Жәдігер • 03 Мамыр, 2023

Көне қобыздың құпиясы

691 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Осыдан екі жарым ғасыр бұрын жасалған көне жәдігер Науырзым ауданындағы Мереке ауылында тұр. Замана запыранын зар ғып төккен қара қобызды көздің қарашығындай сақтап, бүгінге дейін жеткізген осы ауылдағы Долдашевтар әулеті.

Көне қобыздың құпиясы

Кәрі қобыздың түп иесі – кезінде емшілігіне қоса, көріпкелдік қасиетімен көпке мәшһүр болған Жетібай бақсы. Жеті жасында аян түсіп, он жасында осы қобызды ұстаған Жетібай әулие – Торғай, Науырзым өңіріне әйгілі Түркебай Ақанұлы мен Оспан қожаның замандасы. Қара қобызын зарлатып, түрлі дерттің бетін қайтарған шипагер, әруақты кісі болған екен. Жоқ іздеп алдына келгеннің мал-дүниесінің қайда, кімнің қолында екенін тап басып болжап беретін сәуегей еді деседі. Жетібай бақсы шамамен 1873 жылдары дүниеден озған. Одан кейін қобызды ешкім ұстамапты.

Көнеден жеткен қара қобызды көзбен көріп, қолға ұстап, шама келсе сөйлетіп, үнін естіп көрейік деген ниетпен Мерекеге бардық. Қобыздың бүгінгі иесі – Оразбек және Әмірғали Долдашев деген ағайынды жігіттер екен. Бізге жол бастап келген Данияр Құрмантегі де бұл әулетке бөтен емес. Көне сандықтың түбінде аузы түюлі ақ дорбаның ішінде жатқан қобызды алып шығып, құран оқып, алдымызға қойды. Қобызды сахнадан ғана көріп жүрміз, бар сенгенім сапарлас-серігім, қобызға қосып жырлайтын өңірге белгілі дәстүрлі әнші – Қыдырбек Қиысхан.

мяа

Қобызға шек тағып, үнін естіп көр­мек үшін өзімізбен бірге Қостанайдан айғырдың құйрық қылы мен ысқы және сыңар құлақ ала келген едік. Алайда бұл ниетімізді аспап иесі құп көрмеді. Оразбек қобыздың үнінен қорқады екен. Өйткені киелі аспап боздаса, әулетке бір жамандық келеді деп сенеді. Алыстан арнайы келгенімізді айтып, бірнеше қайтара өтінген соң Орекең сәл иіп, икемге көнді. Алайда қобызға таққан құлақ, шектеріңді шешіп, кейін өздеріңмен бірге алып кетіңдер деп талап қойды. Иесі рұқсат берген соң, Қыдырбек пен фотосуретшіміз Бердіболат екеуі қобызға қыл тартып, шек салды. Сынған тиегін оңдады. Қобызды шамасы келгенше бүтіндеп алған Қыдырбек қыл шекті біраз ысып отырып қобызды ыңғайына көндіріп, тамағын бір қырнап алды да, Доспамбеттің «Айнала бұлақ басы теңін» толғай жөнелді. Осылайша, 200 жылдай үнсіз жатқан Жетібай бақсының киелі қобызы араға ғасырлар салып, Молықбай бақсының ұрпағы Қыдырбек жыршының қолында зарлады.

Толғауын аяқтап, қара қобызды айналдыра қарап, мұқият көз жүгіртіп алған Қыдырбек: «Бұл қобыз негізінен бүтіндей шабылған екен. Сүйегі жеміс ағашынан болуы мүмкін. Негізінен алма ағашы деп тұспалдап отырмын. Киелі аспап бүгінгі күнге дейін өте жақсы сақталған. Тек бет терісінің сырты ғана патшалық дәуірдің шегелерімен жиектеліп қағылған екен. Терінің өзі ұзақ уақыт сақтауда болғандықтан әбден қатып, ағаш болып қалған. Егер мүмкіндік болса, бұл аспапты қайтадан қалпына келтіруге болады. Оның қалпына келтіру жұмысы аса күрделі емес, тек бетін ешкінің тері­сімен қаптап, оң жақ құлағын жонып салып, шама келсе, тегін қоса жонып, әде­мі жыл­қының қылынан тартуға болады. Және жаңа ысқы болса, бұл қобыз кәдімгідей сөйлей жөнелейін деп тұр. Абзалы, Жетібай әулиенің ұрпақтары бұл бабадан қалған мұраны сандық түбіне сақтамай, мұражайға тапсырғаны дұрыс болар еді. Себебі өңірде мұндай киелі аспаптар некен-саяқ. Мұражай қорына жақсы бір жәдігермен толығар еді. Егер қобыз мұражайда тұрса, өнер тарихын зертеп жүрген ғалымдардың да Жетібай әулиеге ықыласы ауып қалар ма еді» деді.

