2022 жылғы сәуірмен салыстырғанда кеңсе тауарлары – 68,5, кір сабын – 59,3, шақпақ қант – 51,7, ыдыс жууға арналған құралдар – 51,6, қияр – 50,9, балалар сабыны – 49,6, күріш – 43,9, кір жуу ұнтағы – 43, дәретхана қағазы 42,7 пайызға қымбаттаған. Жылдық мәнде, керісінше, қырыққабат – 53,4, сәбіз 19,2 пайызға арзандады.
«Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Тұтыну бағаларының индексін есептеу кезінде пайдаланылатын тауарлар мен қызметтер себеті 508 тауар мен қызметтен тұрады, мұнда 160 – азық-түлік тауарлары, 243 – азық-түлікке жатпайтын тауарлар және 105 – ақылы қызметтер. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарында әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі», деп түсіндіреді Ұлттық статистика бюросының баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.
Азық-түлік тауарлары арасында жеміс пен көкөніс бағасы едәуір қымбаттаған: сәуірде қырыққабат – 4,7 пайыз, қызанақ – 4,1 пайыз, жүзім – 3 пайыз, алма – 2,6 пайыз, алмұрт – 2,4 пайызға қымбаттаған. Бағаның өсуі күрішке – 2,7 пайыз, салқындатылған сусындарға – 2,5 пайыз, рожкилерге, ультрапастерленген сүтке – әрқайсысы 2,4 пайыздан, салқындатылған балыққа – 2,2 пайыз, пастерленген сүт, макарон өнімдеріне – әрқайсысы 2,1 пайыздан байқалды. Бұл ретте қияр – 11,4 пайыз, қарақұмық жармасы – 3,7 пайыз, күнбағыс майы 2,6 пайызға арзандады.
«Қызмет көрсету бойынша бағалардың өсуі жолаушылар әуе көлігінде байқалды, бір айдың ішінде ұшу қызметі 17,7 пайызға қымбаттады. Бағаның жоғарылауы шаштараз бен сұлулық салондарында – 1,5 пайыз, жерлеуге байланысты салт-жора жасау қызметтерінде – 1 пайыз болып тіркелді. Санаторий қызметтері – 1,1 пайыз, денсаулық сақтау қызметтері 0,9 пайызға қымбаттаған. Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Абай және Ұлытау облыстарында – әрқайсысында 1,4 пайыздан (орташа республикалық деңгейден 0,5 пайыздық тармаққа жоғары), ең төменгі Астана қаласында тіркелді – 0,5 пайыз», деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.