Үкімет
Онымен күрес жемқорлықтың жолын кеседі
«Көлеңкелі» экономиканың көлемін төмендету – ел алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Яғни, бюджет есебінен сытылып, әлдекімнің қалтасына түсіп жатқан жасырын табыстарды анықтап, мемлекет қоржынына түсіру маңызды мәселе. Оның негізінде жемқорлықтың жолын кесу, ашық қоғамға қадам басу жолдары жатқаны анық. Ал бұл бағыттағы жұмыстар легінде салық органдарының да алар орны айрықша. Осыған орай «көлеңкелі» экономикамен қалай күресіп жатырмыз деген сұрақ төңірегінде Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаевпен әңгімелескен едік.
– Әнуар Серқұлұлы, елімізде қазіргі күні «көлеңкелі» экономиканың көлемі ішкі жалпы өнімнің 20 пайызға жуығын құрайды деген мәлімет бар. Ал бұл көрсеткіш Еуропа елдерінде 2 трлн. еуро төңірегінде бағалануда. Тіпті, әлемде «көлеңкелі» экономикадан мүлде таза мемлекет жоқтың қасы деседі. Жалпы, «көлеңкелі» экономика мемлекет үшін қаншалықты қауіпті?
–
Соңғы кезде тілдік қолданыста «көлеңкелі» экономика деп аталып кеткен бұл экономикалық ұғым бюджеттен айналып, салықтан сытылып шығатын сектордың үлесіндегі қаржыны қамтиды. Жалған кәсіпкерліктің дамуы, экономикалық қылмыстардың негізі де осы «көлеңкелі» тұста жатыр. «Көлеңкелі» экономиканың басым бөлігін бейресми жолмен өндірілетін тауарлар мен заңсыз көрсетілетін қызметтер құрайды, ал қалған бөлігі «жасырын» қызметтерге тиесілі. «Көлеңке» жайлаған экономиканың бір саласы – жылжымайтын мүлік нарығы. «Жылжымайтын мүлікпен операция саласындағы «көлеңкелі» тұстың басым бөлігі салықтан жалтарудан болып отыр. Ондағы қызметтерде бақылау жоқ, өйткені, басым көпшілігінің табысы есепке алынбай, жасырын түрде беріледі. Ал негізінен олар жеке табыс салығын төлеп, салық органдарының есебінде тіркеуге тұрулары тиіс.
«Көлеңкелі» экономика деңгейінің артуы алдымен экономиканы құлдыратады. Себебі, бұл іштей білдірмей жегі құрттай мүжи беретін қауіп. Тоқтала кететін жайт, әлемдік тәжірибеде мұндай құбылыс экономиканың 10 пайызынан аспауы керектігі құпталады. Яғни, «көлеңкелі» экономика деңгейі 10 пайызға дейін болса, мұны қатардағы қылмыстар ретінде қарауға да болады. Бірақ бізде бұл мәселе біраз күрделеніп отырғаны байқалады. Сол себепті де Елбасы өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл бағыттағы жұмыстарға сын айтып, мәселені мықтап қолға алу керектігін ескертті. Арнайы кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды. Міне, бүгінде сол бағдарламаны жүзеге асыруға атсалысудамыз.
– Иә, бұл «көлеңкелі» экономикаға қарсы іс-қимылдың 2013-2015 жылдарға арналған кешенді жоспары ғой. Осы жоспарға сай салық саласына да біраз міндет жүктелген болар?
