«Биылғы әлем чемпионаты өте ерекше жағдайда өтті. Себебі біз Астанадағы додада араға 10 жыл салып су жаңа чемпионның есімін анықтадық. Бұл – классикалық шахматтың ғасырдан асатын тарихындағы атаулы оқиға. Мұның алдындағы 16-шы әлем чемпионы норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен өз атағын қорғаудан бас тартқан болатын. Мүмкін, ол келешекте әлем чемпионы атағы үшін күресетін шығар», деді ФИДЕ президенті.
Сонымен қатар Халықаралық шахмат федерациясының президенті Дин Лижень мен Ян Непомнящий үш апта бойы шахмат жанкүйерлеріне тартысты бәсеке ұсынғанын атап өтті.
«Дин Лижень мен Ян Непомнящий арасындағы матч шахмат жанкүйерлерінің ешқайсысын бейжай қалдырмады деп ойлаймын. Біз үш апта бойы екі шахматшының арбасқан көздер, мың құбылған қас-қабақ пен жан берісіп, жан алысқан тартысты ойынына куә болдық. Өйткені екі спортшы да 17-ші әлем чемпионы атану үшін аянып қалған жоқ. Олар әрбір партияда тосын жүрістер жасап, миллиондаған жанкүйерді таңғалдырып, олардың шахматқа деген қызығушылығын оятты деуге болады», деді Аркадий Дворкович.
Сондай-ақ ол шахматтан әлем чемпионы атағын үміткер ойыншылар сарапқа салған соң, мұндай ірі бәсекелерде тең нәтиженің жиі тіркелуі заңдылық деп есептейді.
«Шахматшылар арасындағы күрес әу баста күтілгендей тең жағдайда өтті. Өйткені әр ойыншының өзіне белгілі мықты тұстары бар. Сонымен қатар олар – әлемдік рейтингте 2 және 3-орындарда тұрған бір деңгейлі спортшылар. Сондықтан биылғы чемпионатта нәтижелі партиялар саны да көпшілік күткендей көп болды. Әрине, бұл – спорт. Әрбір қателігінен кейін гроссмейстерлер олқылықтың орнын толтыру үшін келесі турда жақсы дайындықпен келіп, таразы басын теңестіріп, бір-бірінің есепте ұзап кетуіне мүмкіндік бермеді. Бұл өз кезегінде шахмат жанкүйерлеріне ұнады», деді ол.
Аркадий Дворкович әлем чемпионатын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Мемлекет басшысы мен Қазақстан шахмат федерациясының президентіне шынайы алғысын білдірді.
«Осындай айтулы доданы жоғары деңгейде ұйымдастырып, спортшылар мен жанкүйерлерге барлық жағдайды жасап бергені үшін Қазақстандағы серіктестерімізге, ел Президентіне, Қазақстан шахмат федерациясының басшылығына ерекше алғысымды білдіремін. Осы жарысқа арнайы атбасын тіреген Қытайдың және Ресейдің делегациялары кейінгі 20 жылдағы ең үздік жағдай жасалған әлем чемпионатының бірі болғанын айтып жатыр», деді ол.
Сөз соңында Аркадий Дворкович Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) алдағы уақытта Қазақстанға тағы бір үлкен жобамен оралатынын мәлімдеді.
«Біз қазір тағы бір айтулы доданы ұйымдастырудың мән-жайын талқылап жатырмыз. Бұл жолы балалар арасындағы бәсекені өткізетін шығармыз», деді ФИДЕ президенті.