11 Шілде, 2014

Кәсіпорындардың қамқорлығы

382 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ақтөбелік ірі кәсіпорындар колледждерге шефтік көмек көрсету үрдісін қалыптастыруда. Алғашқылардың қатарында «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ пен «Сервис и К» ЖШС Ақтөбе техникалық колледжімен келісімшартқа қол қойды. Келісімшарт аясында колледж оқушылары кәсіпорындарға барып, өздеріне бекітілген тәлімгерлердің басшылығымен өндірістік тәжірибеден өтеді. Бұдан басқа арнаулы пәндік оқытушыларды кәсіпорында кәсіби біліктілігін арттыру тәжірибесінен өткізу де қаралған. – Оқытушылардың өндірісте кәсіби біліктілігін арттыру бойынша тәжірибеден өтуі өте маңызды. Олар өндірістегі барлық технологияны талдап, зерттейді, сонан соң оқушыларға кәсіби білім береді. Қазір колледж түлектерін жұмысқа қабылдауға әзір кәсіпорындарға мамандар даярлауға айрықша маңыз беріледі. Кейін колледж түлектерінің білімін аттес­таттайтын комиссия мүшелерінің 75 пайызы жұмыс берушілер болады. Яғни, олар аттестаттау кезінде-ақ өздеріне қажетті кадрларды таңдап ала алады. Біз бұл бағыттағы жұмысты алда да жандандыра түсеміз. Аймақтағы ірі кәсіпорындарды оқу орындарына бекітудің механизмдерін қарастырамыз, –дейді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының сараптамашысы Венера Шавкилова. Оның айтуынша, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ электриктерді тәжірибеден өткізіп, кейін жұмысқа қабылдауға ынталы болса, «Сервис и К» ЖШС автомобиль көліктерінің техник-механиктеріне және механик-диагностиктеріне зәру көрінеді. Сондай-ақ, бұл кәсіпорындар келісімшарт аясында колледждің материалдық базасын арнаулы қондырғылармен жарақтандыруға қолдан келгенінше көмектесетін болады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».  Ақтөбе облысы.