
Екі күнге созылған конференцияда спикерлер өз елдерінің тәжірибелерін ортаға салды. Пленарлық мәжілісте сөз алған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев орталық пен өңірлер арасында басталған мемлекеттік қызметшілерді жүйелі ротациялау сөз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асырылуға тиіс екенін айтты.
– Бүгінде көптеген жас азамат жауапты қызметтерге тағайындалып жатыр. Бұл – дұрыс. Мұндай саясатты толығымен қолдаймын. Алайда қазіргі таңда орталық мемлекеттік органдарда негізгі позицияларда жұмыс істейтін мамандардың көбінде аймақтарда жинаған тәжірибесі жоқ екені де жасырын емес. Сондықтан орталық пен өңірлер арасында мемлекеттік қызметшілерді жүйелі ротациялауды қамтамасыз етудің маңызы зор. Биыл наурыз айында Парламент «Мемлекеттік қызмет туралы» заң аясында қызметкерлерді ротациялау туралы норманы қабылдады. Бұл аталған үдерісті күшейтудің құқықтық және басқа да экономикалық негізін қалыптастырды. Енді ротация сөз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асырылуға тиіс. Мұндай қадам қызметкерлерді негізгі позицияларға жылжыту кезінде нормаға айналуы керек. Қажет болған жағдайда Сенат осы бағыттағы тиісті заңнамаға жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін бірлесіп талқылауға дайын, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат төрағасы мемлекеттік қызметшілердің құқықтық тұрғыда әлсіз қорғалғанын айтты. Осының салдарынан олар жауапкершілікті өз мойнына алудан және шешім қабылдаудан қорқады. Ал Президенттің бастамасымен қолға алынған әлеуметтік-экономикалық реформаларды тиімді іске асыру үшін жауапкершілікке дайын бастамашыл басқарушылар қажет. Сондықтан Палата спикері қазіргі заманғы технологияларды белсенді пайдалана отырып, жаңа формациядағы мемлекеттік қызметшілерді даярлауға баса мән беріліп жатқанын айтты.
– Елімізге білімді, білікті, бойына дұрыс құндылықтарды сіңірген басқарушылардың жаңа буыны қажет. Қазір мемлекеттік органдар үшін аналитиктер даярлау ісі де маңызды міндет болып саналады. Көптеген құрылымда сапалы талдау жасай алатын білікті мамандар жеткіліксіз. Былтыр біз Сенат жанынан «Талдау мектебін» құрдық. Мектеп аясында мамандардың екі тобын даярлап шығардық. Әр кезеңде екі ай бойы тәжірибелі қазақстандық және шетелдік аналитиктер, сарапшылар дәріс оқыды. Іріктеуден өткен жас тыңдаушыларға арнап тәжірибелік сабақтар ұйымдастырды. Осы жобаны іске асыру кезінде аналитиктерге сұраныстың жоғары екенін көріп, таңғалдық. Сол себепті, мемлекеттік басқару жүйесі үшін талдау дағдыларын меңгерген білікті мамандар даярлау жұмысын жүйелеудің маңызы зор. Осы бағытта Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен, басқа да құрылымдармен, шетелдік мамандармен ынтымақтастық орнатуға дайынбыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар ашықтық принципіне негізделген жаңа басқару мәдениетін қалыптастыруды көздейтінін атап өтті.
– Жаңа басқару мәдениеті «Ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді. Мемлекеттік органдар үшін негізгі мақсат – мемлекет пен қоғам қатынасын үйлестіруде бюрократияға жол бермейтін басқарудың проактивті, сервистік және азаматтардың сұраныстарына ден қоя алатын үлгісіне көшу. Сонда ғана біз шын мәніндегі жаңа басқару мәдениетіне көшіп, ашық Үкіметті қалыптастырамыз, – деді МҚІА басшысы.
Дархан Жазықбаевтың айтуынша, жаңа басқару мәдениетіне сай, еліміздегі реформалар, бағдарламалық құжаттар мен ұлттық жобалардың тиімділігі олардың халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына тигізген оң әсерімен өлшенуі керек.
Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл басқа елдің тәжірибесін толықтай өзімізге қолдану – қате түсінік деген пікірде. «Қазақстанның жинаған өз тәжірибесі бар. Өзіміздің мәдениетімізге, құндылықтарымызға сай басқару моделін бейімдеу – күн тәртібіндегі мәселе», деді академия ректоры.
Дегенмен елдегі мемлекеттік басқару саласында жемқорлықтың жолын кесу мәселесі өзекті болып тұрғаны белгілі, осы орайда мамандар Қазақстанға Словения елінің қолға алған ісі бізге көмегін тигізетініне сенімді.
– Біз жемқорлықты алдын алу үшін Словенияда енгізілген платформаны Қазақстанда іс жүзінде қолданып көруді ұсынып отырмыз. 17 мамырда Словения елінің жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің төрағасы елімізге келеді. Ол бізге бұл жүйенің қыр-сырын айтып, жүйесімен бөліспек. Менің білуімше бұл бірегей платформа, оған кіріп қандай мемлекеттік органның қандай мекеме, тұлғаларды қаржыландырып жатқанын білуге болады, – деді Мемлекеттік қызметтің Астаналық хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов.
Ал Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг экономика тұрғысынан экология мәселесін қалай шешуге болатынын айтты. Оның айтуынша, Қазақстан да әлем елдері секілді климаттың өзгеруінен зардап шегіп отырған елдердің қатарында. Бұл мәселені шешу үшін нарықтық экономикадан тұрақты экономикаға ауысу қажет дейді шетел ғалымы.
Қолданыстағы қосымшалардың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қаржы шығармай-ақ мемлекеттік қызмет сапасын, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға болады. Осы орайда «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов бірнеше ұсыныс жасады.
– Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы мәселелерді шешу үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлмей, нарықта бар қосымшаларды қолдауды ұсынамын. Яғни, қолданыстағы дүниелерді мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу және мемлекеттің тиімділігін арттыру үшін пайдалану керек екенін айттым. Мысалы, 2gis қосымшасын 9 млн адам қолданады, пікірлерін сонда жазады. Бірақ мемлекеттік мекемелер онда жазылған пікірлерге жауап бермейді, ал жекеменшік компаниялар оны тиімді пайдаланып, қызмет көрсету сапасын арттырып отыр. Осы орайда мемлекеттік сатып алудың сапасын бақылау үшін бюджет қаржысына салынған мемлекеттік үйлерге, мектептерге, ауруханаларға қанша ақша бөлінді, жол сапасы қандай, оған қанша ақша бөлінді деген ақпаратты сол қосымша арқылы көрсетуге болады. Осылайша, халықтан кері байланыс алуға болады. Мемлекет нарыққа жаңаша көзқараспен қарауға тиіс, – деді Дидар Смағұлов.
Айта кетейік, іс-шараға Сенат төрағасымен бірге Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, экономика профессоры, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг және басқа да отандық және шетелдік сарапшылар, ғалымдар, мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.