Бокс • 02 Мамыр, 2023

Чемпионатты жеңіспен бастады

233 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ташкентте бокстан кезекті әлем чемпио­натының шымылдығы түрілді. Жер-жаһанның ең таңдаулы былғары қол­ғап шеберлері бас қосқан әлемдік доданың алғашқы күнінде Қазақ­стан құрамасының екі боксшысы шаршы алаңға көтеріліп, екеуі де жан­күйерлерді жеңісімен қуантты.

Чемпионатты жеңіспен бастады

Жерлестерімізден бі­рін­ші болып рингке жастар ара­сын­дағы ел чемпио­ны, жуырда ғана 22 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған Талғат Сырымбетов (60 кг) көтерілді. Алғашқы айқасын Таиланд өкілі Сакда Руамтаммен өт­кізген отан­дасымыз сенімді жеңіске жетті. Үш раунд бойы ринг ор­та­сын­да үстемдік танытқан Тал­ғат бес тө­решінің де назарын өзіне аудартып, 5:0 есебімен ба­сым түсті. Келесі айна­лымда ол Иор­дания боксшысы Абу Жае­мен жұдырықтасады.

Жекпе-жектен кейін Спорт­ты дамыту дирекция­сы­ның бас­пасөз қызметіне сұхбат берген Талғат Сырымбетов ал­ғашқы жекпе-жектің жауапкершілігі ауыр болғанын айтты.

«Қазақстан боксшылары арасында әлем чемпионатын бірінші болып бастаған соң ма­ған үлкен сенім артылды. Жа­уапкершіліктің жүгі ауыр бол­ды. Бірақ намысты қолдан бер­мей, бапкерлердің тапсыр­масын ойдағыдай орындап шы­ғып, жеңіске жеттім. Ме­нен кейін рингке шығатын қал­ған жі­гіт­терге де тек сәт­тілік ті­лей­мін», деді Т.Сырым­бе­тов.

Талғаттың ізін ала «Хумо-Арена» көпсалалы спорт ке­шеніндегі рингке ересектер ара­сындағы Азия чемпионы, жастар арасындағы Олимпия ойындарының жеңімпазы Айбек Оралбай (92 кг) кө­теріліп, өз өне­рін ортаға салды. Отан­да­сымыз чем­пио­наттың ал­ғашқы айналымында 2019 жылы Ресейдің Екатеринбург қа­ла­сында ұйымдастырылған әлем чем­­пионатының қола жүл­дегері болгариялық Радос­лав Панталеевпен қолғап түйіс­тіріп, төрешілердің бір­ауыз ше­ші­мімен қар­сыласынан айласын асыр­ды – 5:0. Айбек бірінші раунд­­та қарсыласын бір рет нок­даунға жібергенін де айта кет­кен жөн.

Ал кеше тағы да екі боксшымыз әлем чемпионатындағы кезекті жекпе-жектерін өткізді. Атап айтқанда, күн­дізгі сессияда 86 кг салмақтағы ел үздігі Сағындық Тоғамбай Кон­го Демо­кра­тиялық Респуб­ли­касының өкілі На­тана Нланду Мбелимен жұ­дырықтасса, кешкі сессияда 63,5 ки­ло­дағы Санатәлі Төлтаев Израиль бокс­­­шысы Ахмад Штивимен 1/16 фи­налдың жолдамасын сарапқа салды.

22 жастағы Сағындық Тоғамбай әлем чемпионатына алғаш рет қа­тысып жатса да, Ташкенттегі доданы сенімді жеңіспен бастады. Ал­ғаш­қы раунд­та конголық боксшы бел­сенді болғанымен, дәл соққы жасау жағынан отандасымыз қарсыласының алдын орап кетіп отыр. Екінші раунд­та Сағындық белсенділігін арттырып, Натана Нланду Мбелиді екі рет есең­гіретіп тастады. Ал үшінші раунд бас­талған бетте ол қарсыласын тағы бір мәрте нокдаунға жібергеннен кейін төреші мерзімінен бұрын жек­пе-жекті аяқтауға мәжбүр болды. Осы­лай­­ша, Сағындық Тоғамбай екінші ай­налымға алқынбай өтті. Ал оны бұл кезеңде шар­шы алаң қожайыны Шохжахон Абдул­лаев күтіп тұр. Осы жылдың қаңтар айында өткен 22 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатында өзбек боксшысы отандасымызды бірінші раундта нокаутпен жеңіп кеткен болатын.

Сондай-ақ кешкі сессияны бас­тап берген Санатәлі Төлтаев та өз жан­күйерлерін жарқын жеңісімен қуантты. Әлем чемпионатына екінші рет қатысып жат­қан жерлесіміз Израиль боксшысы Ахмад Штивикке еш мүмкіндік қал­дыр­май, өз мық­ты­лы­ғын дәлелдеді. С.Төл­таев екінші ке­зеңде 35 жастағы Ма­в­рикия өкілі Ри­чарно Колинмен жұ­дырықтасады.