Қоғам • 04 Мамыр, 2023

Судың да субсидиясы бар

370 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде халықты сумен қамтамасыз ету көрсеткіші қалаларда – 98,4, ауылды жерлерде 94,5%-ға жеткен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Индустрия және инф­ра­құрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы айтты.

Судың да субсидиясы бар

Ведомство өкілі халықты сумен қамтамасыз ету жұмыс­тары туралы айта келе алда атқарылатын міндеттерге де тоқталды. Спикердің сөзіне сен­сек, Солтүстік Қазақстан, Маң­ғыстау, Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда об­лыстарының халқы (қалаларда) сумен 100% қамтылған.

– Ал ең төменгі деңгей Жамбыл (91,9%), Қостанай (80,4%), Ақмола (89,8%) және Солтүстік Қазақстан облыс­тарының (85%) қалаларында бай­қалып отырғанын айта кеткен жөн. Осыған бай­ланысты бұл аймақтарда сумен қам­ту жұмыстарын жақсарту үшін қа­жет­­­ті қаражатты бөлу қарастырылмақ, – дейді ол.

Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, суды коммерциялық және техникалық мақсатта үнемдеп, апатты және инвестициялық шы­ғындарды азайту үшін рес­публикалық бюджет есебінен су арналарын автоматтандыру жобаларын қаржылан­дыру жоспарланған. Атап айтқанда, желілердегі судың тұрақты қысымын реттеу үшін сорғы стансаларын модельдеп, басқаруға мүмкіндік беретін барлық өндірістік үрдіске байланысты су ресурстарын есепке алудың толық кешенін қамтамасыз ету көзделген. Бұл сумен қамту және су құбыры жүйесін жаңғыртуға арналған шығындарды азайтуға септігін тигізеді.

Бұған қоса ведомство өкілі ми­нистр­ліктің ауыз суды ар­зандатуға бағытталған жұмыстары жөнінде айтты. Мәселен, Су кодексіне сәйкес мемлекеттік маңызды топқа жататын және дербес жергілікті сумен қамту жүйелері арқылы таратылатын таза су қызметтерінің құнын ішінара субсидиялайды. Яғни жер­гілікті атқарушы органдар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тарифтеріне сай 1 текше метр ауыз су­дың бағасын белгілейді. Осы арқылы тариф пен төлем көлемі арасындағы айырмашылықты мемлекет субсидия беру арқылы реттейді.

– Алайда елімізде қажетті есептеу құрылғылары бол­ған жағдайда бір адамға субси­диялаудың нор­мативтік шектеуі (Құрылыс нормалары мен ере­желеріне (ҚНжЕ) сәйкес тәу­лігіне 140 литрге дейін) бел­гіленгенін ескерген жөн. Бұл тіршілік нәріне үнемдеп қарауға бағытталған амал болып отыр. Ал суды тұтыну көлемі белгіленген нормадан асып кеткен жағдайда кез келген азамат оның ақысын тариф бо­йынша толық төлеуге тиіс, – дейді ведомство өкілі.