11 Шілде, 2014

Қос нысанның тұсауы кесілді

494 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Маңғыстау медициналық нысандарының қатары толыға түсті. Тұсауын Астана күніне орайластыра кес­кен қос нысанды тұрғындар көптен күткен болатын. Бірі – құрылысы аяқталған Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық ауруханасының жа­ңадан салынған «Г» блогы. Елба­сы Н.Назарбаевтың Қа­зақ­­стан халқына Жолдауын, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасын және «Маңғыстау облысын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасының» «Денсаулық сақтау» тармағын орындау мақсатында қолға алынған жо­баның құрылысы 2012 жылы басталған, ал жалпы құны 4 703 877 090 теңгені құраған. Республикалық бюджет есебінен бөлінген нысан үстіміздегі жылдың көктемінде пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда онда 869 адам – 138 дәрігер, 370 мейірбике, 238 өзге қызметкер және 123 басқа персонал еңбек етуде. Озен перзентхана Г-блок (7) Мемлекет басшысы Жол­дауында саламатты өмір салты­ның орнығуы, медицинаның дамуы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жас­қа дейін ұзартатындығын және Қазақстан медициналық туризмнің еуразиялық жетекші орталықтарының біріне айналуы тиіс екендігін айтқан болатын. Аймақ басшысы А.Айдарбаевтың айтуынша, бұл міндет-межеге жету жолында жыл сайын республикалық бюджеттен бөлін­ген қаржы көлемі артып келеді. Мысалы, 2013 жылы республикалық бюджеттен 5 млрд.-қа жуық қаржы бөлініп, 9 дәрігерлік амбулатория, 2 емхана халық игілігіне берілген. Ал, 2014 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 9 млрд.-тан астам қаражат есебінен Жаңаөзен қаласында перзентхана, Чехия Республикасының жобасымен еуропалық стандартқа сай, жаңа технологиялармен жабдықталған заманауи үлгідегі Маңғыстау облыстық ауруханасының арнайы хирургиялық блогы салынды. Жаңа ғимаратта заманауи үлгідегі медициналық тех­нологияның соңғы үлгілері қолданылмақ. Хирургиялық кешен орналасқан бірінші қабатта екі ота залы, асхана және қабыл­дау бөлімі болса, екінші қабатта еуропалық стандарттарға сай келетін озық үлгідегі заманауи құрылғылармен жабдықталған 8 ота залы бар. Үшінші қабатта әрқайсысы 9 кереуетті жансақтау бөлімі, жалпы және кардиота бөлімшелері орналасыпты. Қажет жағдайда бұл бөлімшелердегі орын санын көбейту мүмкіндігі де қарастырылған. Ота жасау және жансақтау бөлімшелерінде энергияны үнемдеу технология­лары қолданылған, олар жа­рықты шоғырландыру және оны тең дәрежеде бөліп тарату мүмкіндігіне ие құрылғылармен жарақталған. Нысан 8 түрлі хирургиялық отаны бір мезгілде жасауға мүмкіндік береді екен. Мамандар мұнда еліміздің батыс аймағы бойынша балаларға кардиохирургиялық қызмет көрсететін аймақтық орталық болады дегенді айтты. – Біздің алдымызда инно­вациялық технологияларды енгізу міндеті тұр, бұл үшін аймақ­тардың әлеуетін арттыруымыз қажет. Оташылар алдында нейрохирургия саласында инновациялық технологияларды енгізу бағытында дәрістер оқыдық. Экономикалық даму жолындағы Маңғыстауда микрохирургиялық қызметті күшейту керек, мұндай түрдегі алғашқы отаны жергілікті оташылармен бірге сәтті өткіздік, – деген «А.Сызганов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ж.Арзықұлов жаңа блоктың өз емделушілеріне толық жағдай жасай алатын, әсіресе, трансплантация мәселесінде сапалы қызмет көрсете алатын орын болуы қажеттігін айтты. Осы күні Жаңаөзенде тұр­ғындар көптен күткен жаңа перзентхана ашылды. Құрылыс жұмыстарына республикалық қазынадан 2 млрд.-тан астам қаржы бөлінген жаңа нысан заманауи техникамен жабдықталған. 130 мыңнан астам тұрғыны бар мұнайлы қалаға, сондай-ақ, оның маңайындағы Қызылсай, Теңге ауылдары мен Рахат шағын ауданына 100 орындық перзентхана қызмет етпек. Ұлт демографиясына қарқынды үлес қосуымен ерекшеленетін Жаңаөзенде өткен жылы дүниеге 4045 сәби келсе, осы жылдың 6 айы ішінде 1984 нәресте жарық дүние есігін ашқан. Ал, орта есеппен мұнда тәулігіне жаңаөзендіктер қатарына 13 жаңа тұрғын қосылады екен. Өз жұмысын тамыз айынан бастайды деп күтілетін перзентханада келешекте жаңа құрылғының көмегімен түрлі гинекологиялық оталар жасалмақ. Тәулік сайын келіп жатқан «жаңа адамдарды» қабылдап, қызмет көрсету үшін мұнда қазір 17 дәрігер бар, жыл соңына дейін олардың да қатары жоғары білікті бірнеше маманмен толығады дейді сала басшылары. Жүйрік аттың бағы шабандозына байланысты болатыны секілді, жаңа ғимараттар мен заманауи жабдықтарды білікті қолдана білу – дәрігерлердің кәсіби біліміне қатысты. Сондықтан, нысандар мен жабдықтардың ғана емес, дәрігерлердің де мақтаулы болғанын қалайды тұрғындар. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы. Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ.