Қоғам • 02 Мамыр, 2023

Елді мекендерді сумен қамтуға 280 млрд теңге бөлінді

534 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылы еліміздегі қалаларда сумен жабдықтау қызметтері 98,4%-ға, сондай-ақ ауылды жерлерде 94,5%-ға қолжетімді болды. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елді мекендерді сумен қамтуға 280 млрд теңге бөлінді

Министрдің сөзінше, қазір Қазақстанның 9 өңірінде қала халқын сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 100%-ға жетіп отыр.

Ведомство басшысы айтқандай, таза сумен қамтамасыз етуде Жамбыл (91,9%) облысындағы қалалар мен Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарында баяу динамика байқалып отыр.

Бұл ретте биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салып, жаңғырту жөніндегі 400-ден астам жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 280 млрд теңге бөлінгенін айта кеткен орынды. Осы арқылы жыл соңына дейін қалаларды сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 98,8%-ға, ал елді мекендерде 96,3%-ға жеткізу көзделген.

Сонымен қатар М.Қарабаев су тазарту жүйелерінің қауқарын арттырып, магистральды су құбырларын кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Таза суды тарту бойынша кезеңдік жоспар әзірленіп, соған сәйкес барлық елді мекен қамтылады. Әрбір қалалық және ауылды елді мекенге байланысты мониторинг жүргізіліп келеді. Оның ішінде іздестіру-барлау жұмыстары, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және құрылыс-монтаж жұмыстарын іске асыру мәселелері бар», деді министр.

Бұған қоса ол су ресурстарын үнемдеу мақсатында сумен жабдықтау, суды бұру және оны тазартатын жүйелердің өндіріс процестерін автоматтандыруды ұсынды. Бұл арқылы су арналарының барлық кезеңінде қажетті ресурсты есепке алудың кешенді жұмысы жүргізілмек.

«Сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің гидромоделін құру үшін барлық өндіріс учаскесінде судың көлемін өлшейтін жабдықтарды орнату қажет. Өз кезегінде автоматтандыру ісі су арналарының алдағы уақыттағы шығындарын азайтуға, сондай-ақ тиімді даму моделін жолға қою арқылы су инфрақұрылымын салып, жаңғыртуға жұмсалатын мемлекеттік қаражатты үнемдеуге септеседі», деді М.Қарабаев.