– Жоспар бойынша «көлеңкелі» экономикамен күресте жалпы жүйелік сипаттағы шаралар мен экономика салаларындағы «көлеңкелі» өндірісті қысқарту шаралары қарастырылды. Бұл ретте жалпы жүйелік шараларға салықтан, кедендік төлемдерден жалтаруды болдырмау, мемлекеттік қаржыландыру саласын тиімді басқару, бизнес ортаны жақсарту жұмыстары қамтылды. Ал экономикадағы «көлеңкелі» өндірісті қысқарту бағытында сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, көлік және жылжымайтын мүлік пен өнеркәсіп салаларындағы операцияларға ең бірінші кезекте баса назар аударуды құптап отыр. Ал енді салық жайына оралсақ, салық органдарының талдамалы мүмкіндігі салықтан жалтарып, өз міндетінен қашып жүргендерді анықтауға мүмкіндік береді, алайда салық органдарында жедел іздестіру қызметі (ЖІҚ) функциясының болмауына байланысты, қылмыс белгілері бар бұзушылықтар бойынша материалдар іс жүргізу шешімін қабылдау үшін қаржы полициясы органдарына жіберіледі. Жедел іс-шаралар барысында қаржы полициясы органдары мемлекеттік қызметкерлердің, атап айтқанда, салық органдары қызметкерлерінің салықтан жалтарғандардың қылмыстық қызметіне қатысы бар-жоғын анықтайды. Сөйтіп, өзара іс-қимылдың кеңейтілген пішінінде көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша бірлескен жұмыс жалғасатын болады. Атап айтқанда, бірлескен іс-шараларды іске асыру шеңберінде Салық комитеті Қаржы полициясы агенттігіне жалған кәсіпкерлік белгілері бар бірқатар деректі анықтады. Мәселен, 2012 жылы 352 заңды тұлғалар туралы және бюджетке елеулі зиян келтірілген 639 тексеріс құжаттары; 2013 жылы 11 550 заңды тұлғалар туралы және 316 тексеріс құжаттары процессуалдық шешім қабылдауға жолданды. Бұдан басқа, салық органдарының жемқорлыққа қарсы
күрес бойынша пәрменді шаралары жүргізілуде. Мысалы, салық органдары қызметкерлері жол берген жемқорлық қылмыстар және құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша 2012-2013 жылдары салық органдары өз беттерімен 13 жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтады және олардың берген ақпараттары бойынша
13 қылмыстық іс қозғалды. Салықтық қатынастардағы жемқорлық деңгейіндегі салаларды өңдеу бойынша 2012-2014 жылдары ақпараттық жүйелер деректері негізінде салықтық қатынастардағы жемқорлық деңгейіндегі салықтық әкімшілдендіру және бақылау салаларының 8 бағыты бойынша өңдеу жүргізілді, олардың қорытындысы бойынша бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ал кейбір фактілер бойынша ақпараттар қаржы полициясына іс жүргізу шешімін қабылдау үшін жолданды. Салық органдары қызметкерлеріне жауапсыз салық төлеушілер тарапынан пара беру фактілерін анықтау 2012-2014 жылдары қаржы полициясы органдары салық органдары қызметкерлерінің көмегімен оларға пара ұсынған салық төлеушілерге қатысты ҚР ҚК 312 бабы (пара беру) бойынша 7 қылмыстық іс қозғады.
Салық органдарының қаржы полициясы органдарымен өзара іс-қимыл пішінін кеңейту – бұл уақыт талабы, өйткені, бірлескен күш-жігермен ғана пәрменді шараларды іске асыруға болады. Бірлескен іс-шаралар жүйесін қабылдау, ең алдымен салықтық түсімдерді және жасырын бизнестің жарыққа шығуын айқындайды. Бастысы, жемқорлықтың жолын кеседі. Сол себепті де, «көлеңкелі» экономикаға қарсы іс-қимыл мен салықтардың толық төленуін қамтамасыз ету салық органдары қызметінің негізгі басымдықтары болып табылады.
