03 Маусым, 2010

ЖАҢА БӨЛІМШЕ ИГІ ІСТЕР БАСТАУЫ

470 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Халыққа пошталық байланыс қызметін көрсету жылдан-жылға кеңейіп келеді. Соның жарқын дәлелі кеше Астананың әкімшілік-іскерлік орталығы саналатын Есілдің сол жағалауындағы Министрліктер үйінің қарсы бетіндегі “Жаңа әлем” тұрғын үй кешенінің қапталынан №17 пошталық байланыс бөлімінің ашылуы болды. Аталған пошталық байланыс бөлімшесінің салтанатты ашылу рәсіміне Есіл ауданының әкімі Қайрат Жаңабергенов бастаған тұрғындар және “Қазпошта” АҚ-тың басшылары мен қызметкерлері қатысты. Қайрат Жаңабергенов пен “Қазпошта” АҚ-тың басқарма төрағасы Дәурен Молдағалиев лента қию рәсімін орындап, артынан сөз сөйледі. Аудан әкімі барлығы халыққа қызмет көрсету сапасына байланысты дей келіп, тағы бірнеше бөлімше іске қосылуы тиіс екендігін жеткізді. Мұны қуаттаған басқарма төрағасы соңғы 4 жылда 380 жаңа ауылдық бөлімшелердің ашылғандығын алға тартты. Қазір бұл үрдіс қалаларда жалғасын табуда. Пошта барлық қаржылық қызметтерді көрсетуді толық игерген. Осы ретте №17 пошталық байланыс бөлімшесінің мемлекеттік мекемелерге жақын орналасуы осында жұмыс істейтін қызметкерлерге де тиімді. Дәурен Тұманбайұлының сөзінен белгілі болғанындай, Астана күніне орай “Хан шатыр” кешенінде тағы бір бөлімше ашылады. Ал жыл соңына дейін сол жағалауда 2 немесе 3 пошталық байланыс бөлімшесі іске қосылады деп күтілуде. Қазіргі таңда 2009-2011 жылдарға арналған қалалық елді мекендердің пошталық инфрақұрылымын дамыту және ауылдық пошталық байланыс бөлімшелерін жаңарту бағдарламалары жүзеге асырылуда. 2011 жылдың соңына дейін 17 ауылдық және 44 қалалық өндірістік нысандарын іске қосу, сондай-ақ “Оңтүстік” ақпараттық-логистикалық орталығының жұмысын жетілдіру қолға алынған. “Қазпошта” АҚ пошталық-қаржылық қызмет түрлерін көрсету аумағын кеңейтіп отыр. Валюта айырбастау операциялары, депозиттер, төлемдерді қабылдау, есеп-кассалық қызмет, инкассация, ақша мен құнды заттар тасымалы, құнды қағаздар рыногындағы брокерлік қызмет, электрондық ақша аударымдары, трансфер-агенттік және өзге де қызмет түрлерін көрсетуге қол жеткізілуде. Сол жағалауда ашылған шағын-поштамт ғимаратында бірінші астаналық филателиялық салон да жұмыс істей бастады. Ол филателия өндірісі мен марка айналымының жандануына, жас филателистер клубы құрылып, оларды оқытуға оң ықпал етеді. Қорыта келгенде, жаңа пошталық байланыс бөлімшесінің ашылуы мемлекеттің халыққа қызмет көрсетуін жақсарту туралы әлеуметтік бағдарламаға сәйкес пошталық-жинақтық қызметтер көрсетуді тұтынушыларға жақындата түсу мен олардың сапасын арттырумен тікелей байланысты болмақ. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.