«Ән сүймеген өмірді де сүймейді, өзім жоқта әнім жүрсін құлақта» деген ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың жырлары халық жүрегінен терең орын алды. Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай атап өткендей, «Өлең өлкесіндегі әртүрлі әуеннің арасынан Қабдыкәрім Ыдырысовтың өз үні ерекше естіледі. Ақын шығармасын тұтастай тұжырымдағандағы байқалатын басты даралық – патриоттық рух және қазақ халқының озық дәстүріне деген құрмет».
Ақын еліміздің талай жерін аралап жүріп, әрқайсысының сұлулығын жырға қосқан. Соның ішінде Арқа даласының жер жәннаты – Баянауыл жұртының әнұранына айналған «Баянауыл вальсі» әнінің жазылу тарихы да айрықша. 1962 жылы Баянауылда жазушы Зейін Шашкиннің 50 жылдығы аталып өтеді. Сол тойда ақын Қабдыкәрім Ыдырысов ортаға шығып бір өлеңін оқиды. Өлеңде Баянауылдың табиғаты мен ерекшелігі әдемі бейнеленген. Маржандай тізілген әсем сөз жиналғандарды селт еткізді. Сол арада атақты композитор, күйші Нұрғиса Тілендиевтің өлеңге ынтасы ауып, ән жазуға бекінеді.
Концерттік кеште ақынның өлеңдеріне жазылған танымал әндер шырқалды. Бір ерекшелігі, барлық әнді сүйемелдеген Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестріне қаламгердің немересі, республикалық конкурстардың лауреаты Әлихан Ыдырысов дирижерлік етті. Әдемі кештің шымылдығын Түркештің «Көңілашар» күйімен ашқан өнерпаздар бұдан соң тыңдарманның құлақ құрышын қандырған ән мен күйді кезегімен түйдектетті. Ақынның орысшадан аударған «Әрқашан күн сөнбесін», әнін композитор Кенжебек Күмісбеков жазған «Қарқаралым», «Жұмбақбай атайдың әні», «Туған ел», «Келші, келші, балашым», «Қазақстаным менің» әндері шырқалды. Достық әнұранына айналған әйгілі «Қайдасыңдар, достарым» әні де тыңдарманды елітті.
Қабдыкәрімтанушы, журналист Нұрбол Жайықбаевтың айтуынша, 1978 жылы ақын Жазушылар одағының басшылығы атынан Павлодар өңіріндегі мерейтойлық іс-шараларға қатысқанда, онымен бірге лирик ақын Сағи Жиенбаев, атақты композитор Әсет Бейсеуов бірге жүріпті. Осы сапарда Әсет Бейсеуов Қ.Ыдырысовтың сөзіне «Туған қалам – Павлодарым» атты ән жазғаны туралы дерек бар. Көп уақыт бойы елеусіз қалған бұл ән де сахна төрінде орындалды.
ПАВЛОДАР