Қоғам • 01 Мамыр, 2023

Әлихан Смайылов Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады

330 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов ел тұрғындарын Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлихан Смайылов Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады

«Құрметті отандастар!

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн – ортақ келісім мен ауызбіршілікті қастерлі құндылығы санайтын көпұлтты халқымыз үшін еңселі елдіктің, ырысты ынтымақтың мейрамы.

Тәуелсіз еліміздің болашағы өзара сыйластық және мызғымас достық сияқты мемлекеттігіміздің берік негіздеріне байланысты.

Сондықтан бүгінгі мереке туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігіміз бен шексіз құрметіміздің айшықты белгісі болып саналады.

Әрбір азаматтың келешек ұрпақ алдындағы ұлы міндеті – ата-бабамыздың осынау баға жетпес мұрасын көздің қарашығындай сақтап, ел мүддесіне қызмет ету.

Береке-бірліктің арқасында елімізде тұрақтылық пен үйлесімділік салтанат құруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген саяси бағдар этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті нығайтуға бағытталған.

Бүгінгі шуақты мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін!», делінген Үкімет басшысының құттықтауында.