Кезінде Жетінші ауыл, одан соң ұзақ жылдар «Ленинский» атанған кент облыс орталығы үшін географиялық тұрғыдан аса маңызға ие. Күре жолдың бойында қанатын кең жайған елді мекеннің тарихы көне замандармен жалғасқанмен, тарихы, өлкемен байланысты тұлғалары аз зерттелген. Кент ретінде негізі 1914 жылы қаланып, Бидайық деп аталатын жерде №7 ауыл құрылады. Ал 1965 жылы пролетариат көсемінің аты берілді. Кеңес заманынан Павлодар қаласына қарайтын кентке тәуелсіздік жылдары ауылдардан көп отбасылар көшіп келді. Моңғолиядан келген қазақ отбасылары да мұнда молынан қоныстанды. Елді мекен қаладан небәрі 10 шақырым жерде орналасуы себепті, облыс орталығына келіп жұмыс істейтіндерге аса қолайлы. Сөйтіп, соңғы 30 жылда халық саны өсіп, қазақтың да қатары артты. Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде мұнда 10 050 адам тұрады. Оның тең жартысы – өзіміздің қандастарымыз. Жалпы, кент көпұлтты болғандықтан ба, оның атауын өзгерту мәселесі көпке дейін жергілікті қауым тарапынан қарсылыққа ұшырай берді. Ауыл ақсақалдары мен бас көтерер азаматтары бірнеше мәрте Қазанғап бидің атын бергісі келіп, ұсыныс жасағанымен халқымыздың өткен тарихын онша-мұнша білмейтін жергілікті жұрт бұл бастамадан үзілді-кесілді бас тартты. Әйтпесе, ХІХ ғасырда өмір сүрген орта жүздің белгілі биі, Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған Қазанғап Сатыбалдыұлының өмір жолы бұл өлкемен тығыз байланысты. Зираты да ауылдан алыс емес.
Идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген «Ленинский» атауын картадан сызып тастауға талпынған қоғам белсенділері бұл жолы кентке 6 түрлі нұсқа ұсынды. Олар – Қазанғап, Бидайық, Атамекен, Ынтымақ, Қазына және Жетінші ауыл. Қорытынды жиында Қазанғап би мен Атамекен атаулары қалып, жергілікті қауымдастықтың 50 мүшесінің 49-ы «Атамекенге» дауыс берді. Осылайша халықтың қалауы «Атамекен» болып отыр. Кент әкімі Маржан Алшымбаеваның айтуынша, қазіргі күні елді мекенде 2300 түтін бар. Мұнда елімізге танымал «Рубиком» ет өңдеу комбинаты, теміржол бөлімшесі, 2 элеватор, 1 диірмен, 3 мектеп пен 2 балабақша орналасқан. Халықтың негізгі бөлігі жергілікті еңбек ұйымдарында жұмыс істейді дегенмен, нәпақа іздеп қалаға ағылатындар да аз емес.
– Бұған дейін жер-су, көше атауларына қатысты мәселелер көтерілгенде, тұрғындар: «Ең әуелі кенттегі инфрақұрылым мен ауыз су мәселесін шешіңдер» деген талап қоятын. Соңғы үш жылда бұл мәселелер шешімін тапты. Ауылдағы барлық үйлерге орталықтандырылған ауыз су жетіп тұр, тұрғындар бір текше метр су үшін 139 теңге төлейді. Асфальт төселмеген 16 көше, жарық тартылмаған 14 көше қалды. Бұйыртса, жоспарымыз бойынша биыл кент ішіндегі жолдар 100 пайыз асфальтталып, барлық көше жарықтандырылады. Тиісті қаражат бөлініп, жұмысты атқаратын мердігерлер де белгіленіп қойды. Ауылымыздың әр жерінен балалардың ойын алаңдары, воркаут-алаңдар салынып, қаладағыдай супермаркеттер ашылуда. Өмір сүру сапасы артып келеді, – дейді кент басшысы.
Жоғарыда облыс халқы ономастика саласында жағымды жаңалықтардың жиілей түскеніне елеңдеп отыр дедік. Бұған дейін Павлодар ауданының зиялы қауым өкілдері де ауданды «Маралды» деп атау туралы ұсыныс білдірген. Аудан халқының ерік-жігерінен туған, тарихи деректерге негізделіп жасалған ұсыныс алдағы уақытта қабылданса, «Павлодар» атауы тағы біреуге кемиді. Өңірде қазіргі күні Павлодар облысы, Павлодар қаласы, Павлодар ауданы, Павлодар ауылы деген атаулар бар. Бұлар идеологиялық тұрғыдан ескірумен қатар, бір әкімшілік аумақта орналасқан. Павлодар ауданы да облыс орталығының дәл іргесінде, қала шекарасымен араласып жатқан аумақ. Болашақта тағы бір өңір қазақы атауға ие болып жатса, облыс атауын да өзгертудің жөні мен реті келіп жететіні айқын. Бұған дейін облыста Лебяжі – Аққулы, Качиры Тереңкөл ауданы болып ауысқанына куәміз. Елдің ендігі үлкен межесі – облыс атауын өзгерту.
Павлодар облысы