Енді Өзбекстанның қазіргі президенті билік орынтағына қайта сайлануға құқылы. Осы елдің БАҚ мәліметі бойынша Өзбекстанның ОСК басшысы Зайниддин Низамходжаев басты заңның жаңа редакциясын 90,21 пайыз халық қолдағанын хабарлаған.
«Референдумға шығарылған мәселені қолдап 15 040 056 адам дауыс берді, бұл – дауыс беруге қатысқандардың 90,21 пайызы. Дауыс беру ұлттық заңнамаға және халықаралық стандарттарға сәйкес өтті», деді З.Низамходжаев ОСК брифингінде.
Орталық сайлау комиссиясы басшысының ақпаратына сәйкес учаскелерге келгендердің 9,35%-ы конституциялық заң жобасына қарсылық білдірген, бюллетеньдердің 0,49%-ы жарамсыз деп танылды.
Нәтижесінде, Өзбекстан Конституциясы 65 пайызға жаңартылып, 27 жаңа бап енгізілген, осылайша баптардың жалпы саны 155-ке жетті. Заңға енгізілген өзгерістердің бірі президенттің өкілеттік мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұлғайтуды көздейді.
Сондай-ақ басты құжатта сенаторлар санын 100-ден 65-ке дейін қысқарту, парламенттің төменгі палатасының бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерін бекіту, өлім жазасына тыйым салу, ел азаматын шет мемлекетке беруге тыйым салу баптары бар. Бұған қоса Өзбекстанның негізгі заңында азаматтық қоғам институттары және олардың қызметінің кепілдіктері туралы тарау енгізілген. Ал Өзбекстан Конституциясы 1992 жылы қабылданған, содан бері елдің басты заңына 15 рет өзгерту енгізілген.
«Anadolu» агенттігінің мәліметі бойынша жалпыхалықтық дауыс беруге арналған бюллетеньде бір ғана сұрақ қойылған: «Сіз «Өзбекстан Республикасының Конституциясы туралы» Өзбекстан Республикасының Конституциялық заңын қабылдайсыз ба?». Оған «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру қажет болған. 2023 жылдың 10 наурызында Өзбекстан Парламентінің Заң шығару палатасы «Өзбекстан Республикасының Конституциясы туралы» жаңа конституциялық заң жобасын мақұлдап, республика конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдумды 30 сәуірге белгілеу туралы шешім қабылдаған еді. Өзбекстанның ОСК басшысы хабарлағандай, референдумда ешқандай заң бұзушылықтар тіркелмеген, саяси іс-шара сәтті өткен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Шавкат Мирзиёевті Өзбекстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыхалықтық референдумның сәтті өтуімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық таңдау еркінің қорытындысы Президент Шавкат Мирзиёевтің стратегиялық бағдарына өзбек халқының зор сенім білдіріп, қолдағанының дәлелі екенін атап өтті. «Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін тағы да растады», делінген хабарламада.