Қоғам • 03 Мамыр, 2023

Жердің шын иесі – шаруа

288 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыл тұрғындарының әуелгі мәселесі – жер тапшылығы. Жайылымның, шабындықтың жоқтығын айтып, құзырлы органдарға домалақ арыз дөңгелетіп жатады. Жуықта «Amanat» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының отырысы өтіп, тұрғындар тарапынан түскен бірқатар мәселе қаралды. Шешімі табылғандар да жоқ емес.

Жердің шын иесі – шаруа

Суретті түсірген автор

Былтыр Шығыс Қазақстанда заңсыз алынған немесе пайдаланылмай келген 100,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, оның 6,4 мың гектары Алтай, Зайсан, Күршім, Ұлан аудандарында тұрғындар игілігіне қайта берілді. Сәуір айының басында Ұлан ауданы, Гагарино ауылының бірқатар тұрғыны «Жер аманаты» комиссиясына ауыл іргесінен жайылым берілуін сұрап, өтініш жазған. «Өтініш жазудағы себебіміз, біз Гагарино ауылының тұрғындары ауылдың оңтүстік бөлігіне іргелес жатқан жер теліміне егін егуге қарсымыз! Себебі, бұл жер телімі ауылдағы ірі қара мал табынының жайылатын аумағы болып саналады. Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі мал шаруашы­лығы болғандықтан, бізге әрбір гектар жайылымдық жердің маңызы зор. Сондықтан, бұл жер телімінің қандай да бір мүдде­лі тараптармен егістік алқабы ретін­де пайдалануын қаламай­мыз. Керісінше, ауыл маңындағы жайылымдық жер аумағының кеңеюін құптаймыз», деп ауыл азаматтары қол қойысқан.

Малмен жан бағып отыр­ған тұрғындардың мәселесі бір­ден назарға алынып, Ұлан аудан әкімдігімен бірге «Жер аманаты» комиссиясының өкіл­дері Гагарино ауылы тұр­ғындарымен кездесу өткізді. Кездесуде де ауылдықтар хатта көрсетілгендей, жайылымның тарлығын айтқан. Рас, жаздың күні мал жаю үшін тұрғындар сай-саланы, қойын-қолатты аралап кетер еді. Биыл жайылым кеңейетін секілді. Арыз түскен соң араға екі аптадай уақыт салып, Ұлан ауданы әкімдігі жа­йылым мәселесінің шешілгендігін жеткізді.

– Ауылдың оңтүстік жағында мал жаюға 700 гектар егістік жер бө­лін­ді. Алдағы уақытта тұрақты жа­йы­лымға ауыстыру жоспарланып отыр. Ал қалған 1100 гектар егістік жер Жартас су қоймасының суа­ру жүйесіне тиесілі. Сонымен қа­тар халық­ты жайылымдық жермен қам­та­масыз ету үшін Гагарино ауылы­­­ның айналасына ауданның босал­­қы жерлерінен қосымша 1515 гек­­тар жер бөлінді, – деді Ұлан ауданы әкі­мінің орынбасары Ринат Болатқан.

Статистикалық деректерді парақтасақ, Гагарино ауылына 2620 гектар жер тиесілі екен. Оның 2200 гектары негізі учас­ке болса, 420 гектары жолақпен белгіленіп қойған. Негізгі учас­кеге ауыл тұрғындары мал жая­ды. Рұқсат етілген. Ал шағын көлдің маңындағы 625 гектар жер бос жатыр. Бұл аймақтың шығысынан Жартас өзені ағып жатса, жайылымның батысынан Құрық өзені жылжиды. Демек, шөбі шүйгін. Гагарино ауылында жалпы саны 1135 бас ірі қара, 981 қой-ешкі, 744 бас жылқы бар десек, жайылымның тарлық етіп келгені де жасырын емес. Себебі, бір бас ірі қара үшін 4,5 гектар жайылым қажет. Жылқы 5,4 гектарға жайылады. Айтқандай, былтыр Ұлан ауданы бойынша заңсыз немесе пайдаланылмай келген 21 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 558 гектары шабындық екен. Ал 5300 гектар жер ауыл шегіне қосылған.

Жалпы, мыңдаған гектар жер мемлекет меншігіне қайтарыл­ған­дығын айтып неше мәрте жаздық. Алайда сол жердің халық игілігі­не берілгендігі туралы үн қатпаған едік. Жыбырлаған саннан гөрі іс­тің шынайылығына көз жеткізбек болып, жайылымнан таршы­­лық көре жүріп, жерге қол жеткіз­ген азаматтарды сұрастырғанбыз. Солардың бірі Ұлан ауданы Бозанбай ауылының тұрғыны Алғабек Тынымхан екен. Оның айтуынша, мал саны көбейген соң жайылым жетіңкіремей мемлекеттен қосымша 500 гектар жер алған.

 

Шығыс Қазақстан облысы