Нақты шараларға тоқталсақ, біріншіден, елімізде салықтарды төлеуден жалтарудың, «қолма-қол ақша операцияларының» және жалған кәсіпкерліктің жолын кесу және ескерту мақсатында бірлескен жұмыс нәтижесінде қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Ағымдағы жылы заңнамалық жұмыс жалғасуда, Парламент депутаттарының, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратура мен Әділет министрлігінің қатысуымен жалған кәсіпкерлік мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Сонымен қатар, жалған шот-фактуралар жазып беруге, оларды ауыстыруға және осындай фактілерге кеш әрекет етуге байланысты мәселені шешу жолы ретінде электронды шот-фактураға көшу және «ҚҚС бойынша депозиттік шот» әдісі бойынша бюджетке қосымша құн салығын төлеу тәжірибесін енгізу ұсынылды. Ал 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасында электронды шот-фактуралар енгізілсе, 1 қазаннан бастап электронды шот-фактуралардың көшірмесін берудің қанатқақты режімін іске қосу жоспарлануда, оған «Самұрық-Қазына» АҚ, сондай-ақ, өз еріктерімен қатысқысы келетін басқа да салық төлеушілер қатысатын болады. Алдағы кезеңде болатын іс-шараның бірден-бір өзектісі Қазақстан азаматтарының табыстары мен мүліктерін жалпыға бірдей декларациялау болып отырғанын атап өткен жөн. Бұл «көлеңкелі» экономикаға қарсы тұратын және салықтық базаны кеңейтетін құрал. Қазіргі уақытта осы заң жобасына сәйкес алдыңғы халықаралық тәжірибелердің негізінде жұмыстар жүргізілуде. Ерекше айта кету керек, бірлескен іс-шаралар жүйесін қабылдау, ең алдымен салықтық түсімдерді және жасырын бизнестердің жарыққа шығуын айқындайды.
– «Көлеңкелі» экономика дегенде, көбіне базарлар ауызға бірінші ілігеді. Алайда, оның белең алған ошақтары көп қой. Біразын жаңа өзіңіз де тізбектеп шықтыңыз. Дегенмен, «көлеңкелі» экономиканы базардағы саудамен жиі байланыстырамыз, мұның себебі неде?
– «Көлеңкелі» экономикаға көбірек үлес қосатын сала, бұл – сауда. Ал сауданың жүйесі – базар. Мәселен, 2012 жылы ел экономикасындағы «көлеңкенің» үлесі ішкі жалпы өнімнің 19,2 пайызын құрады десек, мұның ішінде 4,4 пайызы сауда-саттықтың еншісінде жатыр екен. Әлбетте, базардың аты – базар. Ондағы еркін сауданы қадағалау қиын. Яғни, сауда саласындағы «көлеңкелі» экономиканы негізінен жасырын өндіріс пен бейресми сектор, яғни «жабайы» сауда мен базарлар жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауы құрап отыр. Бүгінгі күні Қазақстандағы сауда саласының 50 пайызы базарларда десек, осы базарлардың тек 17 пайызы ғана заманауи форматтағы сауда алаңдары екен. Ал дұрыс ұйымдастырылмаған немесе заманауи форматқа көшірілмеген базарлардың барлығы салықтық әкімшілендірудің тиімділігіне кедергі келтіреді. Осындай мәселелерді шешу үшін сауда базарларын кезең-кезеңімен заманауи форматқа көшіруді міндеттеу жөніндегі заңнамалық шаралар қолға алынбақ.
– Заманауи форматтағы сауда десек, көз алдымызға бірден карточкамен есеп айырысу елестейді. Алайда, бізде бұл әзірге толықтай жүзеге аса қойған жоқ. Жалпы, қолма-қол ақшаны азайту жайы қалай? Барлық сауда орындарына арнайы терминалдар міндеттеу туралы заңнама да қолға алынған еді, кешеуілдеп кеткен сияқты. Бұл жөнінде не дейсіз?
– Жаңа заңнамаға сәйкес, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің барлық ірі дүкендерінде пос-терминалдар жұмыс істеуі тиіс болатын, яғни заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің барлығына бірдей міндеттелген. Бірақ, кейбір жүйелердің әлі де толық дайын болмағандығынан, сонымен бірге кәсіпкерлердің ұсыныс-тілектеріне байланысты оның жұмыс атқаруы тағы кейінге шегерілді. Яғни 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл заңнама нақты күшіне енеді деп отырмыз. «Төлемдер мен ақша аударымы туралы» Заңның 11-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол бойынша жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қызметін жүргізетін орындарда банктік карталарды пайдалану арқылы төлем қабылдайтын құрылғы орнатуға міндетті.
