Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Ерлан Қариннің айтуынша, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес Президенттің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып белгіленді. «Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес синтетикалық есірткінің таралуына қатысты қауіпті алғашқылардың бірі болып көтерді. Оған барша қоғамның назарын аударды. Сондықтан бүгін Қазақстан Республикасының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының кеңес алаңында талқылануы бекерденбекер емес. Жоспар бойынша жоба 7 бөлімнен және 64 пункттен тұрады. Ол ең алдымен, нашақорлықтан оңалтуды және есірткіге тәуелділер санын азайтуды көздейді. Осы арада мұндай жоспардың 2016 жылдан бері қабылданбағанын айта кету керек», деді ол Telegram-дағы парақшасында.
Мамандар ресми статистика бойынша елімізде есірткі тұтынушылар саны жылдан-жылға азайып келе жатқанына қарамастан, синтетикалық есірткіге тәуелділер қатары керісінше көбейгенін айтып дабыл қағуда. Синтетикалық есірткі немесе психотропты заттар әсіресе жастар арасында көп қолданылады. Біріншіден, ол заттарды алу үшін арнайы «нүктелерге» барып жүрмей, интернет арқылы қол жеткізу мүмкіндігі, екіншіден, бірден «баурап» алатын қасиеті өзіне тәуелді жастардың тым көбеюіне әкеп соқтыруда. Мәселен, өткен жылы тіпті танымал «Mad Men» тобы жігіттерінің синтетикалық есірткі жасап, сатқаны үшін ұсталып, сотталуы бұл пәлекеттің бет алысы қандай қорқынышты екенін аңғартса керек.
Ресми статистикалық мәліметтер бойынша, елімізде дәстүрлі есірткі заттарын тұтынушылардың орта жасы – 40-45 жас аралығы болса, синтетикалық есірткі пайдаланушылар негізінен 30-35-тегі жастар, ал ұшпа ерітінділерді 20-25-тің айналасындағы жастар тұтынады екен. 2017-2018 жылдары 13 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдердің есірткі тұтыну ауқымын анықтау мақсатында жүргізілген ұлттық зерттеу олардың 1,6 пайызы психобелсенді заттарға тәуелді екендігін айғақтаған. Ал Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының психиатр дәрігері Гүлмира Сәдуақасованың айтуынша, анонимдік зерттеулер соңғы уақытта есірткіге тәуелді жастардың қатары 2 пайызға жеткенін көрсетті.
Біздің ойымызша, мемлекет тарапынан есірткінің таралуына қарсы жасалатын қадамдар өзінің жемісін беруі үшін ең алдымен отбасындағы ата-ана бақылауы күшейтілуі керек. Отбасында бетімен кеткен баланы қоғам тәрбиелей алмайды. Психиатр Гүлмира Сәдуақасова есірткіге бой алдыра бастаған жастың бойында жүріс-тұрысы мен мінез-құлқының өзгеруі, агрессияның пайда болуы, ешнәрсеге қызықпауы, ал тәуелділіктің ауыр кезеңіне өткенде қорқыныш сезімінің пайда болуы секілді белгілер көрініс табатынын айтады.
Әрбір ата-ана баласының жүріс-тұрысынан осы аталған өзгерістерді байқап, дер кезінде қимыл жасаса, оны есірткіге тәуелділік құрдымынан оңай құтқарып алады. Баланы жалғыз тастау, онымен сырласпау, проблемаларын сұрап, талқыламау, жұмысбастылықпен жүріп қадағалауды көзден таса қалдыру – көбіне олардың түрлі теріс жолдарға түсіп кетуіне себеп болатын қателіктер. «Бір сөзбен айтқанда, есірткіге тәуелділіктің ең бірінші тосқауылын тәрбиеден іздеу керек», дейді мамандар. Ал тәрбиені тәрк еткен отбасыдан нашақорлыққа, спиртті ішімдіктерге және құмар ойындарға тәуелді балалар өсіп-жетілетінін өмірдің өзі көрсетіп отыр.