Бұдан соң үй иесі де шешілді.

– Жетібай атам кезінде бақсы бол­ған Оспан қожаның батасын алған. Жеті­бай атамнан кейін бұл қобызды ешкім ұстамаған. Кейде бұл қобыз өзінен-өзі үн шығаратын бол­ған. Қобыз боздаса, осы әулеттен адам өлетін болған. Сон­дықтан Ақан әжем бұл қобыздың шегін үзіп, тілін кесіп, астына шапан төсеп, ақ матаға орап, сандыққа салып тастаған. Негі­зінде бұл қобызбен бақсы атам адам ем­деген дейді. Кетпенді қыздырып, қып-қызыл кетпенмен аяғынан басып тұрып, қиналып жатқан әйелдерді босандырады екен. Негізі бұл қобыздың қандай құдіреті бары беймәлім. Сондықтан күні бүгінге дейін ешкім дәті барып, сандықты ашып, қобызды қолға ұстаған жоқ. Киесі ұра ма деп қорқамыз. Өйткені әруақ ашуланса, тағы біреу өлуі мүмкін. Негізі біз өсіп-өнбей қалған әулетпіз. Ол да осы қо­быздың қасиетімен байланыс­ты. Жеті­бай бақсыдан Есмағамбет деген жал­ғыз ұл қалған. Оның ұлы Долдаш атамыз да жал­ғыз. Долдаштан Мұқамметқали, Бидан­берген деген екі ұлы тарайды. 2001 жылы қобызды сандықтың түбінен шы­ғарып, қабырғаға іліп қойдым. Шығарған себебім, қобыз қайта-қайта күңірене берді. Сол жылы әулетіміз үш бірдей жан­нан айырылып қасірет құшып, қара жа­мылып қалдық. Әуелі қарындасым, содан кейін шешем, іле әкем қайтты, – деді Оразбек Долдашев.

Оразбектің айтуынша, осы әулетке жиен болып келетін Ақайша деген кісі көне қобызды тартамын деп алып кетіп, тарта алмапты. Түнімен әруақ қысып, ­ауырып, түн ортасында өгізге шана же­гіп, Жетібай бақсының басына кетіп қала береді екен.

– Әйтеуір бір күнәсі болып тұр ма, білмеймін ғой, біздің жиен өзі ақжын болған. Атамның басына сол кісі ғана баратын. Содан қобыз қинап болмаған соң, мына Күйіктің маңында бір ескі көңнің ішіне тастап кетіпті. Аталарым барса, қобыз көңде өзінен-өзі боздап тұр екен. Қайтып үйге алып келіпті. Бір жамандық болса, ойнайды бұл қобыз. Ондай жағдайда дұға оқимыз. Бұрын қобыз дыбыс шығарған сайын садақа беріп отырыпты. Содан мал қалмаған кездері, адам алатын болған ғой. Қобыз үн шығарса, көп ұзамай бір адам кетіп отырған. Бұл қобыздың тарихын жақ­сы білетін екі үлкен кісі бар еді, екеуі де тоқсан алтыншы жылдары қайтып кет­ті. Әжем айтып отыратын, ескіде иесіз көңдер болды ғой, әлгі ұжымшар кезінде мынау Қарасу деген жерлерде. Аталарым сол маңда қыстапты. Ескі көңде шайтан көп болады дейді. Мал төлін көңге кіргізіп қояды екен. Сонда түнімен қозы маңырап, бұзаулар мөңіреп шығады екен. Шайтандар қылғындырады, – дейді. Жаңағы жерге әдейі қобызды іліп қойса, қозы да бақырмайды, бұзау да мөңіремейді екен, – дейді қобыздың қазіргі иесі.

Жетібай бақсының нақты қай кезеңде өмір сүргенін тап басып айтатын адам таппадық. Оразбек бесінші ұрпағымын дейді. Әулие ауылдың шетіндегі қорымға жерленген деген болжам бар. Бірақ бер­тінге дейін зираттың нақты қай жерінде жат­­қаны белгісіз болып келіпті.

– Осыдан бес-алты жыл бұрын басын таптым ба деп отырмын. Бір нағашы апамыз кезінде бір үшкір тас қойып, айтып кетіпті. «Жетібай аталарың қорымның Бестамаққа қараған шетінде, жолдың ма­ңайында жатыр» депті. Сол тасты тауып алып, құран бағыштап жүрмін. Шілде айында барам да, басына мал сойып, осы ауылдың үлкендерін шақырып, құран оқытамын. Осыдан біраз жыл бұрын Астана­дан бір кісі ауырып, аяғын басып жүре алмай келді. Содан Жетібай атам­ның басына барып аунап, құлан-таза айығып, жүгіріп шауып кетті. Жүйке ауруына шалдыққан кісілер де, осы біз­дің үйдегі қобыз ілініп тұрған бөлмеге қонып, басылып, тәуір болып шығыпты. Жетібай атам дүниеден өтерінде: «Мына қобызыма бесінші, не жетінші ұрпағым ие болады» деп өсиет қалдырған екен. Мен бесінші ұрпағымын. Мен ұстамасам, жетінші ұрпаққа дейін жету керек бұл. Менің бұл қобызды ешкімге бермей, ұстап отырғанымның себебі де осы, – дейді Оразбек Долдашев.

