Ярослава Шведова жетекшілік ететін 16 жасқа дейінгі қыздар құрамасы топтық кезеңнің бірінші ойынында Вьетнам теннисшілерінен 3:0 есебімен басым түссе, екінші матчта Иран құрамасын дәл сондай есеппен жеңіп, мерзімінен бұрын ширек финалға шықты. Ал топтағы соңғы матчта Жапония қыздарына 2:1 есебімен жол берді.
Жеребе қорытындысына сәйкес, отандастарымыз ширек финалда Қытайлық Тайбэй құрамасымен шеберлік байқасты. 2 сағат 34 минутқа жалғасқан алғашқы матчта Анастасия Крымкова қарсыласын 5:7, 6:3, 7:5 есебімен жеңсе, екінші бәсекеде Полина Слепцова да тайбэйлік теннисшіні 6:0, 6:2 есебімен қапы қалдырды. Сөйтіп, бұл сында да ел құрамасы мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды. Қыздарымыз жартылай финалда Аустралия командасымен кездеседі.