Елорда • 03 Мамыр, 2023

Жәрдемі мол жаңа орталық

333 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада тағы бір игі бастама қолға алынып, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Береке Астана» мүгедектерді дамыту және оларды оңалту республикалық орталығы ашылды.

Жәрдемі мол жаңа орталық

Аталған іс-шараға Астана қаласының мәслихат депутаты, әлеуметтік-мәдени даму жө­ніндегі тұрақты комис­сия­ның мүшесі Жандос Рах­мет, мәслихат депутаты Аза­мат Айтхожин, Сарыарқа ауда­нының әкімі Бауыржан Ера­лы, Жұ­мыс­пен қамту және әлеуметтік қор­ғау басқар­масының басшысы Илья Скуб және «Amanat» партиясының Алма­ты аудандық филиалы төрағасының орын­баса­ры Игорь Несен қатысып, қоғамдық бірлестіктің лентасын қиды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жолдауында церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету сапасын жақсарту мәселесі айтылған. Оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған шағын және орташа оңалту орталықтары желісін арттыру мәселесі айрықша тапсырылған еді. Соған сәйкес қазір еліміздің біраз жерінде оңалту орталықтары ашылып жатыр. Соның бірі – мүмкіндігі төмен балаларға арналған «Береке Астана» мүгедектерді дамыту және оларды оңалту республикалық орталығы, – деді И.Несен.

Өз кезегінде Сарыарқа ау­данының әкімі Бауыржан Ералы бар ынта-шынтасын арнап, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп жатқан барлық маманға айрықша алғыс білдірді.

– Біз үшін әрбір балдырғанның ден­саулығы мен өмірі өте маңызды. Оңалту орталық­тарының ашылып жат­қанына өте қуаныштымыз, қайырлы, құтты болсын! Балдырғандардың осы орталықтан білім алуына, дамып же­тілуіне тілектеспіз. Әрбір бала өз отаны­ның ыстық алақанын сезініп өсуі керек. Сондай-ақ әкімдік орта­лықтың жұмы­сын әрқашан қолдауға әзір екенін білдіремін, – деді құттықтау сөзінде.

«Береке Астана» балаларды дамыту және оңалту орта­лығында логопед, дефектолог, физиотерапевт, массажист қа­тарлы түрлі мамандар қызмет көрсетеді.

– Мүмкіндігі төмен балаларды тәр­бие­леп отырған көптеген ата-ана­ның жағдайы мен өмір сүру деңгейі әртүр­­­­лі. Сондықтан олар ма­ман­дар­дың еңбегін ақылы түрде пайдалануы қиын. Мәсе­лен, қазір логопед, дефекто­лог, физиотерапиялық жатты­ғулар мен массаждың ақылы қызметтері қым­бат. Осы жағ­дайларды ескеріп, ерекше қамқорлыққа мұқтаж балалар­ды қол­дау мақсатында біз А­с­тана қаласы Сары­арқа даң­ғы­лы, 48 мекенжайында мүмкіндігі төмен балаларға арналған «Береке Астана» балаларды дамыту және оңалту орталығын аштық, – дейді республикалық қоғамдық бірлестіктің басшысы Айгүл Болатова.

Айгүл Рахымқызының ай­туынша, орталық қазірдің өзінде 300-ден аса мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсетіп отыр.

– Біздің орталықтың мақса­ты – мүм­кіндігі төмен балалар­ды сәтті оңал­ту және қоғам­дық ортаға бейімдеу. Ол үшін дефектолог, логопед, пси­хо­­лог, әлеуметтік педагог, жаттығу терапиясының нұс­қау­шылары, эрготерапевт, АВА-терапевтердің қыз­мет­терін тегін ұсынамыз. Біздің орталықтың бүгін ресми ашылу салтанаты болып жатқанымен, жұмысын бұдан біраз бұрын бастап кеткен еді. Бастаған жұмысы­мызға сай қазірдің өзінде балалар жақсы нәтиже бере бастады. Олар алғашқы сөздерін айтып, алғашқы қа­дам­дарын басты. Балалардың қарым-қатынас дағдылары да жақсарып келеді, – дейді ол.

Жиынға қатысқан ата-ана­­лардың да орталыққа деген алғысы ерекше. Әсіресе, Ал­тынай Есенғабыл есімді ата-ана орталықтың алғашқы аяқ а­лысы, қызмет көрсету сапасы көңілден шығып келе жатқанын айтады.

– «Береке Астана» орта­лы­ғы ашылға­лы түрлі маман­дардың көмегіне жүгіну қиын емес. Қазір аптасына екі рет әлеу­мет­тік педагог маманы үйге келіп, бала­мыз­ға білім беріп жүр. Орталықтан мереке кездерінде балаларға сыйлықтар бері­ліп тұрады. Оның балалар үшін орны ерек­ше екенін айтып жеткізу мүмкін емес. Елімізде ерекше балаларға ерекше қамқор­лық көрсетіліп жатқанының бір куәсі – осы. Барлығы тегін, бірақ тегін бол­ға­нымен қызмет көрсету сапасы да жа­ман емес. Сондықтан орталықтағы маман­дарға алғыс айтамыз, – дейді Алтынай Болаткызы.