Жетібай бақсының қобызы туралы мистикалық әңгімелер, аңыздар көп. Олар­дың мазмұны көбіне қобыз туралы бұ­рыннан айтылып келе жатқан аңыз-әпса­налармен сарындас болып келеді. Енді әңгімені киелі қобыз туралы бізге алғаш хабарлаған Данияр Құрманов сабақтады.

– Қырық күн шілденің шіліңгірінде шөп сарғая бастағанда, атам осы қобызды зарлатып отырып, зау көкте қарайған бір шөкім бұлтты үйіріп әкеліп, жаңбырды жаудырады екен. Содан өріске қайта от бітіп, мал тоғаятын көрінеді. Тағы бір әңгімеде әулие жолаушылап келе жатып бір өзеннің жағасына түседі. Өзеннің арғы бетінде ас беріліп жатады. Ас беріп жатқан кісілер Жетібай атайға: Құдайы қонақ болыңдар. Бергі жағаға өтіңдер, – дейді. Өткел бермес асау өзенді айналып өтейін десе, ас тарқап кетеді. Сонда атамыз: – Анау киіз үйдің төрт жағын төрт қазықпен бекітіңдер. Ішіне ас қойып, дайын болғанда, айтыңдар, – депті. Әлгі ас дайын болған соң, Жетібай ата дұғасымен бір табақ етті өзеннен бері өткізіп алып, жанындағы серіктерімен бірге тамақтанып, ас беріліп жатқан әруаққа құран оқып, әрі қарай жол жүріп кеткен екен. Астың өзеннің арғы бетіне қалай өтіп кеткенін сырттағылар түгілі, үйдің ішінде сол дәмді әзірлеп жүрген аспазшының өзі де білмей қалыпты. 2017 жылы Түркістанға барып, тәу етіп барып-қайту ниетімен жолай Астанаға соқ­тым. Теміржол вокзалында Айнұр есімді келіншекпен кездесіп, аз-кем тілдесіп қалдық. Ол кісі бірден: «Сіздің үйде қобыз бар ғой» дегенде, шалқамнан түсе жаздадым. Сөйтсем, бұл аспап кезінде орта жүзге белгілі болған қобыз екен. Мұхам­бетқали Долдашев деген ағам болды. Осы Озерныйға көшіп келген соң, қайтыс болды. Сол марқұм ағам:

Қыпшақта бар Қойлыбай,

Бағаналыда бар Барлыбай,

Қожада бар Оспан қожа,

Сүгірде бар Түркебай,

Тағышыда бар Жетібай –

деп айтып отырады екен, – дейді  Жетібай бақсының ұрпағы.

Данияр Құрманов ел ішінде нала заманның күйін боздатқан нар қобыздың тарихын білетін ескі көз қариялар әлі де бар деп есептейді. Олар қасиетті аспап жайында ауыз ашуға қорқады. Өйткені мистикалық күшке ие қобыздың киесінен қорқатын көрінеді.

– Есмағамбет атам соғысқа кетіп бара жатқанда: Мына қобыз күбірлесе, жеті шелпек пісіріп, құран оқыңдар, – деген екен. Ол кезде соғыс жүріп жатқан, жоқшылық уақыт болса керек. Бізден 12 шақырым жерде Бестамақ деген ауыл бар. Сол ауылда тұратын бір әйелдің баласы ауырып, әжейге келіп: «қобызды беріңізші, баланы ұшықтап жіберейін» деп сұраған соң, әжеміз әлгі әйелге қобызды ұстатып жібереді. Содан бір-екі күн өтпей, әжей қора жақтан келе жатса, есіктің алдында бір әйел жатыр дейді. Жақындап барып, әлгі қобызды алып кеткен келіншекті таниды. Көтеріп тұрғызайын десе, әйел жүріп кеткен екен. Анадай жерде ағашта қобыз ілініп тұрғанын көреді. Екі баласын шақырып, қобызды түсіртіп алып, ақ матаға орап сандықтың түбіне тығып тас­тайды. Есмағамбет атамыздан кейін бұл қобызды сөйлетіп көрген адам жоқ, – дейді Данияр Құрманов.

Ғасыр мен дәуірдің, аңыз бен ақи­қаттың, дін мен мистиканың, пәни мен бақидың, тылсым күш пен өнердің арасын жалғап жатқан киелі аспап туралы белгілісі қазірше осы ғана.

 

Қостанай облысы