Қоғам • 04 Мамыр, 2023

Естай ақынға құрмет

547 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл қазақтың көрнекті әншісі, ақын-сазгері Естай Беркімбайұлының туғанына – 155 жыл. Ол қазіргі Павлодар облысының Екібастұз қаласына қарасты Қаражар ауылында өмірге келіп, аталған өңірдің Ақтоғай ауданында, қазіргі Естай ауылында дүние салған.

Естай ақынға құрмет

Ұлт өнеріне өлшеусіз үлес қосқан өнерпаздың есімін еске алған Естай ауылының жастары бірқатар шарапатты іс-шараны жүзеге асыр­ды. Дәлірек айтсақ, С.Мүт­кенов атындағы жалпы ор­та білім беретін мектепте «Ар­­дақтайық Сарыарқаның асылын» тақырыбында Ес­тай ақынның өмірбаяны мен шығармашылығына, ән­де­рінің тарихына арналған ғы­лыми жобалар сайысы өтті. Жо­ба­лар сайысында 1-орынды Гүлнар Сәрсен алса, 2-орынды Қызғалдақ Ораз­ғали еншіледі, 3-орын Ерболат Нұрбайға бұ­­йырды. Жүлделі болған оқу­­шыларды ынталандыру мақсатында Естай ауылының жастары ақшалай сый-сияпат табыстады.

Мектеп директоры Райгүл Тұрсынбайқызы шәкірттердің шабытын оятып, талабын ұш­тауға үлес қосқан Естай ауы­лының жастарына риза­шы­лығын білдірді.

«Қазақта «Туған жерге туың­ды тік» деген жақсы сөз бар. Осы бір тәлімді тәмсілді ауыз­бен айтып қана қоймай, іс жүзіне асыр­ған жастардың әсерлі әрекеті бә­рімізді сүй­сінтті. Бір кездері өзі­міздің ауыл­дан білім алып, қанат қаққан оқушыларымыздың туған жерге ат басын бұрып, бү­гінгі атқарған шаруалары ер­теңгі бал­дыр­ғандарға үлгі болары анық», деді ол.

Сонымен қатар Естай есімін ұлықтап, жастар арасында насихаттау мақсатында шағын футболдан турнир өтті. Естай Беркімбайұлының кесенесіне барып, құран бағыштаудан басталған игілікті іс-шара кешке дейін жалғасты.

Тоқсан ауыз сөздің тобық­тай түйіні, ұйымдастырылған іс-шаралардың барлығы Естай Беркімбайұлының есімін жаң­ғыртуға, ұлт жадынан өшір­­­меу­ге бағытталды.

 

Рауан ҚАЙДАР,

журналист

 

Павлодар облысы