жоғары ($20,8 млн). Ал экспорт – $10,3 млн-нан $26,9 млн-ға дейін, импорт – $10,5 млн-нан $14,7 млн-ға дейін 40,2%-ға өсті.
Былтыр Қазақстаннан Арменияға ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнімдері, электр аккумуляторлары, легирленбеген болаттан жасалған жалпақ прокаттар және басқа да өнімдер экспорты артты. Екі ел арасындағы импорттың негізгі бөлігін машиналар мен жабдықтар, лактар мен бояулар, дәрілік заттар және басқа да тауарлар құрайды.
2023 жылғы қаңтар-ақпанда тауар айналымы 81,8%-ға өсіп, $4,6 млн болды. Қазақстаннан Арменияға экспорт 2,7 есеге ұлғайып, $2 млн-ға; Армениядан Қазақстанға импорт $2,6 млн-ға дейін 46,2%-ға өсті.
Үкіметаралық комиссияның тең төрағаларының екіжақты кездесуі барысында былтырғы және 2023 жылғы 2 айдағы оң динамикаға сүйене, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екендігі атап өтілді.
«Мүмкіндіктер терезесі» металлургия, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, ақпараттық-коммуникация, көлік, энергетика, туристік және басқа да салаларға ашылған.
Үкіметаралық комиссияның пленарлық отырысында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мақсатында армян тарапы қызығушылық танытқан қазақстандық компанияларды Армения аумағында өткізілетін тендерлерге, сондай-ақ Гюмри қаласында логистикалық орталық (dry port) құру жобасына қатысуға шақырып, қазақстандық ұйымдардың Армения аумағындағы құрылыс жұмыстарына қатысуына мүмкіндіктер бар екендігін айтты.
Өз кезегінде қазақстандық тарап серіктестерді Қазақстаннан Арменияға шикізатты да, дайын өнімді де, оның ішінде, металлургия, мұнай-химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өндірісі тауарларын экспорттау мүмкіндігі туралы хабардар етті.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар екі елдегі компаниялар мен іскер топтардың қызметін қолдау, бірлескен кәсіпорындар құру, Қазақстан мен Армения аумақтарында шаруашылық жүргізуші субъектілердің өкілдіктері мен филиалдарын ашу, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, экспортты ілгерілету және инвестициялар тарту туралы уағдаласты.
Үкіметаралық комиссия тұрақты негізде жылына екі рет экспортқа бағытталған өнімдер туралы ақпарат алмасуға, сыртқы сауда көлемін ұлғайту мақсатында мультимодальды тасымалдарды жүзеге асыру үшін екі елдің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейту туралы жүйелі түрде хабардар ету туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ IT, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері, атап айтқанда, Қазақстан мен Армения арасында тікелей әуе рейстерінің санын арттыру және Астана мен Ереван арасында тікелей әуе қатынасын орнату мүмкіндіктері талқыланды.
Қаржы технологиялары мен электронды коммерция саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында «Қазпошта» АҚ мен «Хайпост» ЖАҚ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды. Осы және өзге де келісімдер қол қойылған бірлескен хаттамада бекітілді.
Сондай-ақ отырыс барысында тараптар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен АР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында әлеуметтік-еңбек саласындағы ынтымақтастыққа ниет туралы меморандумға және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен АР Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрлігі арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.