Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдік дипломатия туралы кітабы жарық көреді
Көрнекті дипломат және саясаткер, Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Reflections at the United Nations» жаңа кітабы шілденің аяғында жарық көреді. Оны «БҰҰ-дағы толғаныстар» деп аударуға болар еді. Кітапқа Қ.Тоқаевтың 2011 жылғы сәуір мен 2013 жылғы қазан аралығындағы кезеңде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Женева бөлімінің Бас директоры, БҰҰ Бас хатшысының Жеке уәкілі және Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы болған кездегі ағылшын, француз, орыс және қытай тілдерінде сөйлеген сөздері мен мәлімдемелері енді. Кітапта оның сол кезеңде жарияланған мақалалары да бар.
Қ.Тоқаев – БҰҰ желісі бойынша барлық шаралардың 70 пайызына жуығы өтетін, жаһандық конференциялық орталық болып табылатын БҰҰ-ның Женевадағы бөлімін басқарған Азияның алғашқы өкілі. Ол өзін тиімді басқарушы ретінде көрсетті. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мен халықаралық ұйымдардың басшылары Женева оның кезінде халықаралық дипломатиядағы дүниежүзілік орталық ретінде өзінің рөлін күшейте түсті деп санайды.
Қ.Тоқаевтың көлемді (800 беттен астам) еңбегі дипломаттар, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері мен жас мамандарға зор ықылас туғызады.
«Егемен-ақпарат».