Жаңадан бекітілген заң халықты қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға міндеттемейді, бірақ кәсіпкерлер үшін бұл – бұлжымас талап. Қазіргі кезде, салық органдарымен пос-терминалдар орнатылмаған сауда нүктелерінің иелеріне ескертулер жасалып жатыр. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер сауда нүктелерін пос-терминалдармен қамтуға міндетті. Бұл заңнама, арнайы салықтық тәртіпті қолданатын кәсіпкерлерге де қатысты. Сондықтан, біздің кәсіпкерлерге айтарымыз, 2016 жылды тоспай, қазірден ойланып, терминалдар орнату керек. Талапты орындамағандарға айыппұл салынады. Пос-терминал қоймаған кәсіпкерге 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал шағын және орта бизнес өкілдеріне – 60, ірі бизнестегі заңды тұлғаларға 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
– Салықтан жалтарып, жалғандыққа баруға көбіне-көп не себеп? Салықтан қашатындар кімдер? Осы саланың басшысы ретінде жеке пікіріңізді білсек.
– Мұның басты себебі, азаматтардың салық туралы мәдениетінің төмендігі деп ойлаймын. Олай дейтінім, біздің елдегі салықтық жүйенің деңгейі, мөлшері басқа елдермен салыстырғанда әлі төмендеу. Мысалы, айлығымыздан салыққа 10 пайыз ұстап тұрады. Арнайы салық режімі арқылы жұмыс атқаратын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің айналым сомасынан 2-3 пайыз ғана ұсталады. Жалпыға бірдей режімде жұмыс атқаратын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің таза табысынан 10 пайыз ғана табыс салығы ұсталады.
Ал енді кейбір елдерде бұл әлдеқайда көлемді. Соған қарамастан, олар оны төлеп жатыр. Бізде әлі күнге дейін жұмыскерлеріне жалақыны қолма-қол беретіндер бар. Жұмысшы да соны ала салады. Ал шетелде оны алмайды. Ертең зейнетақымды қалай аламын дегендей, өз құқықтарын қорғайды. Біздікілер үндемейді, ала салады. Ертең не болатынын болжамайды және өзінің құқығын талап етпейді. Бәрі кішкентай нәрседен басталады. Өзін өзі қорғай алмаудың салдары жалған кәсіпкерлердің арасында қылмысқа дейін апарады. Миллиардтаған сомаларды салық ретінде мемлекетке төлемеуге тырысады. Оның арғы жағында, әлеуметтік мәселе бар, елдің зейнетақысы деген тағы бар. Мұны ойламайды. Осындай түсінік мәдениеттің төмендігін білдіреді. Мен көп елді аралап, көптеген салық жүйелерімен таныстым. Оларда, салық төлемеу – үлкен қылмыс.
Халықтың сана-сезімінде осылай қалыптасқан. Мысалы, бізде кісі өлтірген қылмыскерді жұрт қаныпезер, қандықол қарақшы деп біледі. Ал Үкіметті алдап, қаржыны қымқырған, қымбат көлік мінген айлакерді мықты екен дейді. Міне, бізге керегі – осындай ойды санадан жою. Өйткені, бұл – бұрыс көзқарас. Кейбір елдерде салықтан жалтару – кісі өлтіргенмен тең, адам тонағанмен пара-пар қылмыс. Шетелдерде қорғаушылар кез келген қылмыс бойынша сот отырыстарына қатысып, өз жұмыстарын атқарып, азаматтардың құқығын қорғағанымен, салықтан жалтару фактісі бойынша – қорғаушы болуға келіспейді. Салықтан жалтарудың қандай ауыр қылмыс екенін осыдан-ақ байқауға болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».