Азия чемпионатының ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, «IBSA» (Дүниежүзілік Парадзюдо ұйымы) төрағасы Янош Тардос және Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар ресми іс-шара барысында былтырғы әлем чемпионатының жеңімпаздары – Ақмарал Науатбек пен Ерғали Шамей «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері» спорттық атағымен марапатталды. Сондай-ақ спортшыларды даярлаған бапкер Дәурен Оразов «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» спорттық атағына ие болды.
Сөйтіп, үш күнге жалғасқан байрақты бәсекенің алғашқы жарыс күнінде жерлестеріміз екі алтын, екі күміс және бір қола медальды қоржынға салды. Атап айтқанда, Даяна Федосова (57 кг, J2) мен Ерғали Шамей (73 кг, J1) чемпион атанса, Ақмарал Науатбек (52 кг, J2) күміс, Олжас Оразалы (73 кг, J2) қола медаль еншіледі.
Ерғали Шамей бас жүлде үшін өткен белдесуде өзбекстандық Шохрух Мамедовтен басым түссе, Даяна Федосова да оңтүстіктегі көршіміздің бұрымды балуаны Кумусхон Ходжаевадан айласын асырды. Ал былтырғы әлем чемпионы Ақмарал Науатбек финалда Өзбекстан спортшысына жол беріп қойды.
Азия чемпионатының екінші күніне жоспарланған бәсекелерде Альфия Тілекқабыл (57 кг) J1 санатында, Жанбота Аманжол (90 кг) J2 санатында жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл – 16 жастағы Альфияның алғашқы Азия чемпионаты. Ол парадзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасына биыл қосылған болатын.
А.Тілекқабыл финалда өзбекстандық спортшы Хосиаткхон Позилжанованы иппон әдісімен жеңсе, Жанбота еліміздің тағы парадзюдошысы Ғалымжан Смағұлұлымен белдесіп, аса тартысты өткен бәсекеде өз мықтылығын дәлелдеді. Ғалымжан күміс жүлдеге ие болды.
Сонымен қатар жарыстың екінші күнінде Ерлан Конкиев (+90 кг, J2) пен Бауыржан Арыстанбеков (90 кг, J1) финалда сүрініп, күміс жүлдеге ие болса, Дилорам Диханова (57кг, J1), Динара Куджулова (70 кг, J1), Зауре Айтек (70 кг, J1), Талғат Әжіғалиев (+90 кг, J2) және Ерлан Өтепов (90 кг, J1) Азия чемпионатының қола жүлдегерлері қатарынан көрінді.
«Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын жоспарлағанымыздай сәтті аяқтады. Десе де біз үшін Азия чемпионаты аяқталды деп айтуға әлі ерте. Ертең командалық жарыста бақ сынаймыз. Жекелей сайыс бойынша құрама жоспарды толық орындады. Азия чемпионатында жеңімпаз және жүлдегер атанған спортшылардың басым бөлігі құрамаға биыл қосылған жас балуандар. Осындай әлемдік дәрежедегі алғашқы жарыстарына қатысты. Олардың кейбіреулері, мысалы Альфия саусағының сынғанына қарамастан күресіп, жанкештілік танытты. 16 жасында Азия чемпионы атанды. Парадзюдода осал спортшы деген болмайды. Мұнда татамиге шыққан әрбір балуан ерекше құрметке ие және олардың ерік-жігері бәрімізге үлгі деп ойлаймын», дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері Жандос Қиянов.
Астана татамиіндегі Азия чемпионатында Қазақстан құрамасынан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Жапония, Моңғолия, Үндістан, қытайлық Тайпей, Индонезия, Иран, Оңтүстік Корея және Таиланд құрамасының өкілдері белдесті. Жалпыкомандалық есепте Өзбекстан құрамасы 4 алтын, 6 күміс, 3 қола медальмен көш бастаса, Иран балуандары 3 алтын және 2 қола жүлдемен үздік үштікті түйіндеді.