Сонау Тараздан ат арытып келген еліміз құрама командасының аға бапкері Мақсат Оспановтың айтуынша, тамыз айында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында ұйымдастырылатын әлемдік Гимназиадада спорттың 22 түрінен жан алысып, жан беріскен сайыстар өтпек. Соның бірі – бокс. Содан кейін қазан айында Дубайда Азия чемпионатының жалауы желбіремек. Міне, осы екі сайысқа да еліміздің өрендері қатысып, намысты қолдан бермеуге тырысады.
Ел чемпионатының салтанатты ашылуында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсамбаев, жаңадан тағайындалған облыстық федерацияның президенті, «Мұзтау және К» ЖШС директоры Жанболат Қазанов, бокстың ардагерлері сөз алып, өскін боксшыларға сәттілік тіледі.
Жарыс 15 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Жарыстың бірінші күні Түркістан облысынан, Шымкенттен, Жамбыл облысынан, Өскеменнен келген Аян Жандосұлы, Қаныбек Бақдәулет, Бақытбек Жігер, Құралбай Бақдәулет, тағы басқалар шаршы алаңда әдемі жұдырықтасты. 33 және 70 килодан жоғары салмақтағы боксшылар бір рет ұтылса, шығып қалады. Ұлытау облысынан Өскемендегі сайысқа сегіз боксшы келіпті. Сәтбаев қаласындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Есіркеп Дүсіпов өзінің екі шәкіртін алып келгенін, алайда біреуі жарыстан шығып қалғанын өкіне айтты.
Жарысқа бокстан еліміздің мемлекеттік жаттықтырушысы, әлем чемпионы Мерей Ақшалов, «Астана арландары» сапында әлем чемпионы атанған Мирас Байырханов, КСРО спорт шебері Владимир Речинский, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Марат Мәзімбаев, КСРО спорт шебері Ержан Айжігітов пен тағы басқа да атағынан ат үркетін бокс ардагерлерінің қатысуы жарыстың көрігін қыздыра түсті. Ал кездесулер аса тартысты өтті. Мәселен, ең жеңіл салмақ – 33 килода павлодарлық Уәлихан Рамазанов ақмолалық Қорғанбек Балтинді үш раунд бойы шабуылдап, нәтижесінде қарсыласын шүбәсіз ұтты. 35 кило салмақта Алматы қаласынан келген Темірлан Қансейітов қарсыласы жамбылдық Сұлтан Сырымнан басым түсіп, чемпион атанды. Бұл екеуі де спорт шеберлігінен үміткер атанды. Жарыстың ережесі бойынша бас жүлдеге ие болғандар осы атаққа ие болып, алдағы дүбірлі екі додаға үміткер атанады. 49 кило салмақта Маңғыстау облысынан келген Дарын Тасмұханбетов қарсыласы жамбылдық Айтжан Әділжаннан екі раунд бойы ұтылып жатқан. Соңғы шешуші раундта белсенді қимылдап, жеңісті жұлып әкетті. Жарыстың қорытындысында Дарын «Чемпионаттың ең үздік боксшысы» атанды. Ал Абай облысының боксшысы Қайырғазы Нұрасыл «Жеңіске деген жігері үшін» аталымына ие болды.
Соңғы финалдық сайысқа Түркістан мен Жамбыл облысынан жетіден, ал Шығыс Қазақстан облысынан бес боксшы шықты. Жиналған жанкүйерлер осы үш облыс рет-ретімен командалық есепте жүлделі орындарды бөлісетін шығар деп ойлаған. Олай болмады. Нәтижесінде, Түркістан облысы 5 алтын, 2 күміс, 2 қоламен топ жарды. Екінші орынды 4 алтын, 1 қоламен Шығыс Қазақстан облысының командасы иеленді. Ал барлығы 11 медаль – 3 алтын, 4 күміс, 4 қола алған Жамбыл облысының түлектері үшінші орынға жайғасты.
Қорыта айтқанда, жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Қазақ елінің 13-14 жастағы боксшыларының дүбірлі екі додаға әзірлігі ойдағыдай деуге негіз бар. Шығыс Қазақстан облыстық бокс федерациясының президенті Жанболат Қазанов, орынбасары Мирас Байыркенов, тағы басқаларға жиналғандар алғысын білдірді. Алда тұрған міндет – боксшылардың шеберлігін шыңдап, Рио-де-Жанейро және Дубайдағы дүбірлі додаларға бабымен шығарып салу. Алматыдағы олимпиадалық даярлау орталығы (басшысы Серік Жарасбаев) нағыз талантты боксшыларды дұрыс таңдайды деген ойдамыз.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның құрметті спорт қайраткері
ӨСКЕМЕН