Тауарлар импорты өз кезегінде 41,4%-ға өсіп, 13,7 млрд долларға жеткен. Тікелей шетелдік инвесторлардың кірісі есепті кезеңде 7,5%-ға немесе 0,5 млрд долларға азайып, 6,1 млрд долларды құрады.
Резервтік активтерді қоспағанда қаржылық шоттың негізінен және мемлекеттік сектордың операциялары есебінен 0,7 млрд доллар көлемінде оң сальдо қалыптасқан. Сонымен қатар Ұлттық қордың активтерін қоспағанда резервтік активтер биыл сәуірде 36,2 млрд долларға бағаланып, бұл еліміздегі тауарлар мен қызметтер импортының алты және тоғыз айындағы қаржыландыру мүмкіндігін көрсеткен.
Тағы бір атап өтерлік жайт, Ұлттық банк өткен жылы төлем балансын қалыптастыруда жеке тұлғалардың трансшекаралық электронды саудасына, сондай-ақ ЕАЭО елдерінен әкелінген автокөліктердің «сұр» импортына байланысты операцияларды қосымша есепке алуды жүргізген болатын.
Бұл ретте Ұлттық банктің Төлем балансы департаменті директорының орынбасары Жасұлан Мұратов соңғы жылдары елімізде жеке тұлғалардың ЕАЭО елдерінен өз қажетіне жарату немесе қайта сату үшін әкелген автокөліктері мемлекеттік тіркеуге алынбағанын, мұндай автокөлік импорты сыртқы сауданың ресми статистикасында есепке алынбайтындығын, аталған банктің бағалауы бойынша 2015 жылдан бастап көрші елдерден автокөліктердің «сұр» импорты 4,2 млрд доллар немесе жылына орташа есеппен 500 млн долларды құрағанын, осындай импорттың ең жоғары кезеңі 2021 жылы болғандығын атап өткен еді.
Сол уақыт аралығында жалпы сомасы 980 млн доллар шамасында 131,2 мың автомобиль импортталып, әр импортталған көлік құны орташа есеппен 7,5 мың долларды құраған. Сонымен қатар бас банк азаматтардың онлайн-платформалар арқылы сатып алатын импорт көлеміне бағалау жүргізген. Бұл бағалау жеке тұлғалардың шетелдік эквайринг жүйесінде еліміздегі төлем карталарын қолдана отырып, қолма-қол ақшасыз төлемдерін талдауға негізделген. Төлем балансының баптары бойынша операцияларды жіктеу сыртқы сауда (қызмет көрсету) орындарының экономикалық қызмет түрін сипаттайтын МСС-кодтарын қолдану арқылы жүзеге асырылған.
Ж.Мұратов интернет-платформа арқылы тауар сатып алушылардың қатары көбейіп келе жатқандығын және бұған пандемиямен байланысты шектеулердің де ықпал еткендігін айтқан. Сонымен Ұлттық банктің бағалауы бойынша 2015 жылдан бастап интернет-платформалар арқылы сатып алынған тауар импортының көлемі 2,6 млрд долларға теңессе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 7,5 есе ұлғайып, 749 млн долларды құраған көрінеді.